Жаңалықтар

Мақсаты айқын Мақсат

Өңірдегі жетекші машина жасау кәсіпорындарының бірі – «Құрылысмет» ЖШС (НОММ зауыты) №2 өндіріс орнында 100-ге жуық жас маман жұмыс істейді. НОММ зауыты – Шахтинскідегі қала құраушы кәсіпорындардың біріне айналған әйгілі өндіріс ошағы. Сол жерде еңбек етіп жүрген жас жұмысшылардың бірі – Мақсат Тоханов.

Сурет автордан

НОММ зауыты 1974 жылы үш электромеханикалық шеберхананың негізінде құрылған. Жарты ғасырлық тарихы бар өндіріс орны бүгінде «Qarmet» АҚ шахталарымен қатар Шахтинск қаласының қала құраушы кәсіпорындарының бірі саналады. Кәсіпорын шахта жабдықтарын, электр дәнекерленген болат құбырларды шығарады. Мұнда еңбек етіп жатқан жас мамандар еліміздің өндіріс индустриясын дамытуға, жаңа деңгейге көтеруге атсалысуда.

Қазір техникалық және жұмысшы мамандықтарға сұраныс артқан шақта, НОММ зауыты – жастар үшін кәсіби өсу мен табысқа жетудің алаңына айналып отыр.

Бүгінде «Құрылысмет» ЖШС №2 стандартталмаған жабдықтар мен шағын механикаландыру өндірісінің еңбек ұжымында 500-ден аса адам еңбек етуде. Зауыт болғасын да бұл жерге қажетті металл, құрал-жабдық пен керекті заттарды уақытылы жеткізу маңызды. Цех арасындағы көлік тасымалы, логистика да кәсіпорынның міндетіне кіреді.

«Құрылысмет» №2-ші өндіріс орны транспорт бөлімінің басшысы Мақсат Тоханов «Зауыт жұмысы – қызық әрі сан салалы» дейді. Айтуынша, бала кезінен техникаға, әртүрлі станоктарға қызығушылығы өндіріске келуіне сеп болған. Мақсатпен бірге зауытта өзімен құралыптас жастар еңбек етуде.

– Зауыт жұмыскерлерінің 35-40%-ы жастар. Дегенмен, көптеген жастар жеңіл жұмысты қалайды, ал, зауыттың жұмысы жеңіл-желпі қарайтын дүние емес. Десек те, бізге жұмыс істеуге жыл сайын жастар келеді. Қазір өндіріс орнында 35 жасқа дейінгі 97 жас бар. Зауыт қызметкерлері ортақ іске жұмылады. Кеше істелген жұмыс келесі күні қайталанбайды, яғни, бірінші күні дәнекерлеуші болсаң, екінші күні станокта істейтін токарь мен фрезеровкі жасайтын жұмысшы болып кете бересің. Мысалы, мен бір жылдан астам тау-кен жабдықтарын жөндеуші слесарь болдым. Жер асты, яғни, шахтаны қазатын комбайндарға күрделі жөндеу жұмыстарын өткізетінбіз. Әрбір редуктордың ішкі құрылысы мен жұмыс істеу тәртібі қызық болатын. Осылай зауытта жұмыскерлердің міндеті күнделікті ауысып отырады. Сөйтіп жүріп, қалай шыңдалғаныңды білмей қаласың, – дейді ол.

Мақсат Жұмабайұлы 2012 жылы Қарағанды политехникалық колледжін «Транспорт жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша бітірген. Алғаш келгенде зауыт жұмысының қыр-сырын білмейтін жас жұмыскерлерге тәжірибелі мамандар көмекке келіп, бағыт-бағдар көрсетеді екен. Мақсат та сол үрдістен өткен. Бүгінде жастарға көмек көрсететінін айтады.

– Біздің зауытта қалыптасқан үрдіс бойынша – жаңадан келген жас маман тәжірибелі, жұмыс өтілі көп маманға тапсырылады. 1-2 ай шамасында қасында жүріп үйренеді. Жастарға ненің қалай жасалатынын, қай жұмыстың қалай істелетінін көрсетіп үйретіп жіберсең, болашақта өз ұжымыңа тәжірибелі маман дайындап аласың. Жастар – біздің болашағымыз, әрбір тәжірибелі маман – еліміздің бір тірегі іспеттес, сондықтан ештеңеден қорықпай кірісіп кету керек, – дейді ол.

Сонымен қоса, еңбекқор жас Мақсат Тоханов бүгінде Шахтинск қаласының мәслихат депутаты.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button