ЖаңалықтарСұхбат

Мадина Салпенова: «Қазақстан – өмір сүруге қолайлы ел»

Қазақстан егемендігін алғаннан-ақ болашағын демократиялық дамумен байланыстырды. Тарихтың жолайрығында тұрған тәуелсіз ел келешегінің іргетасы халықтың тікелей араласуымен берік құйылуы қажет еді сол тұста. Әлем елдері әлдеқашан демократияның институты ретінде белгілеп берген – қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар және басқа да ұйымдар сол кезеңде біздің елде де құрыла бастады. Ал, бүгінде олар құқықтық һәм азаматтық қоғамның тәуір тірегі. Рухани келісім, бірлік пен татулықтың тұнығын сақтауда салмақтары бар. Турасын айтқанда, олардың Қазақстандағы жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін қалыптастырудағы үлесі қомақты. Бүгінде елімізде мыңдаған үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. Білім беру мен ғылым, әлеуметтік қорғау, жастар саясаты, экология, мәдениет пен спорт, адам құқықтарын қорғау салаларында белсенділік танытып отыр. Олар бұқара мен билік арасында ашық диалог орнатып келеді. Осы орайда Қарағанды облысындағы «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары Мадина Салпеновамен сұхбат құрған едік…

Сурет автордан

– «Қазақстандағы жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі» көптеген елдер сарапшыларының назарын аударатыны жасырын емес. Аталған модельдің кілті неде?

– Тарих пен тағдырдың жазуымен Қазақстанға жер ауып келген көптеген ұлт өкілдерін өңменінен итермей, өзегіне тартып, бауырына басқан еліміз кеңдігі мен бауырмалдығы арқылы талай ұлтты өгейсітпеді. Олармен бүтінді бөліп, жартыны жара жеген ата-бабамыз сол уақытта-ақ бірлік пен татулықтың дәнін сеуіп кеткен екен. Соның жарқын дәлелі – бұл күні жүзден астам ұлт пен ұлыс қазақ жерінде тұрақтылық пен бірліктің туын берік ұстап келеді.  Қазақстандық бірлік моделі этностардың қоғамдық ұйымдары, этномәдени бірлестіктер мен мемлекет тұлғасындағы азаматтық қоғам институттарының сындарлы, өзара іс-қимылы негізінде дамуда екенін атау ләзім. Барша ұлыс азаматтық-құқықтық және қоғамдық мәртебеге ие. Олар – Қазақстанның біртұтас халқының толық құқыққа ие азаматтары. Қазақ ұзақ жылдар бойы халықтар арасындағы өзара қарым-қатынастың ерекше дәстүрін қалыптастырды. «Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделінің» негізінде қазақтың барлық диаспораға, ал, олардың жергілікті ұлтқа деген құрметі жатыр.

– Бұл модельдің қалыптасуына жоғарыда атап өткеніңіздей тарихи және әлеуметтік факторлар ықпал еткені де анық…

– Әрине, ең алдымен, бұл Қазақстанның өткен ғасырдың 30-50-жылдары жер аударылған жүздеген халық үшін екінші Отанға айналуымен байланысты. Қазақстан тарихының қайғылы беттерінің бірі – бұрынғы Кеңес Одағының барлық өңірлерінен дерлік оның аумағына халықтарды депортациялау (халықтарды
күштеп көшіру). Қазақ жері өзінің еркінен тыс сталиндік «халық түрмесіне» айналды. Осы процестің нәтижесінде полиэтникалық құрылымға айналған Қазақстанда 100-ден астам ұлыс бар. Тарихтан белгілі, қазақ жүздеген мың отбасын қабылдады. Қазақтың бұл мейірімі мен қайырымын депортацияланғандардың ұрпақтары әлі де еске алып, риясыз алғыстарын айтудан танған емес. Бұған қоса, бірліктің қазақстандық моделінің қалыптасуына халқымыздың төзімділігі мен ізгілігі ықпал еткенін есте сақтау – міндет.
Өз туған жерімнен мысал келтіргім келеді. Мен Бұқар жырау ауданындағы ауылда дүниеге келдім. Біздің ауылда түрлі ұлт өкілі өмір сүрді. Бала кезімізден барлық этностардың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сіңірдік: Пасханы, Рождество мейрамын бірге тойладық, неміс көршілеріміз қазақ тағамдарын үйренді, шелпек пен бауырсақ пісірді. Бәріміз тату отбасы едік, ұлтқа, ұлысқа бөлінбедік. Сондықтан да, әлі күнге дейін тарихи Отанына кеткен жерлестермен араласып тұрамыз.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудағы рөлі туралы пікіріңіз…

– Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі қоғамдағы келісім мен ұлттық бірлікті сақтауда, халықтар арасындағы достықты нығайтуда орасан. Ассамблея ұлтаралық келісім мен бірлікті бекемдей түсуде осы жылдар аралығында тынымсыз еңбек етіп келеді. Ол нәтижесіз емес. Оның жемісі – бүгінгі бейбіт күн. Қазақстанда тұратын әрбір этнос тең құқылы. Оның дауыс беруге, өз мерекелерін, дәстүрлерін өткізуге, өз ана тілін үйренуге хақысы бар. Жалпы, ден қойсақ, Ассамблея аясында өткізілетін барлық іс-шаралар қоғам үшін маңызды және аса қажет.
Қазақстандық бірліктің ерекшелігі – қазақтың өзге ұлттарға деген сый-құр метінде, мемлекеттің әр ұлыс мәдениетін дамытудағы қолдауында. Бұл – халықтың көпұлтты құрамының, зайырлы, демократиялық мемлекет құруға ұмтылуының нәтижесіндегі этносаралық келісім моделі. Ұлтаралық қатынастардың оң дамуының бір себебі, Қазақстанның құқықтық мемлекеттілігінде. Республика аумағында тұратын барлық ұлысқа ұлтына, дiнiне, саяси көзқарасына қарамастан тең құқықтар мен бостандықтар берiлген. Қазақстанның әрбір азаматына мәдени және рухани даму құқығы, ана тілін меңгеру және түсіндіру құқығы, ұлттық мұраны, дәстүрлерді, рухани бағдарларды сақтау және көбейту ережесі қамтамасыз етілген.
Бірлігіміздің, тұтастығымыздың, рухымыздың беріктігінің, бірлескен еңбегіміздің арқасында біз егемендікке, қауіпсіздікке, экономикалық дамуға, азаматтық келісімге қол жеткіздік. Қазақстан – бүгінде басқа этностардың өмір сүруі үшін ең қауіпсіз елдің бірі. Сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында біздің елімізде ұлтаралық негізде бірде-бір кикілжің орын алған жоқ. Баршамыз достық пен келісімде өмір сүріп жатырмыз. Келісім мен тұрақтылық – бұл бүкіл қоғамның дамуының, оның экономикалық өсуінің негізі.
Қоғамда ұлтаралық келісімге ықпал ететін басты сын-қатерлер де жоқ емес. Бірінші кезекте, біз қазір көрші елдерде ұлттық негіздегі қақтығыстар туындап жатқан қиын кезеңдеміз. Екіншіден, Қазақстандағы тұрақсыздыққа мүдделі топтар болуы мүмкін. Көршілес мемлекеттердегі түрлі блогерлер мен танымал
тұлғалар тарапынан осындай арандатушылықтарды кездестіріп те қоямыз. Мұны біздің қазақстандық «псевдоблогерлер» қолдайды. Олар өздерінің мыңдаған жазылушы аудиториясын пайдалана отырып, жағдайды шиеленістіруге ұмтылатыны да жоқ емес. Мейлінше қақтығысқа апаруға тырысады. Меніңше,
мұндай сырттан арандатуға жол бермеу керек. Ұлтаралық қатынастарға байланысты мәселелерде абай болған жөн. 

– Жаһандану дәуірінде ұлттық бірлікті сақтау үшін қандай шаралар қажет?

