Мақсат – мәжбүрлеу емес, мәнін түсіндіру
Қазақстанда АЭС салу мәселесі жөніндегі екіұдай пікірлер қоғамдық ортада да, әлеуметтік желілерде де толастамай тұр. Соған байланысты құрылған Республикалық халықтық штабтың мүшелері бұл жолғы сапарларында Абай ауданындағы Топар кентінің тұрғындарымен кездесіп, 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдум алдында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Абай аудандық халықтық штабының және «Аманат» партиясы аудандық бөлімшесінің төрағасы Нұрлан Адашев бастап келген бұл үгіт-насихат тобының құрамында Республикалық халықтық штабтың мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Үнзила Шапақ пен Тілектес Адамбеков, «Ақжол» партиясы төрағасының орынбасары Айнаш Байқоңырова, облыстық халықтық штабтың сарапшысы, ҚЭУ «Экология және бағалау» кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлжан Байкенова, облыстық халықтық штабтың мүшесі, «Ауыл» партиясы облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Аян Әбдікәрімов болды.
Ең әуелі кентте орналасқан аудандық орталық аурухана ұжымымен болған жүздесуде Үнзила Шапақ бұл сапарларының мақсаты халықты референдумға қатысуға мәжбүрлеу емес, елімізде АЭС салудың мәнін түсіндіру екенін бірден ашып айтып, оның қауіпсіздігі мәселелеріне назар аудартты.
– Мен осында келердің алдында Алматы қаласындағы Ядролық физика институтында 3 сағат болып, 400 мВт қуатпен жұмыс істеп тұрған шағын ядролық реактордың қауіпсіздігімен танысып, ондағы ғалымдар және жұмысшылармен сөйлесіп, пікірлестім. Сонда олардың сөзінен жылдар бойы денсаулықтарына кінәрат келмей, дені сау ұрпақ өсіріп жатқандарын аңғарып, көзім жетті, – деп,Үнзила Шапақ ақ халатты жандардың да алаң көңілін орнына түсірді.
Республика Парламенті Мәжілісінің қатарынан 7,8-шақырылымдарының депутаты болып сайланған Тілектес Адамбеков:
– Қазір дүние жүзінде ешбір мемлекет көмірмен жағылатын электр станцияларын салмайды. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметіне сүйенсек, бүгінде әлемде 415 ядролық энергетикалық реактор жұмыс істеп тұр және тағы 62-сінің құрылысы жүргізілуде. Бұлардың басым бөлігі АҚШ (94), Франция (65), Қытай (56), Ресей (36), Оңтүстік Корея (26), Жапонияда (12).
Осындай дамыған өркениетті елдер қатарына қосылу үшін бізге бір емес, бірнеше АЭС салу керек болады. Әзірге осы алғашқы АЭС-ті белгіленген 10-12 жылда салып бітірсек, ол біздегі энергия тапшылығының бәрін бірдей жаба алмайды.Оның жетімсіздігінің орнын баяғыша өзімізде бар энергия қуаттары, соның ішінде сіздердің ГРЭС-те, толтыра тұратын болады. Бірақ бара-бара бұлардан бас тартуға тура келеді, – деді.
Шынымен де, осы күнге дейін көмір жағылатын энергия орталықтары зиянды қалдықтарымен ауамыз бен қоршаған ортаны ластап отырса, жел мен күн энергиясы көп ретте ауа райына тәуелді болса, гидроэлектр станциялар су тапшылығынан зардап шегеді.
– Сондықтан да, – деді тағы Тілектес Адамбеков, – еліміздің толық тәуелсіздігін геосаяси жағдайдың тұрақтылығы ғана емес, энергетикалық тәуелсіздігіміз де қамтамасыз ететінін түсінуге тиіспіз.
– Сол энергетикалық тәуелсіздікке жетудің бірден-бір жолы атом электр станциясын салу болып табылады. Одан нағыз экологиялық таза энергия алынады, – деп қостады оны Гүлжан Байкенова да. – Еліміз әлемде уран өндіру жөнінен бірінші, ал оның қоры жағынан екінші орында тұрса, сол мол байлығымызды ел игілігіне жаратып, электр энергиясын сырттан сатып алғанша, оны өзімізде өндіріп, тіпті, келешекте оны экспортқа неге шығармасқа?!
Кездесу кезінде осы аурухананың хирургі Ержан Рамазанов АЭС салу туралы әңгіме қозғалып отырған ауруханада әлі күнге онкологиялық ауруларды зерттейтін радиологиялық және басқа да заманауи аппараттардың мүлдем жоқтығын қынжыла айтты.Өз кезегінде Үнзила Шапақ оның бұл жанайқайын облыс басшылығы мен тиісті органдарға жеткізуге уәде етті.
Келесі кезекте кенттегі «Энергетиктер» Мәдениет үйінде болатын кездесуге келген адамдардың дені зейнет жасындағы қарттарымыз болып шықты. Бірақ олардың оқыған-тоқығандығы, білімдарлығы Мәжіліс депутаттарының өзін таң қалдырып,Үнзила Шапақ оны «Түсіндірмек болып келіп, біліктілігімізді байытып қайтамыз ғой» деп мойындады. Сол дана ақсақалдарымыздың бірі, өз мамандығы энергетик, 86 жастағы Бансет Салықов әңгімені әріден бастап, АЭС-ті қай ел салатынын сұрап, ол салынып біткен күнде энергетикалық қауіпсіздігіміздің тірегі болатын бұл стратегиялық нысанның біреудің не басқа елдің меншігіне өтіп кетпеуіне алаңдаушылық білдірді.
Бұл мәселе алдағы референдум бюллетеніне енгізілмесе де, түбі күні бір қозғалары анық. Осы орайда жауап берген Тілектес Адамбеков қазірде Қазақстанда АЭС салуға құлшыныс танытып отырған елдердің қатарында Қытай, Ресей, Франция, Оңтүстік Корея бар екенін, соның ішінен біздің елге тиімді және тартымды жоба таңдап алынатынын, ал, нысанды басқару мемлекеттік деңгейде шешілетінінен хабардар етті.
Зейнеткер қарттарымызды мазалайтын тағы бір нәрсе – АЭС-те жұмыс істеуге тиіс кадрлар мәселесі. Дегенмен, бізде оған алаңдауға негіз жоқ екені түсіндіріліп, айтылды. Яғни салынған АЭС-те 2 мың адам жұмыс істейтін болса, 2011-2023 жылдар аралығында елімізде «Ядролық физика», «Ядролық энергетикаға арналған материалдар», «Ядролық физика және атом энергетикасы» мамандықтары бойынша 2 мың адам даярланса, биыл 250 студент осы мамандықтарға оқуда көрінеді. Сол себепті, Қазақстанда АЭС құрылысын салуға қажет қуатты шикізат базасы да, білікті маман кадрларымыз да жеткілікті екен ғой. Міне, осылардың бәрін естіп, қаныққан топарлықтардың да алдағы референдумға ешкімнің күштеуінсіз барып, дауыс беруіне күмән жоқ.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz