Жаңалықтар

Мал дәрігерінің мәртебесі қайда?

Мал дәрігерінің Кеңес кезіндегі мәртебесі келмеске кеткендей. Өйткені, ветеринар маманының бейнеті қалың, жалақысы мардымсыз. Сондықтан болар, бұл мамандықты таңдайтындардың қатары сиреп барады. Бұл – жер-жердегі мәселе. Мәселен, біздің аймағымызда 100-ге тарта мал дәрігері жетіспейді. Мемлекет басшысы ветеринария саласын реформалау мен цифрландыру қажеттігін өз Жолдауында қадап айтқан болатын. Алайда, аталған саланың айналасында шикіліктің көптігі болар, кадр тапшылығы көп шаруаның шешілуіне жүйелі түрде кедергі болып отыр.

Сурет mugalzhar.kz

Қарағанды облысы ветеринария басқармасының мәліметінше, 900-ге жуық ветеринарлық маман бар көрінеді. Ал бос жұмыс орнының саны 97 екен. Салыстырмалы түрде саралап көрсек, шамамен бір ауданда мал дәрігері жоқ деген тұжырым шығады. Зейнетке шыққан және зейнет жасына жақындаған 34 ветеринарлық дәрігер қызметін әлі жалғастырып келеді. Себеп біреу – маман жоқ.

– Шынымен де, маман тапшылығы тұтас бір саланы тығырыққа тіреп отыр. Жалақының төмендігі, оқу мерзімінің ұзақтығы (басқа мамандықтармен салыстырғанда бакалаврдың оқу мерзімі – 5 жыл), жұмыстың ауырлығы ветеринар мамандығының мәртебесін төмендетіп келеді. Осы мәселелерді шешу үшін облыс басшылығы мамандардың жалақысын көтеруге бағытталған бірқатар шаралар қабылдады. Ауылдық жерлерде жұмысқа орналасу кезінде «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы шеңберінде жас мамандарға жеңілдетілген тұрғын үй несиелері мен көтерме жәрдемақылар беріледі, – дейді ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайырбек Тұрсынбеков.

Жалақысының да есебін шығарып көрелік. Жалпы, мал дәрігерінің айлығы ауылдағы ең төмен жалақы ретінде саналады. Қауіпті еңбек жағдайы үшін қосымша 35-50 пайыз үстемақысын қоса есептегенде, ветеринарлық дәрігер 200-210 мың теңге қолына алады. Ал ветеринарлық фельдшердің жалақысы – 180 000 теңге, ветеринарлық санитардікі – 150 000 теңге.

– Жасыратыны жоқ, осы бір мардымсыз жалақы үшін жастар таңнан кешке дейін малдан қан алып, таңбалап, сырға салғысы келмейді. Енді-енді Үкімет тарапынан да жалақы өсіру мәселесі қозғалып отыр. Егер, мал дәрігерлерінің еңбегіне сай 350-400 мың теңге жалақы төленетін болса, онда кадр тапшылығы шешіліп қалар деген ойымыз бар, – дейді Қайырбек Серікұлы.

Еңбек ардагері, ветеринария саласында 45 жыл қызмет атқарған Аманжол Түсіпбаев «Мал дәрігерінде жауапкершілік бар, мәртебе жоқ» деген пікірімен бөлісті. «Мал шаруашылығында тікелей еңбек ететін ветеринарлардың есіл еңбегі – көзге көріне бермейтін маңызды майдан», – дейді ардагер ветеринар.

