Ресми

Маэстро – Қарағандыда

Белгілі опера әншісі, шығармашылық қызметі жылдарында әлемнің 15 елінде гастрольдік сапармен өнер көрсеткен Кенжеғали Мыржықбай аймағымызға концерттік бағдарламамен келді. Әнші сонымен қатар, биыл 70 жасын атап өтуде. Осыған орай оны аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қабылдап, ел мәдениетін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Ермағанбет Қабдулаұлы өнертану профессорына облысқа келгені үшін алғыс айтып, мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

– Біз сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Сіз елімізді насихаттап, мәдениеттің дамуына зор үлес қосып жатырсыз. Өзіңіз тәрбиелеген шәкірттер әлемге танымал болуда. Осымен шектелмей, облысымызға жиі келіп тұрарсыз деп үміттенемін. Болашақта біздің әртістермен де бірлескен жобаларды жүзеге асырсақ, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Ал, Кенжеғали Мыржықбай Қарағанды облысында Жаңа жылды мерекелеумен қатар, 70 жылдығы аясында бірнеше концерт беретінін айтты. Облыста әншінің 70 жылдығы мен келе жатқан Жаңа жылды мерекелеу аясында Кенжеғали Мыржықбайдың концерттері өтеді. Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Осакаров ауданында және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде өнер көрсетеді.

– Қарағанды облысына келгеніме қуаныштымын. Өңірдің өркендеуіне тілектеспін. Жаңа жыл есте қаларлықтай болсын! Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлығын ертеңгі концерттеріме шақырамын, – деді опера әншісі.

Кенжеғали Мыржықбай 1953 жылғы 3 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында дүниеге келген. Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесін және Алматы консерваториясын бітірген.

Әнші мансабын 1981 жылы Абай атындағы Академиялық опера және балет театрының солисі ретінде бастады. 2012 жылдан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Кәусар» мәдени-ағарту бірлестігін басқарады.

Салтанат ІЛИЯШ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button