Майталмандар тұлғасын сомдаған Мақсұтбек Майшекин
Орыс патшалығының отарындағы қазақ елі кеңес билігі орнағаннан кейін, тәуелсіздікке қолы жетпесе де, коммунистік империяны құраған одақтас республикалардың бірі атанып, дербес мемлекеттің сұлбасын құраған кезде оның мәдениеті өркендеп, ұлтық өнері дамуына үлес қосқан жампоздардың бірі – ақын, драматург, өнер зерттеуші Мақсұтбек Майшекин.

Біздің қолымызға жеткен деректерде Мақсұтбек Майшекин 1897 жылы 1 қаңтарда бұрынғы Қарқаралы уезінің Қу болысында дүниеге келгені айтылғанымен, қайда оқығаны, білім деңгейі жайлы нақты мәліметтер жоқ. Бірақ, атқарған қызметіне, соңында қалған мұрасына қарағанда әжептәуір сауаты бар адам болғаны аңғарылады. Ол жиырма жасынан бастап қызметке ілігіп, кеңес мекемелері мен кәсіпорындарында еңбек етіпті. 1941-62 жылдары Қазақ радиосында редактор қызмет атқарған ол Ахмет Жұбанов Қазақ КСР Ғылым академиясына ауысқаннан кейін, радионың музыкалық редакциясын басқарады. Мақсұтбек Майшекиннің қазақ өнері, халық әнші-композиторларының өмірі мен шығармашылығы, т.б. тақырыптарға жазған зерттеу мақалалары осы кезеңде жарық көрді десек, көп қателеспейміз. Ол «Жылдар жемісі» (1957), «Көркемөнер шеберлері» (1959), «Жүсіпбек Елебеков» (1964), «Жаяу Мұса» (1966), «Портреттер» (1969), «Қалибек Қуанышбаев» (1972) деген очерк кітапшалардың авторы. Оның жазбалары деректерінің нақтылығымен, шұрайлы, көркем тілімен, әсіресе қазақ мақал-мәтелдерін орынды да молынан қолдануымен ерекшеленеді. Мақсұтбек тамаша ақын. Соның ішінде, жүзге жуық әнге жазған мәтіндерінің («Біздің ән», «Шаттық әні», «Жастар», «Кең дала», «Орденді Қазақстан», «Тыңға сапар», «Бәрінен де сен сұлу», т.б.) орны бөлек. Осы арада атап көрсететін бір жағыдай, кеңес билігі тұсында қазақтың халық әндері мен бұрын жасаған композиторларының шығармалары саяси тексерістен өткізіліп, коммунистік идеология мен орыс халқының мүддесіне қайшы келетін ән-күйлерді орындауға тиым салынған. Бірсыпыра әндердің мәтіндерін қайта жазуға тапсырма берілген. Сөйтіп, сол тұстағы ақындар, оның ішінде Иса Байзақов, Мақсұтбек Майшекин және басқалар бірсыпыра әндердің сөзін қайта жазды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін белгілі композитор, жазушы, музыка зерттеуші Илья Жақановтың «Жоныпалды» эссесінен үзінді келтірейік:
«Біржан салдың отты шабытын жасындай жарқылдатып, ұланғайыр дала тынысындай еркін шалқитын «Жоныпалды» сонау отызыншы, қырқыншы жылдарда неше түрлі түртпекке түсті. Өзінің о бастағы сөзінен ажырап қалды. Есіл ән сол кездегі идеологияның солақай саясатына еріксіз көнген Иса Байзақовтың:
Өлеңді айт дегенде тасып берем,
Мергендей көзден түзу атып берем.
Ағалар басын қосқан мәжілісте,
Әніне «Жоныпалды» басып берем.
Айтылса, көп өнердің қоры бар-ды,
Мақамын келтіретін жері бар-ды.
Айтылған сол көп өлең мақамынан,
Аты бар бұл әнімнің «Жоныпалды», – деп келетін жеңіл-желпі сөзімен біраз айтылып жүрді. Келе-келе «Жоныпалдыны» сұңқардай саңқылдататын Жүсіпбек Елебеков бұл сөзді айтудан бас тартты. Жүсіпбек өзі ерекше қадірлейтін Исаның әлгі сөзімен айтпай қойғаннан кейін радионың сол кездегі бас редакторы Мақсұтбек Майшекин (1939 жылы радиода музыка редакциясы құрылды. Бас редакторы болып Ахмет Жұбанов, орынбасары болып Мақсұтбек Майшекин тағайындалды. Кейін Ахмет Жұбанов Қазақ ССР Ғылым академиясына ауысып, бас редактор боп М.Майшекин қалған еді) «Жоныпалдыға»:
Аты еді бұл әнімнің «Жоныпалды»,
Алғандай сұлу жонып өрім талды.
