Маңызды міндеттер межесі
Шет ауданының 27 ауылына қызмет көрсететін «Шет-Энерго» компаниясының электр желілерінің 90%-ға тозуы жергілікті тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз етуіне кедергі келтіріп отыр. Аудан әкімі Мұхит Мұхтаров соңғы екі жылда апаттар санының үш есеге артқанын атап өтті. Алайда, компанияға салынған айыппұлдар да мәселені шеше алмаған. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жағдайды заңнамалық негізде бақылауда ұстауды және тұрғындардың өмір сүру сапасын бірінші орынға қоюды тапсырды. Аппараттық жиын барысында аймақта металлургиялық кластерді дамыту және ғылыми хаб құру мәселесі де кеңінен сөз болды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская өткен жылы 1280-ге жуық жаңа бизнес жобасы мемлекеттік қолдауға ие болғанын мәлімдеді.

Шеттің электр жүйесінде тексеріс
Сонымен, ұзақ жылдар бойы 27 ауылға қызмет ететін «Шет-Энерго» компаниясы инфрақұрылымын жаңғыртуға мән бермеген. Жыл сайын апаттар саны артып келеді. Салдарынан аудан халқы үнемі осы түйткілмен күнделікті бетпе-бет келуге мәжбүр. Ауданда жергілікті көлемде төтенше жағдай режимі енгізілгені сәл бұрынырақ ақпарат құралдарында жарияланған еді. Қазір аккредиттелген ұйымдар желілер жағдайын тексеруге кірісті.
– Проблеманың ауқымын түсіну үшін 2023 жылы 94, 2024 жылы 300-ге жуық апат тіркелгенін, осы жылдың басынан бері 81 апат болғанын атап өткен жөн, – деді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров. – Тұрғындар үнемі жарықтың сөнуіне шағымданады. Бизнес зардап шегуде. Әлеуметтік нысандар тұрақты энергиясыз қалып отыр.
Аудан әкімі желілердің жағдайын айғақтайтын фотосуреттерді алға тартты. Мәселен, 2023-2024 жылдардағы аумақтық энергетикалық қадағалау департаменті «Шет-Энерго» компаниясын сегіз рет тексеріп, бірқатар тәртіп бұзушылық үшін басшылыққа айыппұл салған. Бірақ, оң өзгерістер болмаған. Аумақтық энергия қадағалау департаменті басшысының міндетін атқарушы Айрат Қарамурзиннің хабарлауынша, кәсіпорын энергия беруші ұйым талабына сәйкес келмейді. Жыл сайын әзірлік паспортын алу қажеттігі туралы нұсқама еленбеген. Директор мен бас инженер тиісті ережелерді бұза отырып, білімдерін біліктілік тексеруден өткізуді қажет деп санамаған. Ең бастысы, күрделі жөндеу тұрғысындағы жоспар жоқ.
Өз кезегінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аудан электр желілерінің техникалық жағдайын бақылауды жалғастыруды тапсырды.
– Барлық іс-әрекеттер заңнамаға сәйкес болуы тиіс, ең бастысы – тұрғындардың мүдделерін қорғау. Адамдар зардап шекпеуі тиіс! – деп атап өтті өңір басшысы.
Металлургиялық кластер дамиды
Келесі кезекте облыста металлургиялық кластер дамитындығы сөз етілді. Келісімге облыс әкімдігі мен Qarmet компаниясы қол қойды. Бұл жергілікті тауар өндірушілердің әлеуетін дамытуға көмектеседі. Жалпы алғанда, экономиканы әртараптандыруға игі әсер етеді. Жаңа жұмыс орындары пайда болады. Ал, инновациялық жобаларды қолдау үшін техникалық ЖОО базасында ғылыми хаб құру жоспарлануда. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жақын арада металлургиялық кластерді дамыту жоспарын ұсынуды тапсырды. Ол, сондай-ақ, шағын индустриялық аймақтарды кеңейту және кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа тәсілдерін іздеу қажеттігін баса белгіледі.
– Инновациялық дамуды ынталандыру және жаңа технологияларды енгізу шеңберінде Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің аясында ғылыми хаб құру мәселесі пысықталуда. Инновациялық жобаларды қолдау, стартаптар құру және технологияларды дамыту үшін инфрақұрылымды, қызметтер мен бағдарламаларды ұсыну көзделіп отыр, – деп хабарлады өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев.
Кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасының іске асырылуы туралы облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы 1280-ге жуық жаңа бизнес жобасы мемлекеттік қолдауға ие болған. Жобаларды субсидиялау және кепілдендіру сияқты құралдар сұранысқа ие. Оны өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары белсенді пайдалануда. Тағы бір тиімді құрал – мемлекет есебінен қажетті инженерлік инфрақұрылымды бизнес нысандарына жеткізу. Мысалы, Теміртауда кокс өндіретін кәсіпорын үшін су құбыры желілері салынады. Саранда мемлекеттік қолдау аясында санитарлық-гигиеналық өнім шығаратын зауыт газға қосыла алады.
– Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Субсидиялау бойынша қабылданған міндеттемелер бойынша мың жаңа жоба мен 1690 жобаны қаржыландыруды жоспарлап отырмыз. Осы жылдан бастап, қолдаудың жаңа құралы іске қосылды – бұл субсидиялау және ішкі сауда субъектілеріне кепілдік беру. Қаңтар айында қазіргі заманғы сауда форматтарын салуға және кеңейтуге бағытталған 9 жоба мақұлданды. Сондай-ақ, осы жылдан кәсіпкерлік басқармасы кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету бойынша бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып табылады. Ол облыстың кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асырылады, – деді Ирина Любарская.
Кәсіпкерлік өркен жайып келеді
Облыста шағын және орта бизнес тұрақты негізде өсуде. Субъектілер саны 101 мыңнан асты. Мұнда өңірдің экономикалық белсенді халқының жартысына жуығы жұмыс істейді.
– Бизнесті қолдаудың нәтижесі – экономика өсімін ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестициялар тарту және салық базасын кеңейту, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңес аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті мәселелерді ашық талқылау алаңына айналды. Электр желілерінің тозуы мен энергетикалық инфрақұрылымдағы кемшіліктер тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіндіктен, бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінді. Ал, металлургиялық кластерді дамыту мен ғылыми хаб құру бастамалары аймақтың өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға соны мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының кеңеюі бизнес қауымдастығына тың мүмкіндіктер ұсынып, өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта шағын және орта бизнестің өсуі, инвестициялардың артуы және инфрақұрылымның дамуы өндірісті өңірдің экономикалық картасындағы жаңа белестерді айқындамақ. Ең бастысы, атқарылып жатқан барлық жұмыстардың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсартып, өңірдің өркендеуіне үлес қосу. Бұл бағыттағы бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, аймақтың тұрақты дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»