Майталмандар – марапат биігінде
К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрында аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен Мәдениет және өнер қызметкерлеріне салтанатты түрде облыс әкімінің сыйлығы табыс етілді. Өңір руханиятын өрге бастырған жерлестеріміздің еңбегі еленіп, марапат биігінен көрінді.
Шараға облыс аумағында еңбек етіп келе жатқан мәдениет және өнер қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Мұндағы мақсат – аталған сала қызметкерлеріне мемлекеттік қолдау көрсете отырып, қым-қуат қызметін ынталандыру, әлеуметтік статусын арттырып, еңбегінің маңыздылығына мән беру.
– Жалпы, кез келген ұлт өзгеден несімен ерекшеленеді? Әрине, ең алдымен, төл мәдениетімен ерекшеленеді. Тұғырлы тұлғаларымен танылады. Немен мақтанады? Әлемдік өркениеттің алтын қорына қосқан үлесімен мақтанады. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Онсыз ешқандай жаңғыру болмайды». Бұл – Елбасының сөзі. Ал, осы рухтың сақталуы – сіздерге, өнер адамдарына тікелей байланысты екені баршамызға мәлім. Біздің өңіріміз қашанда мәдениет пен өнердің қайнаған ортасы болған. Қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Өнер дәстүрі. Сол сабақтастық күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр, – деді Ерлан Қошанов.
Жиын барысында өңір мәдениеті мен өнерінің жеткен жетістігі, атқарылып жатқан жұмыстар мен бағындырған белестер де айтылды. Өз сөзінде аймақ басшысы ұлттық өнердің арқауы, алтын тамыры ауылда екенін айта келіп, қазақ әнін әлемге танытқан Әміре сынды әншілеріміз де нақ ауылдан шыққандығын тілге тиек етті. Бұл ретте, өңір басшысы ауылдардағы жалғыз мәдениет ошағы саналатын көптеген клубтардың ахуалы сын көтермейтіндігіне тоқталып, тіпті олардың жағдайын аралап, өз көзімен көріп шыққанын да жеткізді. Сондықтан, биылдан бастап олардың материалдық базасын нығайтуға, жөндеу жұмыстарына үлкен көңіл бөлінбек. Таяу жылдары барлық ауыл клубтарын толық жаңарту үшін тиісті жұмыстар биыл басталатын болады.
Сөйтіп, осы жылы мәдениет нысандарын жөндеуге бөлінетін қаражат көлемін үш есе арттыруға қол жеткізілген екен. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұнда негізгі басымдылық ауылдағы нысандарға берілген. Бұл аз десеңіз, алғаш рет қолға алынған ауылдық мәдениетті дамытудың үш жылдық кешенді жоспары да әзір көрінеді. Бұған, ең алдымен, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы үлкен мүмкіндік беруде.
Облыс әкімінің айтуынша, ұлттық өнердің әлемдік деңгейде танылуы да, өнер адамдарының өзара тәжірибе алмасуы да аса маңызды. Бұл бағытта да біршама жұмыстар қолға алынып жатыр екен. Мәселен, өткен жылы өңірімізде республикалық театр фестивалі өткізілген болса, биыл бұл шара халықаралық деңгейде ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, аймағымызда алғаш рет халықаралық этно және классикалық музыка фестивалі өткелі отыр. Оған қатысуға қазірдің өзінде әлемнің он екі мемлекеті ниет білдірген. Міне, мәдениет пен өнерге кешенді қолдау – осындай болса керек-ті! Ендігі кезекте, салтанатты шараға қайта оралып, облыс әкімі сыйлығына лайық деп танылған үздіктерге тоқталайық.
«Жыл артисі» – С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының артистері Бауыржан Сүлейменов және Қарлығаш Жарылғапова, «Жылдың үздік эпизодтық рөлі»– К.Станиславский атындағы орыс драма театрының артисі Татьяна Яковлева, «Жылдың үздік театр режиссері» – Жезқазған қаласы С.Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрының артисі Теміржан Жанботаев, «Жылдың эстрада жанрының вокалисі» – Жезқазған қаласы Т.Қалмағамбетов атындағы филармонияның артисі Зәуре Омарова, «Жылдың классика жанрының вокалисі» – академиялық музыкалық комедия театрының әншісі Денис Кудряшов, «Халық әнін үздік орындаушы» – Жәйрем кенті мәдени-сауық орталығының музыкалық жетекшісі Жандос Ахтаев, «Жылдың үздік инструменталисі» – Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің симфониялық оркестр артисі Александр Бородин және осы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы академиялық оркестрінің артисі Нұрдаулет Ыдырысов, сонымен қатар, академиялық музыкалық комедия театрының концертмейстері Жанна Шестакова, «Жылдың үздік жеке аспапта орындаушысы» – Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы академиялық оркестірінің артисі Әсет Әбілдин.
«Жыл хореографы» – Қарағанды қаласының «Теміржолшылар» Мәдениет үйіндегі «Revival» степ-тобының жетекшісі Игорь Жигас, «Балет және хореографиялық ұжымының үздік артисі» – академиялық музыкалық комедия театрының балет артисі Зинаида Лымарева, «Көркемөнерпаздар ұжымының үздік жетекшісі» – Қарағанды қаласының «Молодежный» Мәдениет үйіндегі «Росинка» үлгілі хореографиялық ансамблінің жетекшісі Ирина Осипова, «Демалыс уақытын үздік ұйымдастырушы» – облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі Алтынай Нұрманбаева, «Ауыл мәдениетінің үздік қызметкері» – Шет ауданына қарасты Нұраталды кентіндегі Мәдениет үйінің басшысы Күлпан Сатемірова, «Ауылдың үздік кітапханашысы» – Абай ауданына қарасты Топар кентінің жоғары санатты кітапханашысы Майра Шәріпова, «Үздік кітапханашы» – Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ирина Иссык, «Алтын жолақ» – С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Кеңес Жұмабеков, «Үздік мұражай қызметкері» – Теміртау қаласының тарихи-өлкетану мұражайының суретші-безендірушісі Хайниса Мұстафина, «Жылдың үздік суретшісі» – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Олег Дроздов, «Мамандығына адалдығы үшін» – Жезқазған қаласы Т.Қалмағанбетов атындағы филармонияның артисі Ғалым Мұхамедин және Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арай» ансамблінің солист-инструменталисі Александр Севостьянов.
Шара барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, кештің құрметті қонағы – Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры өз өнерлерін ортаға салды. Бұдан әрмен, осы ғимаратта Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының сыйлығын табыстау салтанаты жүргізілді.
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»