Жаңалықтар

Аймақта маңызды жобалар мақұлданды

Облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжановтың төрағалығымен өткен кезектен тыс XXXIII сессия аймақтың басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды шешімдерімен ерекшеленді. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қала және аудан әкімдері, қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, сондай-ақ, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Күн тәртібіне үш негізгі мәселе шығарылды. Атап айтқанда, Қарағанды облысын басқару схемасын бекіту, облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күшін жою және «дайын күйінде тапсырылатын» құрылыс жобаларының тізбесін бекіту мәселелері қаралды.

Сессия барысында қабылданған ең маңызды шешімнің бірі өңірді басқарудың жаңартылған құрылымын бекіту болды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес, Қарағанды облысында жаңа мемлекеттік орган – Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылатын болды. Бұл бастама балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысты күшейтуді көздейтінін атап айту керек.

Облыс әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Спабеков өз баяндамасында қазіргі таңда балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше өзекті болып отырғанын атап өтті. Мәлімдеуінше, жаңа басқарма осы саладағы барлық қызметтердің жұмысын үйлестіретін негізгі құрылымға айналмақ.

Жаңа орган құрылғанымен, мемлекеттік қызметшілер санының артпайтынын айрықша атап өткен жөн. Басқарманың кадрлық ресурстары ішкі қайта бөлу есебінен жасақталады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға бағытталған оңтайлы шешім ретінде бағаланып отыр.

Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов бұл бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Бала – біздің болашағымыз. Соңғы уақытта балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қоғамдағы ең өзекті тақырыптың біріне айналды. Бұл – заңды әрі орынды талап. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ел иесі. Сондықтан да, олардың жан-жақты қорғалуына жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет, – деді Нұркен Сайфиддинұлы.

Сонымен қатар, депутаттар Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының атауын өзгерту туралы ұсынысты да мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Енді бұл құрылым Цифрлық технологиялар басқармасы деп аталады. Жаңа атаумен қатар, басқарманың құзыреті де кеңейтіліп, цифрлық трансформациямен бірге, жасанды интеллектіні дамыту бағыттарын қамтиды. Бұл өзгеріс – өңірдің заманауи технологияларға бейімделуін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – «дайын күйінде тапсыру» қағидаты бойынша жүзеге асырылатын құрылыс жобаларының тізбесін бекіту болды. Аталған тізімге Қарағанды қаласында салынатын 1500 орындық конгресс-холл құрылысы енгізілді. Жобаны іске асыру жаңа бастамаларға жарияланған қолданыстағы мораторий аяқталғаннан кейін қолға алынбақ.

Конгресс-холл салу мәселесі – кеншілер астанасы үшін бұрыннан бері көтеріліп келе жатқан өзекті жобаның бірі. Өйткені, Қарағанды сияқты тарихы терең, ірі индустриялық қалада ауқымды мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге лайықты заманауи концерт залының қажеттілігі айқын сезіледі.

Жалпы, сессия барысында қабылданған шешімдер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, әлеуметтік маңызы бар бағыттарды күшейтуге және өңірдің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Бұл бастамалар кеншілер өлкесінің тұрақты дамуына жаңа серпін беретіні анық.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button