Бас тақырып

Майталман Мақпал

Дамыған елдерде жұмысшы мамандықтар қоғамдық тұрғыда зор құрметке ие. Көптеген елдерде жұмысшы мамандардың еңбегін мойындау және құрметтеу мәдениеті қалыптасқан. Әлемнің әр түпкірінде бұл құрмет түрлі формада көрініс табады. Биыл еліміздегі «Жұмысшы мамандықтарының жылында» қарапайым еңбек адамдары дәріптелуде. Солардың бірі – энергетикада жүрген жандар.
Әрине, қоғамда энергетика көбіне ерлерге тән деп саналса да, Қазақстанда бұл стереотипті бұзып жүрген әйелдер бар. «Tranco IRT» ЖШС-нің Қушоқы кентіндегі филиалында еңбегіне ел сүйсінген ерекше электрмонтері Мақпал Ахмедьянова жұмыс істейді.

Сурет кейіпкердің мұрағатынан

Мақпал Боранбайқызы теміржол бойында дабылды орталықтандыру және бұғаттау құрылғыларын жөндейді. Қарағандыдағы политехникалық колледжде білім алған ол – электрмеханик. Оның айтуынша, әйелдер де бұл салада табыс­ты жұмыс істей алады. Бастысы – кәсіби біліктілік пен жауапкершілік. Оған қоса, электроникадағы мұндай мысалдар әйелдердің техникалық мамандықтарда да табысты бола алатынын көрсетеді. Он жыл бойы теміржол электрмонтері болған ол кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіріп, еңбекқорлығының арқасында әріптестерінің құрметі мен сеніміне ие.

– Көбіне энергетика және электр жүйелері бойынша мамандар – электриктер, электрмонтерлері – электр желілерін жүргізу, жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын істейді. Маған бұл жұмысым ұнайды, өйткені оның қажеттілігі туралы түсінік бар. Біз адамдарға жылу мен жарық береміз. Біздің міндет – жабдықты бақылау, жүктемені бөлу, сондықтан, электр энергиясы толық жеткізіледі. Қушоқы кентінің тумасы болғандықтан, кішкентайымнан теміржолды көріп, естіп, білдім. Оқуымды тәмамдаған соң көп күтпей осында жұмысқа орналас­тым, – дейді Мақпал Боранбайқызы.

Жас маманның жұмысына деген жауапкершілігі, кәсіпке деген құрметі сөзінен әрі ісінен анық аңғарылады. Биылғы жылдың «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланғаны – өзі сияқты еңбек адамдары үшін қолдау екенін айтады. Оның айтуынша, өндірісте жүрген мамандардың еңбегі еленіп, қоғамда беделі арта түссе, бұл – жастардың техникаға қызығушылығын оятады.

– Президент «Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін адам! Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адам – еңбек адамы! Ол – дихан, ол – малшы ма, ол – жазушы ма, бәрібір. Маңдай терін төгіп жұмыс істеген әрбір адам – қадірлі! – деп атап өтті.

Қазақстанда «Жұмысшы мамандық­тары жылының» жариялануы – еңбек адамдарының абыройын арттыруға және елдің экономикасын тұрақты дамытуға бағытталған маңызды қадам.

– Бұл бастама тек жұмысшы мамандықтарын қолдаумен шектелмей, бүкіл қоғамның еңбек мәдениетін өзгертуге ықпал етеді. Алдағы жылдары қолға алынған шаралар еңбек нарығында теңгерім орнатуға, жастардың кәсіби бағдарын дұрыс қалыптастыруға және өндірістік саланы жоғары сапалы кадрлармен қамтамасыз етуге негіз болады. «Жұмысшы мамандықтарының жылы» – Қазақстанның еңбек адамына деген құрметін көрсететін айқын белгі, – дейді Мақпал.

Қуат көзімен жұмыс істейтін кез келген маман үшін қауіпсіздік – бірінші орында тұрады. Электрмонтерлердің жұ­мыс күні әрқашан қауіп-қатерге толы. Электр қуатымен байланыс жасау, оның ақауларын тауып, жөндеу – зор шеберлікті, білім мен жауапкершілікті талап етеді.

– Энергетика саласында негізінен ер адамдар жұмыс істейді. Ауыр сөмкемен ауа райында нысандарға бару, апаттарды жою, күрделі есептеулер жүргізу әйелге тән емес секілді көрінеді. Әрине, әртүрлі төтенше жағдайларда бұл қиын. Құрал-саймандар салынған сөмкенің сал­мағы өте көп. Бірақ, басқа салада мен өзімді елестете алмаймын. Бұл мамандыққа қызығушылық танытқан адам алдымен электр жүйелері мен құрылғыларын терең меңгеруі қажет. Электрмонтер мамандығы көптеген техникалық білім мен дағдыларды талап етеді. Мамандар арнайы оқудан өтіп, сапалы теориялық білім мен тәжірибе алады. Сонымен қатар, электрмонтерлердің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін үнемі жаңашылдықты қабылдай алатын, инновациялық технологияларға бейім болғаны жөн, – дейді Мақпал.

Жұмысшылардың сөзіне сүйенсек, «Tranco Industrial Railways Transportation» ЖШС мекемесінің мамандары қызметкерлердің кәсіби өсуіне ерекше көңіл бөледі. Мұнда олар бастамашылық пен кәсіпқойлықты бағалайды, сонымен қатар, дамуды қолдайды және карьералық өсу үшін жағдай жасайды. Дәл осы қасиеттер компанияның өз саласында көшбасшы болып қалуына ықпал етуде.

Қазір Мақпал 4-разрядты электрмонтері ретінде күрделі құрылғылармен жұмыс істейді. Әріптестері оны жауапкершілігі мен ұқыптылығы үшін жоғары бағалайды. Ол жұмыс орнында тәртіп пен тазалықты сақтап, цехтың жайлы болуына үлес қосады. Үйде болса, тұрмыстық істермен айналысып, отбасылық өмірді бірінші орынға қояды.
Мақпалдың айтуынша, әйел адамның қолынан келмейтін іс жоқ. Оның өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен табандылығы көптеген жас мамандарға үлгі.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button