Жаңалықтар

Мағынасыз ән мен ессіз клип енді эфирге шықпауы мүмкін

Есер ән, ессіз клиптер енді эфирге шықпауы мүмкін. Мәдениет және спорт министрлігі әншілердің киімінен бастап, әннің мәтініне дейін сүзгіден өткізетін ережені заңға кіргізбек. Қазір министрлікте құрылған комиссия осы жобамен айналысып жатыр. Ол бойынша, сахнада ән айту үшін  орындаушылар арнайы лицензия алуға да міндеттелмек. Ал эстрада әншілерінің бұған қатысты пікірі қандай? КТК арнасының тілшілері мәселенің мәнісін зерттеп көрді.

Ештеңе таппай «эщкеремен» әндеткендердің, сан жалтыратып шығуды сән көргендердің әрекетін ақтайтындардан даттайтындар көп. Хайп қуып өнерді майып қылғандардың қылығы қытыққа тигенмен, қой дейтін қожаның болмауы шымбайға батып-ақ тұр. Әттеген-айы оларды осы жолға бастап жүрген продюсерлер  бұл әрекеттерінен еш әбестік көрмейді.

-Если трек качает да, если трек очень яркий, почему я должна надеть на девушек платье которое не в контексте с музыкой

Әнге киім сәйкес келмейді екен деп жартылай жалаңаштану қай ұшпаққа шығарады сонда? Саф өнердің қалыптасқан стандартын қаңсық, батыстың былыққан ағымын таңсық көру жаппай жігіттерге де жұққанын көз көріп жүр. Мәдениет және спорт министрлігі бұл бассыздықты тоқтатудың амалын тапқандай. Күйінген, сынағандардың, таза өнерге шөліркегендердің шағымы естір құлаққа жетті. Заңға түзету енсе, бірінші кезекте жанды дауыста айта алмайтын көлденең көк аттыларға нан болмайын деп тұр. Оның үстіне концерт өткізу үшін арнайы рұқсат беріледі. Ал, оны елеп-ескермегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.

Жеңіс Сейдоллаұлы, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры:

-Концерттің қандай форматта өтетінін, концерт қандай дизайнда өтетінін, киіміне шейін соның бәрін қарастыруға біз 2019 жылы сондай заңды аяғына қоймақшымыз. Осы бір жылдың ішінде бағынып кетеді деген менде ой жоқ. Олармен отырып, жеке-жеке сөйлесу керек. Кімді шығару керек, кімді шығармау керек.

Бастаманы бірінші болып қолдағандардың қатарында “чип-чиппен” аты шыққан Асхат Тарғын да бар. Хит әннің мәні болмағанын өзі де мойындайды.

Асхат Тарғын, әнші: Мәтіні қатты мағына да жоқ. Әйтеуір жеңіл ән ол. Ол қателікті мойындаған да ерлік дейді ғой.

Енді есті ән айтуға ден қойған әнші тыңдарманның құлақ құрышын мәнді әуендер қандыруы керектігін айтады. Ол үшін эстрадаға сүзгі қажет деген пікірде.

Асхат Тарғын, әнші: -Заң күшіне енетін болса егерде, біраз реттеліп, біраз тазартылып қалады. Енді ол қалай болғанда да біз үкіметтің заңына бағынамыз. Бір жағынан. Екінші жағынан сарапшы халық. Халық керегін тыңдайды. Керегін алады.

Заң жобасына түзету енгізілсе фонограмаға сенгендердің де салы суға кететіні анық. Бірақ, бұл бастаманы басқа әншілер қолдар ма екен? Өткелден өте алам ба деген қауіп енді көбін мазалайтын сыңайлы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button