Жасымнан сүйіп айтқан ән болған соң,
Жаңылмай әлі күнге есте қалды.
Жан едім әсем әнді сүйіп айтқан,
Жағымды көпке бірдей, жұрт ұнатқан.
Келетін нақысына жүз құбылтып,
Кейде өрлеп, кейде шалқып, баяулатқан.
Кім сүймес көкке өрлеген әсем әнді,
Көңілдің күйін шерткен көркем сәнді.
Болғандай бойға – қуат, ойға – азық,
Балқытып еріткендей тербеп жанды, – деп, жаңа сөз жазды. Ән құдіретін қапысыз танитын зердесі мен кірпияздығы, тәкаппарлығы ешкімде жоқ, талғамы биік, ой-өрісі кең, паң көкірек Жүсіпбек Майшекиннің бұл сөзіне де иліге қоймады. Майшекиннің діттеген мақсаты – «Жоныпалдыны» өлтірмеу! Жүсіпбекпен әр сөйлескен сайын: «Менің ақындығымды менсінбесең де, Біржан салдың аруағына тоқтағаның жөн. «Жоныпалды» көшкен елдің ошағында қалған қоламтадай бықсып-бықсып, бір күндері мүлде сөніп қалып, ұмытылса, ең алдымен өз жүрегің күйзелтеді сені, жаныңды жеп. «Жоныпалдыны» айта алмай зарығасың, құсалы боласың, Жүсеке. Өлтірмейікші, «Жоныпалдыны», – дей берді. Буынсыз жерге пышақ ұрғандай болған Майшекиннің осы сөзіне Жүсіпбек амалсыз көнді. Сөйтіп, «Жоныпалдыны» Майшекиннің сөзімен айта бастады. Жүсіпбектен кейін басқа әншілер, елдегі Мәдениет Ешекеев секілді өнерпаздар еш талғаусыз іліп әкетті. Солай айтылумен келеді».
* * *
Сөзімізді дәйектеу үшін ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Мағжанға барар жолда» деген естелігіне назар аударайық. Оның бір бөлімі «Сен сұлудың» сыры» деп аталады:
«Бұдан жиырма бес жыл бұрын, бірде бөлмедегі радиодан беріліп жатқан әнге құлақ тосып отырып, белгілі ақын Сағи Жиенбаев ағамыздан:
– Осы «Бәрінен де сен сұлу» деген Шәмшінің әнінің сөзі Майшекиндікі емес, Мағжандікі екені рас па? – деп сұрадым.
– Рас деуге де, демеуге де болады, – деді ол кісі. – Деуге болатыны –Мағжанның дәл осындай атақты өлеңі бар, деуге болмайтыны – сол өлеңді Мақсұтбек ақсақал көшіріп алмаған. Ықшамдап, әнге лайықтап, буынын өзгертіп, қайта жазып шыққан. Мағжанның өлеңі он бір буынды:
Білем анық жанға жайлы Май сұлу,
Жарқ-жұрқ еткен майда нажағай сұлу.
Қызықты орман, көңілді еркін кең дала,
Күміс табақ көкте жүзген Ай сұлу.
Кешкі ескен жібек жылы жел сұлу,
Хош иісті түрлі-түсті гүл сұлу.
Әдемі аспан – төбедегі көк шатыр,
Асқар тауы, дариясымен жер сұлу.
Сылқ-сылқ күліп, сылдыр қаққан су сұлу,
Көлге қонып, қаңқылдаған қу сұлу.
Бейне айнадай жарқылдаған айдыннан
Күн шығарда көтерілген бу сұлу.
Шаңқай түсте өткір алтын күн сұлу,
Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу.
Толып жатыр түрлі сұлу дүние,
Бәрінен де маған, сәулем, сен сұлу!
Ал Мақсұтбек Майшекиннің «Бәрінен де сен сұлуы» сегіз-ақ буыннан тұрады. Сенбесең, салыстырып көр. Айтары бір болғанмен басқа өлең.
– Бәрібір қайталау ғой. Плагиатор! «Жиендіктің» нағыз өзі. Міне, қараңызшы:
Жаз күнінде жайнаған
Масатыдай жер сұлу.