– Жаһандану жағдайында ұлттық бірлікті сақтау үшін ұлттық мәдениет пен құндылықтарды нығайту, жалпы тарихи және адамгершілік негізінде жалпы азаматтық бірегейлікті дамыту, білім беру мен БАҚ арқылы дәстүрлер мен ұлттық бірегейлікті қолдау, сондай-ақ жаһандық процестерді теңестіру және ұлттық мүдделерді қорғау үшін мемлекеттік реттеу қажет. Қоғамдық институттар мен БАҚ арқылы дәстүрлі моральдық қағидаттардың «бұлдырауына» қарсы іс-қимыл жасау, жаһандық процестердің ұлттық бірегейлік пен экономикаға әсерін ескеретін стратегияларды әзірлеу керек. Мысалы, ұлттық нарықтарды немесе стандарттарды қорғау және әлемдік кеңістікте ұлттық мүдделер, мәдени құндылықтарды ілгерілету үшін халықаралық ұйымдар мен диалогтарға қатысу маңызды. Ақпараттық кеңістік пен медиа қоғамдық келісімге қарама-қайшы әсер етеді: бір жағынан, олар ақпарат тарату мен жұмылдыруға ықпал етеді. Екінші жағынан, дезинформацияның таралуына, эхо-камералардың қалыптасуына және жекелеген
субъектілердің қоғамдық пікірді қалыптастыруға ықпалына байланысты поляризацияны күшейтуі мүмкін. Медиа, әлеуметтік желілер жеке тұлғалар мен топтарға кең аудиторияны қамтуға, қоғамдық үнқатысуға ықпал етуге мүмкіндік бере отырып, азаматтық жұмылдыруға, ұйымдастыруға тұғырнама
ретінде қызмет ете алады. Үшінші жағынан, әлеуметтік желілер жалған ақпаратты, сыбыстарды тез тарату
үшін пайдаланылуы мүмкін. Бұл институттарға деген сенімге нұқсан келтіреді. Қоғамдық тұрақсыздыққа ықпал етеді. Осыған байланысты тексерілмеген ақпаратты таратқаны үшін құқықтық жауапкершілік шараларын қабылдау, ұлтаралық араздықты қоздыру фактілерінің жолын кесу, әлеуметтік желілерде қоғамда араздық тудырғысы келгендерге жауапкершілік жүктеу – міндет.

– Ел ертеңі – жастардың ұлтаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы орны туралы не айтасыз?

– Жастардың келісімді нығайтудағы орны орасан. Өйткені олар – біздің қоғамымыздың болашағы. Бүгінде жастар сәл басқаша. Олардың өмірге, заманауи үдерістерге көзқарасы бөлек. Жас толқын икемді, заманауи технологияларға жылдам бейімделеді. Меніңше, қазір жастар саяси процестерге аса қызығушылық танытпайды, мақсаттары басқа. Бірақ, біз жастардың әлеуметтік желілер арқылы теріс үдерістерге тартылуы, оларды түрлі жанжалдарда пайдалануы мүмкін екенін түсінуіміз әрі түйсінуіміз керек. Сондықтан, жастарға басқалардың ойындарында «қуыршақ» болмауға көмектесу ауадай қажет. Ең бастысы, оларға адамгершілік құндылықтарды, басқа ұлттарға, олардың дәстүрлеріне, тіліне құрметпен қарауды үйрету керек. Тәрбие әрқашан отбасында басталады: өмірдің алғашқы сабақтарын, басқалармен қарым-қатынасты бала отбасында алады. Ата-аналар бір ұлтты екіншісінен жоғары қоймай, басқаға да құрмет көрсетуі зор мәнге ие. Біз жастарға елімізде бірлікті, бейбітшілік пен келісімді сақтаудың қаншалықты маңызды екенін сіңіруге тиіспіз.

– Қоғамдық келісімді одан әрі дамыту үшін нендей жаңа тетіктер енгізу қажет дер едіңіз…

– Біз тарихтың, өткеннің сабақтарын ұдайы есте сақтауымыз керек. Мемлекеттік деңгейде бірлік пен достықты нығайтуға бағытталған бағдарламалар қабылданғаны абзал. Отбасылық дәстүрлердің күшеюі, үлкендерге құрмет, басқа ұлттардың дәстүрлеріне ыждаһаттылық та насихаттан тыс қалмағаны қажет. Этномәдени орталықтар келісім мен теңдік идеясын одан әрі ұстануы зор мәнге ие. Бірлік идеясын таратуға, ұлтаралық келісімді дәріптеуге көмектесетін танымал блогерлерді, жұлдыздарды, қоғамдық пікір көшбасшыларын тарту керек деп ойлаймын.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button