Бас тақырыпМәселе

«Мал өсірсең – қой өсір…»

Қазақстанда мал экспорты жөніндегі мәселе шешімін таба алар емес. Бірде тыйым салынса, бірде рұқсат беріледі. Біреулер шет елге мал сату пайдалы десе, енді бірі тиімсіз дейді. «Экспорт – баға өсуіне әкеліп соғады» дейді мамандар. Сонымен қатар, малды ет өнімі ретінде емес, тірідей өткізу де біраз мәселе тудыруда.

Ішекті де пайдаланады

«Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген қазақпыз. Әрине, қойдан тек ет емес, жүн, тері аламыз. Кезінде сүйегін де пайдаланған. Ал, қазір ше? Осы жерде айтылатын да жазылатын нәрсе көп. Мысалы, бір қойдан бәленбай келі ет алуды есептеу ғана үрдіске айналды. Бізде. Ал, шетелдіктердің малды тірідей алуы – етке тәуелділіктен ғана емес, терісіне де зәруліктен. Ол – айқын. Бір елдерде қойдың ішегін де пайдаланады. Медицинада керек екен…

Тірі малдың жаппай экспорты ет өнімдеріне бағаның өсуіне де негіз болды. Қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жұмысына да кесірін тигізген.

Осы жылдың бастапқы 4 айында Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктеріне, Өзбекстан, Бахрейн және Ресей елдеріне 538 тонна қой етін экспорттады.

Осы жерде фермерлер екіге бөлінді. Бірі қарсы шықса, бірі дұрыс деді. Қой шаруашылығы саласындағы қоғамдық ұйымдар қой экспортына тыйым салу мәселесі фермерлердің қаржылық жағдайына теріс әсер етуі мүмкін екенін жеткізіп, тыйым салуды енгізбеу жөнінде өз ұстанымдарын білдірді.

Бір күндік табысты емес, болашақты да ойлау керек деген, Қазақстанның қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев:

«Экспортты алып тастауға қарсы фермерлерді де түсінуге болады. Оңай кезең емес. Оның үстіне мына пандемия жағдайы да көңіл күйді басып, шаруаға жағаласып тұр. Қымбатшылық. Осы тұрғыдан алғанда далада жүрген шаруаның зары орынды. Бірақ, біз бір күндігімізді емес, мына өсіп келе жатқан ұрпақ қамын да тереңнен ойлауымыз керек. Қазақстанда 20 миллион қой бар дейді. Дегенмен, ресми санды Ауыл шаруашылығы министрлігі айтқаны дұрыс. Осы санды пайдаланамыз қажет жағдайда. Бірақ, тіркелмеген мал да аз емес», – дейді.

Құрғақшылық бағаға әсер етеді

Құрғақшылыққа байланысты азық бағасының өсуі де байқалды. Өйткені, шөптің аздығынан шаруалар үлкен аумақтан шөп жинауға мәжбүр, бұл жанар-жағармай шығындарын және жем бағасын арттырады. Осылайша, жемшөпті уақтылы дайындау және сатып алу мақсатында фермерлер төлдерін жазғы, күзгі кезеңдерде өткізуге мәжбүр болады. Сондай-ақ, пандемияға байланысты экспорттық нарықтар толық қалпына келтірілмеді. Авиатасымалдау құны 2 есе өсті. Сонымен қатар, кейбір өңірлерде артық қой етін экспортқа шығаруға мүмкіндік беретін заманауи сертификатталған ет өңдеу кәсіпорындары жоқ. Осыдан барып бағаға «тұсау» бола алмай қалдық…

«Фермерлер бұл қиын жағдайда тірі қойлардың экспортына тыйым салу олардың қаржылық жағдайына теріс әсер етеді деп санайды. Сатып алу бағасының төмен болуына байланысты фермерлердің мал басын күтіп-бағуға жұмсаған шығындары өтелмейді және олар мал басын ұлғайтуға мүдделі болмайды. Қазіргі уақытта Қазақстанда Ауыл шаруашылығы министрлігі және Қаржы министрліктерінің бірлескен бұйрығына сәйкес аналық ұсақ мүйізді мал басын шығаруға тыйым салынған. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі қой шаруашылығын дамыту үшін арнайы мемлекеттік көмек көрсетілетінін хабарлаған болатын» дейді мамандар.

Экспортқа – квота

Елімізде асылдандыру жұмыстары, асыл тұқымды мал басын сатып алу, бордақылау алаңдарына немесе етті қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілген қошқарлардың құны, сондай-ақ, шаруашылықтарда және ауыл шаруашылығы кооперативтерінде аналық мал басын қолдан ұрықтандыру жөніндегі қызметтер субсидияланады.

Бұл жерде арнайы құрылған ведомстволық комиссияның сөзіне де құлақ салдық. Олар болса: «Тараптардың айтқан уәждеріне сай, тірі қойдың экспортына толық тыйым салу мәселесі ертерек деп санаймыз. Талқылау қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы жылдың күзінде қой етін өндіру және сату секторының теңдестірілуін қамтамасыз ету мақсатында тірі малды экспорттауды квоталау тетігін енгізу тапсырылды» дейді.

ТҮЙІН

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша ұсақ мал басы 1 маусымда 27,1 миллионға жеткен. Айта кету керек, жыл сайын республикада 172,4 мың тонна қой еті өндіріледі. Ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 100,7%ды құрайды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button