Жаңалықтар

Маңызды мәселелер мақұлданды

Аймақтың балабақшаларында білім берудегі бір балаға мемлекеттік тапсырыс 9 мың теңгеге ұлғаяды. Бұған дейін әр балаға 29 мың теңге бөлінсе, енді, бір балаға 38 мың теңге бөлінеді. Осы және өзге де маңызды мәселелер облыстық мәслихаттың онлайн режимінде өткен кезектен тыс VIII сессиясында талқыланды және халық қалаулылары облыстық бюджетке өзгерістерді мақұлдады.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешов тізгіндеген жиынға аудан әкімдері, басқарма басшылары және басқа да жауапты мемлекеттік қызметшілер қатысты. Сессияның күн тәртібінде қаралған мәселелер депутаттар тарапынан қол көтеріп дауыс беру арқылы мақұлданып отырды. Білім беру саласының қажеттіліктері ескеріліп, қосымша 4,8 миллиард теңге бөлінген. Қаржы басқармасының басшысы Людмила Башаринаның мәлімдеуінше, бұл қаражат 1-4-сынып оқушыларының тегін тамақтануына, балабақшаларда жан басына қаржыландыруға, шәкіртақының ұлғаюына, балалардың қауіпсіздігіне һәм басқа да игі істерге жұмсалады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын жөндеуге де қаржы бөлінсе, облыстың жеті мемлекеттік мұрағатына қорды сандық жүйеге ауыстыру үшін қаражат бөлінді. Бұдан басқа, тұрақтандыру қорын құруға, фермерлерге минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға шығындар да қарастырылған. Тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалмай, бюджетте кезекте тұрған мұқтаж жандарға үйлер салу мен қайта жаңартуға, халықтың әлеуметтік қорғалатын санаттарына пәтер сатып алуға ауқымды қаржы бөлінді. Ал, Саран қаласында индустриалды аймақ инфрақұрылымының құрылысы, атап айтсақ, газ құбыры мен су құдықтарының құрылыс басталмақ. Бұл жобалар да облыстық бюджет есебінен қаржыландырылады.

– Бұл қаражат аймақтың дамуына, әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалады. Өте маңызды мәселе – тұрақтандыру қорларын толықтыру. Біздің фермерлер мен тауар өндірушілердің әлеуметтік жауапкершілігін атап өткім келеді және оларға аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көрсеткен көмектері үшін алғысымды білдіремін. Биыл жаз құрғақ болғанына қарамастан, диқандар жақсы өнім жинады. Бұған мемлекеттік қолдау көмектесті. Біздің тараптан минералды тыңайтқыштарды субсидиялау мәселесін толығымен жабу үшін қолдан келгеннің бәрі жасалды, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Сессияда депутаттар мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жаңа үш жобасын да мақұлдады. Қарағандыда инвесторлар екі жаңа емхана мен сәулелік диагностикалық орталық салуға ниетті екендігі де айтылды. Жиында сонымен қатар, Балқаш қаласы мен Ақтоғай ауданының шекарасына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Депутаттардың толық қолдауымен Шұбартүбек және Тораңғылық елді мекендерін Балқаш қаласының әкімшілік аумағына қосу туралы шешім қабылданды.

– Бұл әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, елдімекендерді ауызсумен қамтамасыз ету және абаттандыру, жарықтандыру һәм көгалдандыру, санитарлық тазарту мәселелерін және басқа да жергілікті мәселелерді тиімді реттеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, Балқаш көлінің туристік инфрақұрылымы белсенді дамитын болады. Бұл мәселе Үкіметте биыл 2 рет қаралған. Осындай игі мақсатпен осы екі ауылды Балқашқа беріп отырмыз. Басты мақсат – Балқаш көліне туристерді тарту. Осы жылдың соңында немесе келесі жылдың басында Шашубай кентін Балқаш қаласына және Сарышағанды Приозеркіге беру мәселесімен осы өңірлерге келеміз. Өздеріңізге белгілі 2 жылдың ішінде Қоңырат кентіне Балқаштан орталықтандырылған жылуды тарттық. Осы мәселе Шашубайда да қолға алынып, 2 жылдың ішінде жасалады деп жоспарлап отырмыз, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button