Аққу-қаздар тойлаған,
Айдын шалқар көл сұлу.
Нұрын төккен қырмызы
Аспандағы күн сұлу.
Жымың қаққан жұлдызы,
Айлы кеште түн сұлу.
Тәрбиелі, тамаша
Бал мінезді жар сұлу.
Таңданарлық қараса,
Талай абзал бар сұлу.
Өзгеден де ең сұлу,
Өмірлік дос тең сұлу.
Өзім сүйіп ұнатқан
Бәрінен де сен сұлу!
…Бұл – бар болғаны ана өлеңнің көлеңкесі, екінші нұсқасы. Плагиат! Осы ұрлығы түбінде ашылады деп қорықпай ма? Жазықсыз атылып кеткен жанның еңбегін қымқырғандардың өзін де құрту керек қой! – дедім мен қызбалана.
– Тым қатты кеттің ғой. Сен мына түріңмен қазақ ақын-жазушыларының жартысын қырып саларсың. Тәк-тәк-тәк… Безобразие, – деп Сәкең әзілге бұрып, сырбаз жымиысына салды.
– Сонда немене, өстіп, «өзі жоқтың көзі жоқ» деп, біреуіміз Сәкеннің «Сыр сандығын», екіншіміз Ілиястың «Құлагерін» иемдене берсек не болғаны? Әншейіндегі тырнақ астынан кір іздеген қырағы сыншылар осындайда қайда қарайды?
– Ақталмаған адамға ешкім араша түсе алмайды. Екіншіден, «айтып істеген ұрлық – ұрлық емес» деген бар. Кімді болсын жөн-жосықсыз кінәлай салу, сыртынан соттау оңай. Майшекин деген мықты ақын болмас, тіпті ақын да емес шығар, бірақ жақсы адам болатын. Білуші едім. Көп жылдар бойы Қазақ радиосының музыка редакциясын басқарған. Ол: «Бұл – Мағжанның атақты өлеңі, Мағжанның өзі ақталмаса да, өлеңін ел айтып жүрсін деген ниетпен мұны Шәмшінің әніне арнап әдейі қайта жазып, өз атымнан тараттым, тағдыры арашаланған кезде басын ашып, иесіне қайтарамын», – деп, ешбір жасырмастан үнемі айтып жүретін. Және ол жарықтық «Мағжан түбінде ақталады» деуден танбай кетті. Сондықтан ән жинақтарында «сөзін жазған М.Майшекин» деп тұрғанымен бұл өлеңнің негізгі сарыны Мағжан Жұмабаевтікі екенін басқаны қойып «үш әріпке» дейін түгел біліп болған шығар. Жағдай осындай. Ақталмаған адамның аты да аталмайды. Литода қара тізім тұр. Қағып тастайды. Заманның беті біртіндеп бері қараса, Мағжан да қайта оралар. Мен бұл жерден ешқандай ұрлық, «жиендік» көріп тұрған жоқпын. Таза ниеттен туған ғой. Меніңше, Мағжаннан сөз ұрлағандар басқа бір «мықтылар» ма деймін. Ақталуына жан-тәнімен қарсы болып жүргендер солар сияқты. Әйтпесе Мағжанның кімге зияны келеді? – деп Сағи аға ми-ықтан жымиып қойды.
Сол күннен бастап, марқұм Мақсұтбек Майшекин деген ақсақалға көзқарасым түзеліп, ішім жыли бастады. Бұрын атын естісем жиырылатын едім. Әндер мен әншілер жөнінде жазылған шағын кітапшасын да оқып шығып, оның өнерге деген іңкәр жүрегін түсінгендей болдым».
Қу – Қарқаралы өңірінен ерте кеткенімен, Мақсұтбек аға елден қолын үзбеген тәрізді. Бұған бұрынғы Қу ауданы Егіндібұлақ атауымен 1965 жылы қайта құрылып, сол жылдың ортасынан «Ленин туы» газеті шыға бастағанда редакциямен хат-хабар алмасып, қазақ өнері, оның Сарыарқадағы өкілдері жайлы шығармалары жарық көріп тұрғанын сол жылдары шыққан басылым тігінділерін парақтағанда куә болдық.
Қазақ өнері қайраткерлерінің тұлғасын сомдауға және ұлттық музыка мәдениетін насихаттауға мол үлес қосқан зерттеуші һәм ақын Мақсұтбек Майшекин 1971 жылы 17 желтоқсанда, Алматы қаласында қайтыс болды.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ
“Ortalyq Qazaqstan”



