Мадияр СҮЛЕЙМЕНОВ: «Алашты əлдилесін күй сарыны»
Қазақ халқында екінің бірі, егіздің сыңары түсіне бермес, түйсіне бермес күй деген құдіретті тылсым өнер бар. Ұлтымыздың сан ғасырлық тарихында домбыра ішегінен күмбірлеп шыққан күй-сарындары көкірегі көмбеге толы қанша жанның көзінен жас ағызды екен… Қанша жанның сиқырлы əуезді тыңдап жүрегі шымырлады екен… Ол жағы бізге беймəлім. Бүгін күй деген көне өнердің өн бойына сапар шеккенді мақсат тұттық. Жолсерігіміз жастайынан Аққыздан күй үйреніп, алғаш ол туралы қалам тербеген, шертпе күйдің шебері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбайдың шəкірті, халықаралық жəне республикалық конкурстардың лауреаты – Мадияр Сүлейменов.
– Мадияржан, ағайын алқалап, маңайың қолқалап жатқан мезеттерде «уақытты тоқтатып» қойып күй шертесіз. Біз бүгін көңіл пернесін түріп қойып, шертпе күйден сыр тартып көрсек қайтеді?..
– Күй – сөзге кіріптар емес дегдар өнер. Əлбетте кез келген музыкалық шығарманың тыңдарманын ойлантарлық өзіндік ырғағы бар. Ал, сіз айтқан шертпе күйде дана халқымыздың шерлі тарихы бұғып жатыр. Шертпе күйдің тарихын түгендесек, тым əрілеп кететін болармыз. Оқырманға ұғынықты болу үшін «қысқашалап, нұсқашалап» жеткізіп көрсек пе дейміз. Шертпе күй өзіндік «сыбырымен», «сырымен», «күбірімен», «мұңы менен», «толғанысымен», «сылдырыменен», «сыңқылымен», «зарымен», «еркелігімен», «келтелігімен» құнды бізге. Сезімтал тыңдаушы күй атаулының тілін жазбай танып түсінеді, күрсінеді. Күйдің тілі өмір дейтін төрт əріптей шексіз əрі тұңғиық. Күй – санаулылар ғана мойындарлық ақсүйек өнер. Күйді жан тəніңізбен сезіне түсу үшін күйкіліктен ада болғаныңыз абзал. Яғни, қазақтың күйге деген талғамы қандай жоғары болса, күйдің де қазаққа қояр өзіндік талаптары бар. Күй – уақыт пен күй талғамайтын жанр. Əлдебір кезең мен ғасыр шаңдағында, яки, «жұртта қалып» қоймайтын тылсым əлем. Түсіндіре алдым ба екен?..
– Демек, парасаттылар пайымдарлық бекзат өнер ғой…
– Иə. Күй сырға толы синкретті дүние. Күйдің күбіріне елтігендер оны ауық-ауық тыңдай береді əдетте. Онан соң оның тарихын бажайлайды. Мұнан соң орындалу шеберлігін таразылайды. Сөйтіп барып белгілі бір дəуір тынысын сезінеді. Баса белгілей кетемін, өнер фальш ты көтермейді… Тұма күй қашаған шектен оңай тумайды. Сіз айтқан жалғыз парасаттың шаңы шықпайды мұнда. Қазір жоққа жетіп қалған құймақұлақтық та ауадай қажет. Сонда ғана қайран домбыраның тиегі тебіреніп, шанақтан шашаусыз күй меймілдеп төгіледі. Əсілінде, қаракөз қазағымыз айтпағын күймен жеткізіп, сырын сыбызғының сызылған үніне теліген… Гəп осында.
– Біздің заманға келсек. Қазір «Күй өнері кенжелеп кетті», «Оның бары мен жоғы», «Зерттеп, зерделеу неге кемшін?» деген сынды сандаған пікір-лепестер естіліп қалуда…
– Иə. Орынды. Күй – көшпенді елдің ұлық қазынасы. Оның тілі «тілсіз – тіл». Сондықтан, ауылдағы санаулы күй мектептеріне мемлекет қарайласа түскені ғанибет болар еді. Себебі, күйдің тілін алдымен қалалық емес, далалық қазақ жіті түсінеді. Ауыл – күйдің бесігі. Ал, күй – Алаштың əлдиі. Академик А.Жұбанов: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын. Оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақылойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі», – дейді.
– Сұхбатымыздың соңын көкейге қонарлық бір ерекше күй аңызымен тəмамдасақ…
– Көпшілік арасында кеңінен танымал Қаратау күй мектебінің өкілі, дəулескер күйші Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйі жайлы бүгіндері барша қазақ біледі. Осынау бір күй адамның күні бойы сөзбен айтып жеткізе алмайтын сырын, мұңын тілсіз екі шектің мақамымен əр кеудеге құйып береді. Күйші тілсіз құдірет күйі арқылы сандаған саналы жанның жүрегінен орын алып, əркімнің ой қатпарындағы өкініш, күйініш, жанашырлық сынды асыл сезімдерін тербейді. «Салтанат» күйін тыңдаған сайын кеудемізді өксік аралас мұң басып, жүрегімізді сыздататыны осы күйдің құдіреті демей не деуге болады?!
Əлқисса, 1969 жылы Төлеген Момбековтің асыл жары Пернеш қайтыс болып, Райхан, Қызжан, Дана, Гүлжан, Салтанат атты бес қызымен, Қайрат атты бір ұлымен қалған Төкеңе бұл қаза қатты батады. Жан дертіне толы осы жылы өмірге бірінен соң бірі төрт күй келеді. Сол кезде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істейтін Төлеген бір күні жұмыстан шаршап-шалдығып үйіне келсе, Қайраты төрт жасар Салтанат деген қызын жылатып қойыпты. Сонда Салтанат біраз жыл өтсе де, марқұм шешесін ұмытпай: «Апама айтам» деп зар еңіреп жылаған екен дейді ғой. Осы сөзді құлағы шалып қалған күйші қатты толқиды. Қызын жұбатып отырып: «Қайтемін, қызым» деп қосыла жылайды. Жұмыр жүрегі елжірейді. Осындайда сүйеніші де, жұбанышы да болған домбырасын қолына алып қоңырлата береді… Ертеңіне жаңа күй туады. Күйдің атын қызына жұбату ретінде «Салтанат» деп қояды.
– Сырлы сұхбатыңызға алғыс білдіре отырып, өнер жолында өрлеу тілейміз!
Əңгімелескен Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
Ortalyq.kz



