Майталмандар мерейі тасыған күн
Мәдениетсіз қоғамның толыққанды өмірі мен дамуы мүмкін емес. Азаматтық қоғамның, өңірдің өзге де салаларының қалыптасуына ерекше ықпал етіп, екпін беретін, арқа мәдениеті мен өнерінің дамуына, рухани байлығының еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосатын мәдениет және өнер қызметкерлері кәсіби мереке қарсаңында, яғни, 21 мамырда жыл сайын облыс әкімінің «Алтын қобыз» сыйлығымен марапатталады. Бірақ, биыл еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мәдениет және өнер саласының үздік қызметкерлеріне құрмет көрсету салтанаты кейінге қалдырылған болатын. Кеше, яғни, 30 қыркүйекте аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің үздік мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттап, адамгершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өзгертуге жол ашқан, мәдени дәстүрлерімізді сақтауға және нығайтуға үлес қосып жүрген еңбектеріне табыс тіледі.
– Бүгінде Қарағандылық өнер иелерінің туындылары облыс тұрғындарының ғана емес, бүкіл еліміздің игілігіне айналуда, – деген аймақ басшысы, сондай-ақ, Николай Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымын 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Аймақ басшысы Түркияның Анкара қаласында күйші Тәттімбет ескерткішінің ашылуы мәдени мұрамызды ілгерілетудегі тағы бір жарқын оқиға екеніне тоқталды. Ал, Мақсат Ахановтың Астанада «Алтын домбыра» республикалық айтысындағы жеңісі де өңіріміздегі мәдени саланың жетістігін көрсететінің дәлелі.
Ермағанбет Бөлекпаев өнерімен жұртты сүйсінтіп, әлеуметтік желілерде танымал болып келе жатқан жас орындаушыларға да тоқталды.
– Облыстың мәдени өмірі дамып, көркеюі үшін оны институционалды түрде дамытып, тиісті инфрақұрылымды құру қажет. Бүгінде ауылдық мәдениет үйлерін көркейтіп, көркемөнерпаздар ұжымдарына қолдау жасаудамыз. Іске асырылып жатқан бұл жұмыстарымыздың жемісін әр қалада, ауылда ұйымдастырылатын концерт пен көрмеде көре аламыз. Бұл ретте мәдениет орындарының әсіресе, ауылдық жерлерде, барлық жастағы адамдар үшін өзінің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік туғызатын орталықтарға айналғаны маңызды, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Облыс басшысы өлкеміздің мәдени мұрасын сақтауға және дамытуға қосқан үлестері үшін мәдениет және өнер қызметкерлеріне адал аудитория мен ынталы көрермен тіледі.
Сонымен, биылғы жылдың қорытындысы бойынша, «Жыл әртісі» аталымында Теміртау балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Айдар Мұқашев пен Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі Гүлнара Базарбаева үздік деп танылды.
Ал, Константин Станиславский атындағы орыс драма театрының әртісі Александр Тисен болса, «Үздік эпизодтық роль» аталымында жеңіске жетті. «Жылдың үздік театр режиссері» – Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Айдын Салбанов пен Теміртау балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Владимир Дроздецкиге бұйырды.
Балқаш қаласының мәдени-демалыс орталығының мәдени ұйымдастырушысы Жанболат Ұзақбай «Жылдың эстрада жанрының вокалисі» атанса, Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің дәстүрлі ән өнерінің көркемдік жетекшісі Дәуренбек Әркенов «Халық әнін үздік орындаушы» аталымын жеңіп алды.
«Жылдың үздік аспапшысы» аталымы екі қызметкерге бұйырды. Бірі – Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестрінің әртісі Наталья Киндсфатер болса, екіншісі – Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының аспапшы-әртісі Татьяна Беккер.
«Жылдың үздік аспапшы-солисі» – Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының аспапшы-әртісі Валентина Гончарова болса, «Жылдың үздік дирижері» ретінде Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің джаз оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Игорь Андрейченко танылғанын айту керек.
Ал, Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің «Нұрби» хореографиялық ансамблінің жетекшісі Нұрлан Мұхатаев пен облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының «Қуаныш» үлгілі хореографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі және хореографы Айман Тойболдина «Жыл хореографы» атанса, Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Аққу» хореографиялық ансамблінің балет әртісі Кәмилә Жағыпарова «Балет және хореографиялық ұжымның үздік әртісі» аталымына лайық деп танылды.
«Көркемөнерпаздар ұжымының үздік жетекшісі» Света Супьяноваға бұйырды. Ол Саран қаласы Ақтас кентінің мәдени-демалыс орталығының «Ақ Шаңырақ» қазақ халқының әдет-ғұрыптарын жаңғырту жөніндегі бірлестігінің басшысы.
Ал, Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ кентінің мәдени-демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Еркінбек Қорабаев «Демалыс уақытын үздік ұйымдастырушы» аталымында жеңіске жетті. «Ауыл мәдениетінің үздік қызметкері» ретінде Осакаров ауданының мәдени-демалыс орталығының музыкалық жетекшісі Сайран Атретхан болса, «Ауылдың үздік кітапханашысы» атағына Бұқар жырау ауданының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ақпараттық-библиографиялық секторының меңгерушісі Ботакөз Рахимова лайық деп танылды. Дәл осылай «Үздік кітапханашы» аталымына Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының облыс кітапханаларын дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Қарашова мен Қарқаралы аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Алтынай Искакова лайық деп танылды.
«Алтын жолақ» аталымы Мәдениет қайраткері, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанның еншісінде. Айтыскер ақын, термеші Нұрмұхаммед Байсүгіров болса, «Үздік айтыскер» аталымында үздік.
Нұра ауданы мемлекеттік мұрағатының цифрландыру және мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Вадим Цой «Үздік мұрағатшы», ал, әнші, Теміртау мәдениет сарайының «Дарын» қазақ вокалдық эстрадалық ансамблінің жетекшісі Жанна Хасенова мен Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестрінің әртісі Олег Семченков «Мамандығына адалдығы үшін» аталымында үздік шықты.
Сондай-ақ, осы күні Мәдениет саласы қызметкерлерін құттықтаған облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов Қарағанды облысы елімізге табиғи байлығымен ғана емес, дарынды ұл-қыздарымен де танымал екеніне тоқталды. Мәденит пен руханиятты ғасырдан-ғасырға жалғап келе жатқан, ұлт жүгін арқалаған ұлы тұлғаларға алғысын білдірді.
Сонымен, облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы сахна сыртында қызмет ететін еңбек адамдарын тоғыз аталым бойынша марапаттап, ақшалай сыйлықтар табыстады. Олардың қатарында сахналау жұмысы бойынша үздік маманнан бастап, үздік техник-маман, үздік сахна безендіру, үздік мультимедиа маманы, тарих сақшысы және тағы басқа да қызметкерлер бар.
Сондай-ақ, облыстың мәдениет және өнер саласының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және осы ведомствоның Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталғанын айту керек.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz