Басты тақырыпОблыс әкіміРесми

Мақсатты индикатор – оң динамика

Бейсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Астанада өткен Парламенттік тыңдау аясында Қарағанды облысының денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі туралы баяндады.

Халық қалаулыларының алдында сөз алған аймақ басшысы «Облыстың денсаулық сақтау саласының жұмысын ұйымдастыруда екі мақсатты бағдарға алып отырмыз: олар – медициналық көмекті қолжетімді ету және тиімділігін арттыру. Облыстың денсаулық сақтау саласын дамыту жолында өңіріміздің ерекшеліктерін де ескердік», – деді.

Мәселен, өңірлік стратегияның басты бағыттары таңдап алынды. Денсаулық сақтау жүйесін басқарудың заманауи технологиялық әдістерін енгізу. Инфрақұрылымды дамыту және кадр әлеуетін нығайту. Сондай-ақ, сапалы дәрілік препараттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Жалпы, Қарағанды облысында 130 медициналық мекеме мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі ең үлкен медициналық желілердің бірі.

Денсаулық сақтау саласына жүйелі өзгерістер қажет болғандықтан, медициналық мекемелердің жұмысын реттеу, оларды өзара үйлестіру үшін Кешенді медициналық ақпараттық жүйе іске қосылды.

Аймақтың денсаулық сақтау саласын толық цифрландыруға бағытталған қадамның бірі – осы.

Денсаулық сақтау саласының менеджерлері осы жүйені дайындауға қатысып, барлық қажетті функцияларды ескерді.

Бірегей цифрлық кеңістік, экожүйе құрылды, оған барлық медициналық мекемелер қосылды. Әрбір пациентке электронды карта ашылуда. Сол арқылы емделу тарихын, өздеріне тағайындалған емді білуге мүмкіндік берілді.

Негізінен, облыстағы медициналық мекемелер Ситуациялық орталықтар арқылы өзара үйлестірілген.

Мысалы, жедел жәрдем машинасы жүрек талмасы ұстаған алыстағы ауыл тұрғынына жолға шықты делік. Науқасты орталыққа жеткізу үшін едәуір уақыттың кететіндігі белгілі. Ал, бұл ретте әрбір минут қымбат.

Сондықтан, науқастың кардиограммасын жедел түрде кардиологиялық орталыққа жол үстінде жіберіп, дәрігерлер онлайн режимде алдын ала диагноз қоя алады.

Бұл – көптеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін инновациялық технология, – деді өңір басшысы.

Бұдан бөлек, аймақта негізгі профильдік бағыттар бойынша 7 ситуациялық орталық жұмыс істейді. Жүйе әрбір дәрігердің жүктемесі мен оның қызмет көрсету сапасын бақылауға мүмкіндік береді.

Жаңа жүйе «Кезексіз емхана» жобасын іске асыруды бастауға мүмкіндік берді. Және электронды сервистер іске қосылды. Олар арқылы дәрігерлердің қабылдауына қазірдің өзінде 500 мыңнан аса пациент жазылған.

Қазірдің өзінде «ДамуМед» мобильдік қосымшасын облыстың 100 мыңнан аса халқы пайдалануда.

Ал, инфрақұрылымды дамыту мәселесі – Мемлекет басшысы алға қойып отырған негізгі міндеттің бірі.

Бүгінде бір учаскелік дәрігерге, орта есеппен, 2200 адам бекітілген. Бірақ, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, алдағы жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 1500 адамға төмендеуі қажет. Мәселені шешу үшін облыста шағын отбасылық денсаулық орталықтарын дамыту жөніндегі жоспар қабылданды. Халық тығыз орналасқан ықшам аудандарда «қадамдық қолжетімділік» қағидасы бойынша шағын емханалар ашылуда.

Алғашқы жоба Қарағанды қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылды.

Жеке инвестицияларды тарту арқылы осындай тағы 3 отбасылық денсаулық орталығының құрылысын биыл бастаймыз.

Осындай жеке инвестициялар салу арқылы аллергологиялық орталық, гемодиализ орталықтары, нейрореабилитация желісі мен офтальмологиялық орталықтар ашылды.

Жалпы былтырғы жылы 2,5 млрд. теңге жеке инвестицияларды тартумен 17 жоба іске асырылды.

Ал, биылғы жылдың бірінші жартысында 2 млрд. теңгеден аса сомаға 10 жобаны іске асыруды бастау жоспарлануда, – деді Ерлан Қошанов.

Бос тұрған ғимараттарды кәдеге жарату бойынша да жұмыстар қолға алынды. Мысалы, Балқаш қаласында бұрынғы балалар ауруханасының бос тұрған ғимаратында диагностикалық орталық ашылды. Жезқазғанда қаңырап бос қалған аурухана қалашығы қалпына келтірілуде. Мұнда да заман талабына сай бірнеше емхана ашылады. Облыстық профильдік орталықтардың филиалдарын ашу жөніндегі жұмыс та өз жемісін берері сөзсіз.

