Майқұдықтағы жедел жәрдем станциясы жаңа ғимаратқа көшті
Жұмыс жағдайының нашарлығына шағымданған жедел жәрдем дәрігерлері жаңа ғимаратқа көшті. Енді жедел жәрдем станциясының қызметкерлері медициналық ұйымның бос тұрған ғимаратында жұмыс істейді. Сондай-ақ, олардың еңбекақыларына қосымша үстеме төлеу мәселесі де шешілді.
Жаңа ғимаратта барлық нормаларға сай келетін жеке кіру және шығу жолдары бар. Сонымен қатар, барлық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен, маскалармен, қолғаптармен, обаға қарсы костюмдермен, дезинфекциялау заттарымен жабдықталды.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша тәуекел тобына кірмеген қызметкерлер санаты облыстық бюджет қаражатынан жалпы сомасы 69 миллион теңге қосымша ақы алды. Жедел медициналық көмек қызметі көлігінің жүргізушілеріне 1 төменгі айлық жалақы, ал фельдшерлерге және диспетчерлерге 2 төменгі айлық жалақы көлемінде үстемеақы төлеу қарастырылған.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жаңа қосалқы станциялар құрылысының екі жобасы әзірленді. Біріншісі «Қарағанды қаласының балалар ауруханасы» КМК аумағында, ал екіншісі Сұрыптау стансасында болады. Шақыруларға жедел қызмет көрсету үшін Октябрь ауданы шартты түрде екі бөлікке бөлінеді.