Жаңалықтар

Майталмандар мерейі

Адал еңбек адамды табысқа жеткізіп, бақытқа бөлейді. Шағын шаһарды еңбекпен көркейткен адамдар қаншама?! «Бұл – менің екінші үйім» деп өндіріс орнына ерекше құрметпен қарайтын Балқаш кен-байыту фабрикасындағы ұнтақтау цехының тынысымен таныстық. Бірлігі жарасқан өндіріс ошағында көп жылдар бойы жұмыс істеп, өзгелерге үлгі болған мамандарды әңгімеге тарттық

Конвейер машинистері Гүлбаршын Мұсатаева мен Саягүл Алдажарова

Алдымен Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақтау цехының басшысы Бақтияр Нұржановқа жолықтық. Білікті басшының айтуынша, мұнда жауапкершілігі жоғары еңбек ұжымы өздерін жан-жақты танытып келеді.

– Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақтау цехында 192 адам еңбек етеді. Жоспарды жүйелі түрде орындаймыз. Айына 530 мың тонна өнім береміз. Ал, тәулігіне 18 мың тоннаны игереміз. 3 ауысым жұмыс жасайды. Байыту фабрикасының ұжымы кәсіпорынның тұсауы кесілген кезден бастап, күні бүгінге дейін негізгі және көмекші жабдықтарды жаңғыртуда қажырлы еңбек етіп келеді. Жөндеу қызметі де жетілдірілу үстінде. Күрделі және жоспарлы алдын алу, жөндеу жұмыстарын жүргізудің жеделдетілген тәсілдері өндіріске енгізілген. Қазір жаңа құрылғы орнатып жатырмыз. Бұрынғы ұнтақтау машиналары сағатына 350 тоннаны игерген болса, кейінгі іске қосылатын машиналар сағатына 500 тоннаны игере алады. Бүгінде цехқа өнім кеніштер Шатыркөл, Саяқ, Қоңырат, Ақжал, Аршалы, Нұрқазған сынды облысымыздың барлық аумағынан келеді, – дейді Бақтияр Нұржанов.

Бұдан кейін Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақтау цехының бас инженері Серік Амантайұлы мен ауысым шебері Қайырбек Калиоллин жұмыс барысымен таныстырды. Олардың мәлімдеуінше, қазір кәсіпорын негізінен Саяқ пен Шатыркөл, Қоңырат кеніштерінің кенін байытады.

– Дәл қазір бүгінгі ауысымда 23 адам жұмыс жасап жатыр. №3 ауысымда нағыз мықты мамандардан шоғырланған. Шаң мен тозаңның ортасындағы жұмыс болған соң оңайға соқпайды, – дейді ауысым шебері Қайырбек Райымбекұлы.

Жұмыс барысында білім мен тәжірибесін өндірістің өсіп-өркендеуіне жұмсаған Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақтау цехының конвейер машинисі Саягүл Алдажарованы да әңгімеге тарттық. Өндірісте табан аудармай жұмыс жасап жатқанына 25 жылдың жүзі болыпты. Өз білгенін өзгелерге үйретуден жалықпайды. Өз кәсібінің майын ішкен. Ғабит Тасболатов, Нұржанат Амантай, Ринат Дауылбаев бастаған шәкірттері мықты маманға айналған.

Цехтағы қажырлы еңбеккердің бірі – ұнтақтау цехының конвейер машинисі және басқару пультінің операторы Гүлбаршын Мұсатаева. Өндірістің бел қайыстырар бейнетіне мойымай еңбектің қазанында қайнап, жұмыс жасағанына 26 жыл болған. Әріптестері жұмысқа төзімді, ісіне адал жанның еңбегін айрықша бағалайды.

Осындай мақтаулылардың бірі – металл ұсатқыш Сейілхан Нұрлыбаев. 55 жастағы шебер өз ісіне қызығатын, жауапты жұмысшыларды топтастырып, еңбекке баулыған екен. 1997 жылдан бері аталмыш цехта еңбек етіп, тер төгіп келеді. №3 ауысымның қазіргі бригадирі Ердос Сейсекей де Сейілхан ағаның төл шәкірті. Мектеп бітірген жастардың көбі зауытта еңбек етуді армандайды. Арманы ақиқатқа айналған жас мамандардың бірі – Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақтау цехының конвейер машинисі Нұржанат Амантай. Бұл жұмысқа орналасқанына екі жыл болса да көп дүниені үйреніп, меңгерген. Оны еңбек пен ізденіс жетістікке жетелеген. Жұмысты жастарға үйретуді парыз санайтын ұстазы Саягүл Алдажароваға дән риза. «Осы жұмыс – нәсібімді тауып отырған жерім. Сондықтан, жұмыстың қыр-сырын меңгеріп, жанымды сала еңбек етуді парызым деп санаймын», – дейді Нұржанат Амантай.

Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақтау цехының №3 ауысым бригадирі Ердос Сейсекей еңбек өнімділігін арттырудың, пайдалы тұстары мен сапа көрсеткіштері жайлы баяндады. Ол 19 жасынан бастап осы салада шыныққан. Табанды, намысқой азамат ең[1]бекқорлығының арқасында әріптестерінің сеніміне ие болған. Еңбек даңқын асырып, жақ[1]сылыққа жол ашқан жандар – қашан да елдің мақтанышы. Оларға қарап, қарапайым жастар бой түзейді десек, өндірісінің қуатымен танылған Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақтау цехының келешегі үлкендерінен үлгі алған өрендермен жалғаса берері анық.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button