NEET жастары туралы кейінгі жылдары жиі айтылатын болып жүр. Еш жерде оқымайтын, ешқайда жұмыс істемейтін жастар санатына жататын аймақта 23 мыңнан астам адам бар. «Барлығы қолжетімді заманда жастардың өмірден өз орнын табуға не кедергі?» деген сұрақ келеді көкейге.
Облыстың жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Жасұлан Хамитов түсіндіргендей, жастар мектептен кейін бірден жақсы лауазым мен жоғары жалақы алғысы келеді. Алайда, ол үшін еңбектенгісі келмейтін көрінеді. Бас маман аталған санаттағы жастарды жұмыспен қамту үшін кешенді жұмыстар жасалып жатқанын алға тартты.
NEET санатындағы жастардың барынша көп санын қамту үшін Ұлттық жұмыспен қамту бағдарламалары мен өңірлік сипаттағы жобалар пайдаланылады. Оның ішінде, биылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «Мүмкіндіктер марафонын» айтуға болады. Ол тікелей NEET санатындағы жастарға бағытталған.
– Біз осы бағытта нәтижелі жұмыс жүргізіп жатырмыз, – дейді Жасұлан Хамитов. – Жоба ақпан айынан бастау алады. 7 ай ішінде NEET санатындағы 22 246 адаммен атаулы жұмыстар жүргізілді және 180 түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, бос орындар жәрмеңкесі, дөңгелек үстелдер, ашық есік күндері, жұмыс орындарына экскурсиялар өтті. Мұның барлығы жастарды тартуға, олардың еңбек етуге деген ынтасын оятуды көздейді.
Оның айтуынша, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, 333 адамға – психологиялық, 248 адамға – құқықтық кеңес, 5 мыңнан астам адамға ақпараттық кеңес берілді. Осы санатқа жататын 6 050 адам мансап орталықтарына жүгінген, оның 3 142-сі жұмысқа орналастырылды. Қысқамерзімді курстарға жіберілгені, жұмыссыз ретінде тіркелгені де бар.
Мамандар бұл жастардың өздері ниет білдіріп, еріктерімен келгені маңызды екенін айтады. Дегенмен, мансап орталықтары қызметкерлерінің тарапынан жасалып жатқан жұмыстар көп. Олар аулаларды аралайды, мектептер мен колледждерге барады, жастармен әңгімелеседі, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес береді. Өңірде жастар көп жиналатын орындарға баратын және мемлекеттік қолдау шаралары туралы әңгімелейтін мобильді топтар бар. Тұрақты негізде бос орындар жәрмеңкелері өтеді. «Жасыл ел», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және басқа да бағдарламалар жұмыс істейді, қысқамерзімді кәсіптік курстар ашылды. Оның ішінде, «Жасыл ел» жобасы аясында сарбаздар қатарына қабылдау кезінде қатысушының әлеуметтік мәртебесі ескерілетінін атап өткен орынды. Осылайша, жаңа маусымда кемі 10% мемлекет тарапынан ерекше қолдауды қажет ететін жасөспірімдер алынды. Бұл –1318 адам, оның ішінде, NEET жастары да бар. Екі жыл ішінде осы санаттағы 60-тан астам адам жастар еңбек жасақтары құрамында жұмыс істеді.
Жүйелі түрде жастарды шағын және орта бизнеске тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Jas project» бірегей жобасы NEET санатындағы Қарағанды жастарына өзін көрсетуге мүмкіндік берді. 2021 жылдан бастап осы жобаға 148 жас қатысты, оның шеңберінде 148 млн теңге сомасына гранттар берілді. Жастар түрлі деңгейдегі гранттық қолдау бар екенін білуі керек. «Jas Project» аясында биыл Қарағанды облысынан NEET санатындағы 14 адам грант алды.
Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, Саран қаласының Мансап орталығы жастармен белсенді жұмыс істеуде. Биыл 490 жас жұмысқа орналастырылды, оның ішінде NEET санатындағы 27 адам бар. Біз мұны Саран қаласына арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры барысында білдік.
– NEET санаты бізде ерекше бақылауда. Орталық арқылы 12 адамды тұрақты жұмыс орындарына, 8 адамды қоғамдық жұмыстарға орналастырдық, екеуі қысқамерзімді кәсіптік оқуға жіберілді, ал, төртеуі «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына, біреуі – «Әлеуметтік жұмыс орны» бағдарламасына қатысады. Бесеуі Skills Enbek платформасында дағдылар бойынша алдын ала дайындықтан өтіп, сертификаттарын алды, – деп атап өтті Саран қаласының мансап орталығының директоры Татьяна Черкасова.
Ол бүгінде жергілікті ірі кәсіпорындарда көптеген бос орындар бар екенін тілге тиек етті. Олар өздеріне қажетті мамандарға сұранысты негізгі порталдан басқа мансап орталықтары арқылы да жасайды екен.
Руслан Пегрусь – мансап орталығының арқасында «QazTehna» зауытына жұмысқа орналасқандардың бірі. Бұған дейін ол бейресми түрде күзет және құрылыс нысандарында жұмыс істеген.
– Жасым 34-те. Екі жылдан бері осындағы зауытта жұмыс істеп келемін. Орталықта маған жұмысты тез тауып берді. Айналасы 3-4 күн ішінде хабарласып, бос жұмыс орындарын ұсынды. Бастапқыда бірінші дәрежелі автослесарь болдым. Емтихан тапсырып, қазір үшінші разряд алдым. Жұмысым ұнайды, ұжымым да, бастықтар да жақсы. Шығармашылық топ та бар, мәдени шараларға қатысамыз. Бұған дейін де жұмыс істедім, бірақ, ресми тіркелмеген едім. Алдағы болашағымды, отбасымды ойлап, тұрақты табыстың болғаны жақсы екенін түсіндім. Әрі қарай осы мамандық бойынша кәсібилігімді арттыра беремін, – дейді Руслан.
Саран техникалық колледжін жыл сайын 150-170 түлек бітіріп шығады екен. Колледж директоры Әлішер Жұмаділдиннің айтуынша, жұмыспен қамту – 100%, ал, мамандық бойынша – 70%-дан асады.
– Мұнда барлық мамандықтар жергілікті индустриялық аймаққа бейімделген. Тек жұмысшы мамандықтары бойынша оқытамыз. Атап айтқанда, жерасты электрослесары, тігінші, аспаз, дәнекерлеуші, автомеханик, слесарь-жөндеуші мамандықтарын игеріп шығады. Оқу бітірушілердің жұмысқа орналасуын бір жыл бойы қадағалаймыз. Саран – қарышты дамып келе жатқан өңір. Мұнда мамандар бос жатпайды, жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары, – дейді ол.
Алина Красник өткен жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетін бітіргенімен, мамандығы бойынша жұмыс таппаған екен. Содан бері жұмыссыздар қатарындағы Алина жақында осы колледжден жұмыс тауыпты.
– Білімім бойынша мен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысымын, – дейді Алина Красник. – Бастапқыда жұмыс іздедім, таппаған соң іздеуді доғардым. Ата-анаммен бірге тұрамын, сондықтан, жұмыс жағын көп уайымдаған жоқпын. Оның үстіне, өзіме ұнайтын, ыңғайлы болатын жұмыс орнын тапқым келді. Қаңтарда маған Жастар ресурстық орталығынан қоңырау шалып, бірнеше бос жұмыс орындарын ұсынды. Шынымды айтсам, жұмыс істегеннің қандай болатынын түсінгім келді. Шілде айынан бастап, колледжде хатшы болып орналастым. Мансап орталығы жұмыс тауып беру жағынан маған көп көмектесті. Кім біледі, алдағы уақытта өз мамандығым бойынша да жұмыс істеуім мүмкін.
Қазіргі уақытта облыста NEET жастардың саны шамамен 8,1% құрайды. Бұл мамандардың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда 2,7%-төмен.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым