Майдангерге – құрмет
Теміртаудағы «Бірінші Теміртау классикалық лицейінде» Ауған соғысының ардагері Алексей ЛИТВИНОВТІҢ құрметіне мемориалды тақта ашылды. Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған шараға қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Айнагүл АБДРАХМАНОВА мен ардагерлер қатысты.
– Майдангерге арналған тақта өзі оқыған білім ошағына орнатылғаны – үлкен мәртебе. Осы тақтаға қарап өскелең ұрпақ бой түзейді. Келешекте білім ордасынан ел қорғайтын талай сарбаз шығатынына сенім мол, – деді Айнагүл Абдрахманова.
Алексей Литвинов қаладағы №13 орта мектепті тәмамдап, лицейге түседі. Одан кейін Киев қаласындағы «Суворов» атындағы, Алматыдағы жалпы командалық жоғары училищелерін тәмамдайды. 1983 жылы әскер қатарына шақырылып, Ауғанстанға жіберіледі. 1984 жылы Ауғанстанда интернационалистік борышын өтеу кезінде көз жұмады. Қаза болғаннан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.
– Бұл үлкен мерекелік шара. Шараны өткізбес бұрын ол кісінің өмір-дерегімен танысып, көзіме жас алдым. Майдан даласындағы өмірі, тағдыры бәрі-бәрі көз алдыма келді. Ал, біздің білім алушылар осы кісінің ерлігін, өткен тарихты біліп өссе екен, – деді «Бірінші Теміртау классикалық лицейі» директорының орынбасары Людмила Туркина.
Ауған жеріне Теміртаудан 336 жауынгер аттанып, 9-ы оралмаған. 8-і Ауған жерінде, 1-еуі Эфиопияда қаза тапқан. Ауған жерінде қаза болған 1 жауынгердің күні бүгінге дейін мүрдесі табылмай келеді. Ал, қалада қазіргі таңда 189 майдангер тұрады.
Майдангерлер қатарында теміртаулық Серік Сағынаев та бар. Ол, Кабулдағы №345 атқыштар полкінде жауынгерлік міндетін атқарған. Кандагар, Таулы Қарабақтағы ұрыс даласында болып, елге 1980 жылы оралған. Бүгінгі таңда қалалық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
– Ауған соғысында қаза болған жерлестерге арнап өздері оқыған мектепке тақта орнаттық. Алексей майданда мотоатқыштар взводын басқарған. Өскелең ұрпақ батырларды, майдангерлерді біліп өсуі үшін білім ордаларына орнатудамыз. Себебі, ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді Серік Мұратұлы.
Ербол ЕРБОЛАТ.
ТЕМІРТАУ қаласы.