Облыс аумағы үлкен болғандықтан, халықтың шашыраңқы қоныстануы ескеріліп, көлік медицинасын дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Яғни, алыстағы аудандар жол талғамайтын көліктермен қамтамасыз етілді. Облыстық кардиохирургия және травматология орталықтарының жанынан мамандандырылған мобильді көлік бригадалары құрылған. Өткен жылдың өзінде қосымша 37 реанимобиль сатып алынды. Бірегей диспетчерлік желіні құрудың нәтижесінде, бұл қызметтің жеделдігі 25%-дан 95%-ға дейін артқан. Сондай-ақ, былтыр қаржыландырудың лизинг, кейінге қалдырылған төлемдер сияқты тетіктері арқылы 5,7 млрд. теңгеден асатын қаражатқа 700-ге жуық техника сатып алынған.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында медициналық кадрлар даярлау мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Елдегі жетекші медициналық жоғары оқу орындарының бірі Қарағандыда орналасқандықтан, өңірдің осы мақсаттағы мүмкіндігі орасан.

Президенттің тапсырмасын орындау үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, Назарбаев Университетінің тәжірибесімен биыл Қарағанды қаласында университет клиникасын ашатын боламыз.

Ол білікті медициналық кадрларды даярлайтын база болады.

Кадр даярлау бір бөлек, ал оларды біздің өңірде қалдыруға ынталандыру – екінші күрделі мәселе.

Сондықтан, облысымызда медициналық мамандарды тұрақтандыру бойынша ұзақ мерзімді бағдарлама дайындалды, – деді облыс әкімі.

Баршаға белгілі, жас дәрігерлерді өңірлерде қалуға қызықтырудың басты шарты – оларға жайлы пәтер ұсыну. Біздің облыс басшылығы осы мақсатта да қол қусырып отырған жоқ. Бұған дейін жазғанымыздай, былтыр Балқаш қаласында тұрғын үйдің бос қалған подъезі қалпына келтіріліп, 18 пәтерге жөндеу жүргізіліп, республиканың түкпір-түкпірінен шақырылған жас мамандарға үлестірілді. Игі істер жергілікті бюджет есебінен жалғасын тауып, Жезқазған, Саран, Шахтинск, Абай қалаларында дәрігерлер үшін 60 пәтер тапсыру жоспарланған. Бастысы, қазіргі күні облыстағы дәрігерлер тапшылығын 150-ден 60 маманға дейін азайтуға мүмкіндік туған.

Облыс әкімі депутаттар алдында сөйлеген сөзінде Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясындағы жұмыстарға да тоқталды.

Биыл Балқаш қаласындағы медициналық колледждің студенттері 300 орындық жатақханамен қамтамасыз етілетін болады, – деді аймақ басшысы.

Тұрғындардың сапалы дәрі-дәрмектерге қолжетімділігі де күн тәртібінен түскен емес. Ерлан Қошанов айтқандай, былтырғы жылы қаржыландырудың тапшылығына байланысты проблемалар болғаны жасырын емес. Дегенмен, биыл Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, осы мақсатқа жеткілікті қаражат қарастырылды. Мәселе оң шешімін тапты.

Облыстың тұрғындарына қолайлы болуы үшін, мемлекеттік медициналық ұйымдарда созылмалы сырқаттарға арналған тегін дәрілер беретін дәріханалар ашылды. Сондай-ақ, 1 млрд. теңгеден астам қаражат үнемделіп, жетіспейтін дәрі-дәрмектерді қосымша сатып алуға жұмсалған.

Президент тапсырмасына орай, медикаменттердің бағалары да жіті бақылауда. Облыстың емханаларында 37 әлеуметтік дәріханалар жұмыс істейді. Оларда дәрі-дәрмектер бөлшек сауда желісіндегі бағадан 15-30% арзан сатылады. Шалғай өңірлерді жылжымалы дәріхана пункттерімен қамтамасыз ету де қолға алынбақ. Бастысы, мақсатты индикаторлардың барлығында оң динамика байқалатынын айтқан аймақ басшысы сенаторлар алдында өз ұсынысын да ортаға салды.

Бүгінгі күнде Міндетті медициналық сақтандыру қоры облыс үшін қаржыландырудың лимиттерін өзі дербес белгілейді.

Сақтандыру медицинасымен жұмыс істейтін дамыған елдер тәжірибесінде лимиттер «төменнен-жоғарыға» принципіне сай қалыптастырылады. Яғни, лимиттер өңірлердің нақты қажеттіліктеріне негізделуі тиіс. Бұл қажеттіліктерді жергілікті атқарушы органдар негіздеуі және қорғауы қажет.

Осы лимиттерді белгілеуге қатыса отырып, біз денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын одан әрі дамытуды сапалы түрде жоспарлай аламыз. Сол арқылы тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасы жақсаратын болады.

Соның ішінде, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы. Тек, осылай ғана инвесторлардың сұранысын қанағаттандырамыз, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button