Руханият

Махаббаттың мәні зор

Әлбетте, әр дәуірдің өз үні бар. Десек те, бүгінгі махаббат идеалын суреттейтін шығармаларды қайдан оқуға болады? Мәңгілік тақырып аясындағы шығармалардың бір парасы Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында бар.

Суретті түсірген автор

Жақында «Махаббат туралы үздік романдар» деген тақырыпта кітап көрмесі өтті. Көрмеге қойылған туындылардың көш басында Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дастаны, Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» жыры, Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» романы мен мұндалап тұрды.

Құнды жәдігерлердің арасында Сәуле Досжанның «Мыңжылдық махаббат», Александр Пушкиннің «Евгений Онегин», Решат Нури Гюнтекиннің «Боз­торғай», Джен Остеннің «Асқақтық пен Адалдық», Магарет Митчеллдің «Жел өтіндегі тағдырлар», Джейн Остиннің «Тәкаппар ғашықтар» шығармасы бар.

Кітапханашылардың айтуынша, көрмеге 30-дан астам кітап қойылған. – Кі­тап­ханада айтулы мерекелер мен белгілі тұлғалардың мерейтойына арналған кітап көрмелері үнемі өтіп тұрады. Былтыр жылдық жұмыс жоспарын бекітерде, еркін тақырыптағы кітап көрмесін ұйымдастыру жайлы бастама көтерілген болатын. Ұжымның бұл ұсынысы бір ауыздан қабылданды. Айына 3 көрме өткізсек, соның біреуі еркін тақырыпқа арналды. Мұның алдында «Аяулы хайуанаттар», «Қатыгездіктің зардабы мен салдары», «Спорт – денсаулық кепілі» атты шаралар өткіздік. Айтпақшы, «Махаббат тақырыбындағы үздік романдар» көрмесін кітапханаға келген студенттер мен оқушылар және ересек оқырмандар зор қызығушылықпен тамашалады. Көрменің бейне нұсқасын әлеуметтік желі арқылы 945 оқырман тамашалады. Бұл – жыл ішіндегі ең жоғары рейтинг, – дейді Абай атындағы облыстық кітапхана басшысының орынбасары Қалқатай Қалиева.

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Back to top button