Майталмандар – марапат биігінде
Нұра ауданында Ауылшаруашылығы қызметкерлері күні кең ауқымда аталып өтті. Астықты өңірдің ең үздік тауар өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылып, еліміздегі шаруашылықтарды ауылшаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың өнімдері жиналғандар назарына ұсынылды.
Салтанатты шара Мәдениет үйі фойесіндегі көрмеден бастау алды. Мұнда «Ақмешіт сүт» шағын өндірістік кәсіпорны, «Шахтерское» серіктестігі, Ахмет ауылының кәсіпкері Денис Цхай, «Тайқазан» мейрамханасы өздерінің өнімдерін таныстырды.
Аудан әкімі Аян Шалмағанбетовтің құттықтауымен ашылған салтанатта ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды. Ауылшаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасына «Шахтерское» серіктестігінің бас агрономы Владимир Шмулянд, облыс әкімінің Алғыс хатымен «Құлтума» шаруа қожалығының басшысы, әке жолын жалғастырып, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, мал басын асылдандыру бағытында жұмыс жүргізіп отырған кәсіпкер Марат Төлепбергенов, «Черниговское и К» серіктестігінің директоры Анатолий Литвиенко ие болды.
Нұра ауданының экономикалық қуатының 90 пайызын ауылшаруашылығы саласы құрап отыр. Сәйкесінше, бұл күні марапат биігінен көрінген еңбекші қауымның да қарасы қалың болды. Мұнда қызу еңбектің бел ортасында жүрген жандар облыс әкімінің Алғыс хаты мен аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің IІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен Байтуған ауылының әкімі Қуаныш Теміров пен Нұра аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Мұрат Жанқуатов марапатталды.
Салтанатты шара соңы мерекеге орай әзірленген концерттік бағдарламаға ұласты.
Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.