Майқұдықта “Күз аруы” анықталды
Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде «Күз аруы – 2025» атты қалалық байқау өтті. Сұлулық пен сымбатты, өнер мен білімді тоғыстырған сайыста қатысушылар заманауи қазақ қызының талғамы мен парасатын, өнері мен өрлігін паш етті.

Байқау бес кезеңнен тұрды. «Таныстырсам өзімді» атты бөлімде қатысушылар өздерін мәнерлеп таныстырса, «Менің өнерім» кезеңінде өз өнерлерін ортаға салды. Ал, «Күзгі сый» бөлімінде арулар шығармашылық бағытта бақ сынады. «Білім әлемі» кезеңінде қазылардың қойған сұрақтарына жауап беру арқылы білімділігін ұштаса, «Сән әлеміндегі ханшайым» кезеңі кештің сәнін келтіре түсті.
Қазылар алқасы құрамында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған республикалық «Сұлу әйел» байқауының «Нәзіктік үлгісі» номинациясының иегері Арайлым Абдыкаримова, Қали Байжанов атындағы концерт бірлестігінің өнерпазы Назгүл Ташенова және Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының әлеуметтік-мәдени бағдарламалар бөлімінің басшысы Сәуле Ахметжанова болды.
Кеш барысында әрбір ару өз ерекшелігімен көзге түсті. «Сән мен сымбат иесі» атанған Аружан Еркінова сахнада ерекше талғамымен танылса, «Нәзіктіктің символы» атанған Аяла Кизкина көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал, білімділігімен көзге түскен Адина Марат «Білімпаз ару» атанды. «Сахна жұлдызы» номинациясын Айым Нұрбекқызы, «Жарқын бейне» аталымын Тоғжан Жанболат, «Инабатты ару» жүлдесін Берікбаева Аяжан иеленді. Сән үлгісін шебер ұсынған Жанайлы Удешова «Сән үлгісінің шебері» атанды. Байқаудың бас жүлдесін, «Күз аруы – 2025» тәжін Дильназ Дүйсембекова иеленді.
Мерекелік кеш «Қарақат» мектеп-студиясының «Алау» хореографиялық ансамблі мен Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің өнерпаздарының өнерімен өрнектелді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»