Макаров – мықты!
Теміртауда пауэрлифтингтен Азия кубогы өткен болатын. Осы бәсекеде бақ сынаған теміртаулық жаттықтырушы Александр Макаров жеңімпаз атанды. Әрі Азия мен Еуропа рекордын жаңартты.

Жерлесіміз әуелі әскери тәсілмен жатып, штанга сығымдау әдісі бойынша 187,5 келіні, снарядты бицепске көтеріп тартудан 115 келіні бағындырған. Бұған дейінгі рекорд – 112 келі еді. Ал, спортшы жасы 50-ге таяп қалса да, үздіксіз дайындықтың нәтижесінде осындай жетістікке жетіп отыр. Өзі бұл спортқа 20 жыл бұрын ғана келіпті. Спортзалға тек хобби үшін келген әуесқой спортшы бүгінде әлемді аузына қаратқан чемпионға айналды.
– Жылдар өткен сайын дағды қалыптасады. Қалай және не істеу керектігін түсінесің. Сол уақытта бәрі жеңілдей түседі. Жаңа, экстремалды салмаққа өту қиын. Бірақ, дағды болса, еш қиындықтар туындамайды. Мен осы спортқа келгенде жасым 30-дан енді асқан еді. Бойым – 181 см болса, салмағым небәрі 63 келі болған еді. Ал, маған генетикалық тұрғыда өзіме күш түсіретін спорт түрлерімен айналысу қиындық тудыратын. Бірақ, соған қарамастан өзім үшін залға бардым. Кейін жаттықтырушы болып қызмет атқардым. Сол уақытта бірнеше чемпион шығардым, – деді Александр Макаров.