Руханият

Махаббатты жырлайды әркім өзінше

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында Жан-Мари Шевренің «Махаббат мекені» комедиясының премьерасы өтті. Режиссері – Әлімбек Оразбеков.

Сурет Сәкен театрының баспасөз қызметінен

Туындыда Самир мен Кристина есімді ғашықтардың тағдыры баяндалады. Екеуі өмірлік қиындықтарға байланысты Алжирден арал асып, Парижге пана іздеп келген албырт бозбала мен бойжеткен. Комедияда әділетсіздік пен қатігездік жайлаған қоғамды жатсынған қос жүректің лүпілі бар. Олар қанша қатігездік көрсе де, өмірді бір-біріне деген махаббатпен бағалайды. Екеуінің асқақ сезімі, мөлдір һәм албырт махаббаты жылу мен мейірімнен күдер үзген Маривонның бойындағы асыл қасиеттерге жан бітіреді, жүрегіндегі мұзды ерітеді. Қымбат жиһазға толы меңіреу тыныштық орнаған зәулім үйдің бір бөлмесін тығылып паналайды. Соңында қос ғашық сол үйді «Махаббат мекеніне» айналдырады.

Әлімбек Оразбеков бұл комедия махаббаттың қадір-қасиетін, оның күш-қуатын, құдіретін көрерменге басқа қырынан көрсететініне сенімді болғанын айтты.

– Сәкен театрының көркемдік кеңесіне бірнеше шығармамды ұсындым. Олар «Махаббат мекенін» құп көрді. Өйткені, мұнда көрерменге айтар ой өте көп. «Махаббат» тақырыбын қосылмаған ғашықтардың көз жасымен айшықтай беруге болмайды. Мәңгілік тақырыпқа басқа қырынан қарау керек. Ең қиын жанр – комедия. Биік өнер деңгейінде адамды күлдіре отырып, оған ой салу әркімнің қолынан келмейді. Сол себепті де «Махаббат мекені» комедиясы шығармашылығымда айрықша орын алады деп айта аламын, – деді Әлімбек Оразбеков.

Премьераға барып, көңіліміз марқайып қайтты. Мәселе, премьераның сәтті өткенінде емес, театрға халық ықыласының артуында. Премьера 28-29 наурызда өтті. Екі күнде де зал лық толды. Әсіресе, студент жастардың қарасы қалың.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button