Ресми

Мақсаты – айқын, жұмысы – жүйелі

Жергілікті мемлекеттік басқарудың құрамдас бөлігі – түрлі деңгейдегі мәслихаттардың басты қозғаушы күші – депутаттар өз өкілеттіктеріне сай жұмыс жоспары бойынша әрекет етеді. Алға қойған мақсаты – айқын, жоспары – жүйелі, аудан халқының мұңмүддесін тыңдап, шешілуіне ықпал етіп жүрген, №25 Қарқаралы сайлау округінен облыстық мәслихат депутаты болып сайланған Саят ОСПАНОВТЫҢ ықпал етуімен біршама жұмыс жүзеге асуда. Депутат халық пен билік арасында дәнекер болып, әлеуметтің әлеуметтік жағдайының жақсаруына аянбай еңбек етіп келеді.

Депутаттық жұмыстың да қиыншылықтары жетерлік. «Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», тепе-теңдікті дұрыс ұстап, халықтың да сенімін ақтауда да үлкен жауапкершілік жатыр. Осы орайда, мемлекеттік бағдарламаларды басшылыққа алып, ел Президентінің жыл сайынғы Жолдаулары мен бастамаларын халыққа насихаттай отырып, олардың жүзеге асуын қамтамасыз етуде.

Саят Қайратұлы облыстық мәслихаттың заңдылық және азаматтардың құқықтары жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі ретінде аудандағы маңызды деген мәселелерді көтеруде. Алдымен, қала басындағы көпбалалы аналарға қайырымдылық көмек көрсету жұмыстарын дұрыс жолға қойған.

«Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» республикалық маңызы бар автожолды қалпына келтіру, оның ішінде, «Қарқаралы-Матақ» жолын жөндеу, Жарлы өзені арқылы көпір салу, «Тегісшілдік-Көктас» автожолын жөндеу мәселелерін көтеріп, біразының шешілуіне ықпал етті.

Өзі басшылық жасап отырған М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжін де назардан тыс қалдырған емес. Аталмыш колледж ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандар даярлауды жүзеге асырып келе жатқан еліміздегі жетекші оқу орындарының бірі болып отыр. Оқу процесіне қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген оқу орнының студенттеріне арнайы 100 орындық жатақхана да салынды. Колледжге қажетті деген мамандарды жұмыспен қамтамасыз етуге, әрі олардың жағдайын жасауға, кез келген жақсы жаңалықтарды, алдымен өз ұжымында жария етуге, жүзеге асыруға қызмет жасап келеді.

Аудан аумағындағы елдімекендер тұрғындарымен, мекеме-кәсіпорын ұжымдарымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдап, оны билік алдында көтеріп, заңдық тұрғыда шешілуіне жұмыстар жасауда.

Сонымен қатар, Қарағанды облыстық мәслихаты жанындағы заңдылық және азаматтар құқығы жөніндегі тұрақты комиссия отырыстарында, облыс аумағындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Осакаров ауданының әкімшілік-аумақтық құрылғыларына өзгерістер енгізу, халықты қорғауды қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, техногендік сипаттағы жүйені жетілдіру, төтенше жағдайларды жою және оның алдын алу жөніндегі жұмыс жағдайы туралы, мемлекеттік қызметтер көрсетіп отырған сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою, Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданының шекарасын өзгерту туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметінің қарауына енгізу, Қарағанды қаласының Ленин көшесін Абай көшесі деп қайта атау туралы іс-шаралардың қаралуына қатысып, тиісті шешімдерді қабылдауға атсалысты.

– Мен облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған №25 Қарқаралы сайлау округі бойынша «Депутат сағаты» кезінде және жеке қабылдауларда сайлаушылар өздерін алаңдатқан түрлі ұсыныстармен, өтініштермен келеді. Кездесуге келген азаматтарды тыңдап, туындаған мәселелерді жауапты мекемелер мен кәсіпорындардың басшыларына депутаттық ұсыныстар арқылы шешуді өзімнің жауапкершілігіме алып, атқарылған жұмыстар бойынша сайлаушыларға жауап беріп отырамын. Сайлаушылармен кездесу барысында ауылдық жерлердегі мектептердің жабылуы, жол мәселесі, ауыз су мәселесі, жұмысқа орналасу, интернет, байланыс желісі туралы көптеген сұрақтар туындап жатады. Осындай өзекті мәселелер назарымнан тыс қалған емес, – дейді депутат Саят Оспанов.

«Халық айтса, қалт айтпайды». Өткір де өзекті мәселелер жеткілікті. Олар да өз кезегімен шешіліп жатыр. Осындай мәселелердің шешілуіне сүбелі үлесін қосып, билік пен халық арасындағы дәнекер болып жүрген халық қалаулысы облыстық мәслихаттың депутаты алдағы уақытта да ауданның бірқатар мәселелерін шешуге күш салатындығына сенеді сайлаушылары.

Сағыныш ӘБІЛ.

 

Басқа материалдар

Back to top button