Әр әңгіме баяны әр қилы. Бір тақырыптар қапелімде қайта қалам тартқызып қалады. Қарағандылықтарға танымал бұл екі кісі жайлы жазылып та, айтылып та жүргенімен өмірлеріндегі аса ыстық сәтке, қазақы бауырмалдықтан ұласқан қимастық сыйластық сырына тоқталыңқырамай өте шығып келеді екенбіз. Сол бір шетінді өтеуді жөн көрдік.
Алдын ала хабарласып, аяңдап таныс үйге бет алып келеміз. Шыдамсыздана күтіп тұрған сәлем арналушы адам анадайдан қалбалақтап қарсы алды. Біреуі қаңбақтай, біреуі нардай ақсақалдар айқара төс түйістіріп, жанарларына жас іркіліп, сағыныштары басылғанша құшақтары жазылмады. Сырт қарағанда100 жастың өзіне аттаған жандарға сенгісіз ескі достардың аман-есен қауышуларын тәубе еткен қуаныштары көңіл елжіретерлік еді.
Бұл кісілерді қай қариялар дейтін емес. Қаңбақтайы Алпекеңді, Алпан Итжановты,нардайы Кәмекеңді, Камали Дүйсембековті дүйім жұрт біледі деудің артықтығы жоқ. Сонау соңғы жаһандық қанқұйлы соғыстың көзбе-көз куәгерлері әрі кеуделері сан марапаттарға қайысқан, ерліктері ертегідей айтылар аңызға бергісіз ерлері бүгінгі. Ал 1943 жылдың қақаған қысында Сталинград майданында ойда жоқта бастау алған достықтарының тарихы бір бөлек қызғылықты.
…Қарулас, қадамдас тұрғыласы келуіне үй иесі денесі тіктеліп, жүзі ажарланып қалды. Көңіл-күйі көтерілуі ғой, қолына домбыра алып, өздеріне тәтті әуенді шертіп өтті. Тілекті жықпай сөз қыздырды. Алпекеңнің сағым болып көз алдында бұлдыраған, елесте қалған сол үзік сәтті зердесіне қалай сақтағанына қайран қалып, оны баяндауы баурап тыңдап отырмыз.
– Сталинград қоршауын бұзар алдындағы сәл саябыр тапқан күндердің бірінде мені батальон командирі қолтықтас дивизияның бөлімше командиріне арналған құпия мәліметті жедел жеткізуді тапсырды. Аттылы барлаушы ретінде хатты қойныма тығып шаба жөнелдім. Содан тапсырысты мүлтіксіз атқарып, қайта орғытып оралып келе жатқанымда жолдағы қар басқан окоптардың бірінен сыртқа сырғыған түр-түсі тым ыстық бозбала көзіме оттай басыла кетпес пе! Жалма-жан жанына жетіп бардым. «Қазақпысың» деп едім, «Қазақпын» деп сенер-сенбес болып аңырайып тұр. Аттан секіріп түсіп, баурыма бастым.
Осы арада сөзге Кәмекең араласқан:
– Көзімнен жастың қалай ытқи жөнелгенін білмеймін. Бірден шайқастың нағыз қантөгіс ортасына тап келіп, 18-ге жетер-жетпестегі көкөрім шағымда ажал аузында жүргендей мені ауылдан ағам іздеп жетіп, бауырына алғандай сезіндім. Сондықтан босаңсуым басылмай құшағынан айрылмасам керек. «Тұлғаңа қарасаң дәу жігітсің. Жауынгерге жасық болу жараспайды. Бәріне де біртіндеп үйренесің. Міне, мен бірер жылда-ақ бүткіл қиындыққа көндігіп қалдым» дегенде ғана барып тіктелдім. Бойымды серпілткен жігер сөзі жүрегімде орнығып, қайратымды қайраған еді,– деді де Алпекеңді көкірегіне тағы бір қысып қойды.
Соғыстың отына бұрынырақ шарпылумен бірге екі-үш жас шамасында үлкендігі бар оның сондағы ағалық қолтықтауының майдандағы өміріне зор қуат беруі ұзамай «Даңқ» орденінің үш бірдей дәрежесінің омырауында жарқырауынан көрінді. Ал екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендері мен «Сталинградты қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» , «Ерлігі үшін» медальдері Алпан атаның ерліктерінің куәсіндей кеудесін көріктендіріп тұр.
Мұндай кездесуде қазақ қайда болса да, қандай жағдайда қазақтығын танытар қалыппен асығыстығына қарамастан тағдырлас бауыры көңілін жазып, кеңірек сөйлесуге взвод командирінен жарты сағатқа мұрсат сұрап алады. Қалың қардың үстіне дастарқан жайып жіберіп, қоржынындағы сары майдай сақтаулы қазыдан, шақтаулы азықтан дәм татырады. Үскірік аяздан бой жылытарлық майдандық тиістілі несібеден алдыртып та қояды.
Бұдан кейінгі кездесулері ұзаққа созылмайды. Соғыс барысын күрт өзгерткен жеңістен соң соққы берер бағыттары жаңаша белгіленген армиялар құрамындағы екеуінің майдандық жолдары Қырым мен Белоруссияны азат етуге жалғасады. Камали Дүйсенбеков аталған түбекті қайтару шайқастарының бел ортасында жүрсе, Алпан Итжанов бұл кезде батысқа қарай шабуылдап бара жатады. Кәмекең Севастополь іргесінде ауыр жараланып, елге ертерек оралғанда Алпекең жорықты Кенигсбергте аяқтайды.
Тоғысқан тағдырдың маңдайларына жазғаны шығар, екеуі содан соң туған жерде тағы табысады. Елеулі еңбектерімен танылып, айтулы азаматтар атанады . Әрқайсысының шаңырағы шүпірлеген бүлдіршіндердің қызығына бөленеді. Қос қария бүгін он-он баладан өрбіген немере-шөберелерінің, одан қалды шөпшектерінің шат-шадыман өміріне қуанышты.
Алпан ата бірер жыл бұрын қарулас досы, жеңіс алдында қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Төлен Қабыловтың Калининград облысындағы қабіріне тағзым етіп, жорық жолдарын аралап қайтса, Камали ата былтыр Мәскеуде өткен Жеңіс шеруінде атақты ардагерлер қатарында сом тұлғасымен ерекшелене сап түзеп өтті.
Күркіреген майдандағы аяқ асты қатер қаупінде де қазақылыққа тән мінез бен дәстүрден айнылмай жайылған дастарқанның шапағаты оқтан да, оттан да жебеуші болған сияқты. Тар жолда табысып, құшақ созған аталар үлгісі бүгінгі ұрпаққа жараса түссе дейсің.
Айқын Несіпбай.