– Ұзақ жылғы еңбек жолымда қысы-жазы малдың соңында жүріп, жұқпалы індетпен күрескен күндер көп болды. Халық біле бермейді, ветеринар маман тек ауырған малды емдемейді. Адамға жұғатын аса қауіпті аурулардың алдын алушы, елдің азықтүлік қауіпсіздігінің кепілі. Соған қарамастан, ветеринария саласы жыл өткен сайын шетқақпай көріп келеді. Қазіргі таңда мал дәрігерінің мәртебесі түкке тұрғысыз күйде. Неге? Біріншіден, ветеринарлардың иығына артылатын жауапкершілік – өте ауыр. Бруцеллез, сібір жарасы, құтырма секілді зоонозды аурулар – тек малға ғана емес, адам өміріне де қауіпті. Осындай ауру тараған жағдайда ең алдымен, майданның алдыңғы шебінде тұратын – ветеринарлар. Алайда, жалақысы төмен. Кейбір елдімекендерде арнайы киім, заманауи құрал-жабдық, көлік мәселесі шешілмегені және бар. Елде мұғалім мен дәрігердің мәртебесі заңмен қорғалады. Ал мал дәрігері ше? Қысқасы, маман жетіспеушілігі ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп айтуға болады. Егер ветеринарлық жүйе әлсіресе, ол мал шаруашылығына, демек, ауыл экономикасына, тіпті экспорт әлеуетіне де әсер етеді, – деп, мал дәрігері мәртебесінің көп жағдайға ықпалы зор екенін айтады Аманжол Түсіпбеков.

Жастардың бұл мамандықты оқуға да ынтасы азайып отыр. Мәселен, былтыр Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауылшаруашылық колледжінде ветеринария мамандығы бойынша 12 түлек қана диплом алған.

– Қазір солардың 7-еуі ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Сол себепті, талапкер жоғына байланысты күндізгі оқу бөлімі ашылған жоқ. Сырттай бөлімге ғана 12 талапкер қабылдадық, – дейді колледж директоры Арғын Елеусізов.

Ал Абай көпсалалы колледжі директорының міндетін атқарушы Юлия Аглиулинаның айтуынша, былтыр аталған оқу орны 24 ветеринар маманын оқытып шығарыпты. Оның 18-і дипломмен еңбек етіп жүрген көрінеді. Ал биыл бұл мамандыққа 26 студент қабылданған.

Мал дәрігері тапшылығын жою тек мамандарды толықтырумен шешілмейтінін, жалпы ветеринарлық қызметті Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамынан алып, жеке құрылым ретінде қалыптастыру қажеттігін айтады агросарапшы Ниқанбай Омарханов.

– Бұл мәселеде көп түйткілді сұрақтар бар. Жалпы ветқызметті ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамынан алып, Президентке бағынатын жеке құрылым қылып құру керек. Ол үшін жергілікті әкімдердің құзыретін көтеру, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң, мал санағын міндеттеу, елдімекендерде мал ұстау нормативін енгізу, әр ауылда мал сою пунктін ашу, мал бағымын бақылау функциясы, жайылымдық жер заңына өзгеріс, учаскелік полиция өкілеттігін көтеру секілді сұрақтар қоса шешілу керек деп ойлаймын. Ветеринарлық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту, тұрғын үйі, жұмыс орны, көлігі, арнайы киімі, еңбек ақысы, әлеуметтік жағдайы – өз алдына. Мал дәрігерлеріне меншік түріне қарамастан, барлық мал ұстаушыларды тексере алатындай және әкімшілік хаттама толтыратын өкілеттік беру керек. Жалпы, ауыл шаруашылығында тәртіп жоқ қазір. Қатаң тәртіпсіз болмайды. Ол үшін әкімдер мен мәслихаттар өкілеттігін күшейтпесе болмайды, – дейді Ниқанбай Иманғалиұлы.

Ауылдағы мал дәрігерлерінің телефоны дамыл таппайды. Бірі «жылқым жарақаттанып қалды» деп хабарласса, енді біреуі сенбі-жексенбі, күн-түнге қарамай анықтама жазып беруін өтінеді. Көктем қалай шығады, елдің қорасынан да шықпайтын – мал дәрігерлері. Осындай еңбегі адал мамандардың маңдай терінің өтеуін лайықты төлейтін және мәртебесін қайтаратын кез жетті.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button