Маңызы зор апталық
Қараша айының үшінші жексенбісі Бүкіләлемдік жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Осыған орай, Қарағандыда жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында ауқымды іс-шаралар өткізілуде.
Жуырда тәртіп сақшылары «Қан тапсырып, өмір сыйла!» акциясын ұйымдастырған болатын. Шара барысында полицейлер жол-көлік оқиғасында зардап шеккендер үшін 12 литрден астам қан тапсырды. Сондай-ақ, көлік қозғалысы тығыз Бұқар жырау даңғылында полиция қызметкерлері мен еріктілер жасанды жол апатын ұйымдастырып, қарағандылықтардың қайырымдылығын тексеріп көрді. Эксперимент нәтижесінде «Мерседес» көлігінің ішіндегі жарақаттанған адамдарды көрген жүргізушілердің көбі ұялы телефондарымен бейнетаспаға түсірген, кейбіреулері, тіпті, оқиғаны байқамаған сыңай танытқан.
Қарағанды облысы Ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, «тұрғындар зардап шеккендерге қаншалықты алғашқы көмек көрсете алады?» деген сынақ жүргізілген. Бұған «Қызыл крест» және «Қызыл жарты ай» ұйымдары да атсалысқан көрінеді. Бірақ, шара кезінде кейбір көлік иелері әлеуметтік желілерде жариялау үшін оқиғаны камерасына түсіріп әлек болыпты. Негізі, медициналық көмек алғашқы 15 минутта көрсетілуі қажет. Алайда, акцияны ұйымдастырушылар жүргізушілер зардап шеккендерге көмек көрсетуде жедел шешім қабылдай алмағандығын мәлім етті.
Бір айта кетері, жыл басынан бері Қарағанды облысында 576 жол-көлік оқиғасы орын алып, 120 адам қаза тапқан, 773-і түрлі дәрежеде жарақаттанған.
Алдағы уақытта да жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында халықтың назарын аудару үшін бірқатар профилактикалық шаралар жүргізілмекші.
Нұрдос КӘРІМ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.