Жаңалықтар

Маңдай тер сіңген еңбек

Көне ғұрып қолөнерді заманға сай лайықтап, кәсіп қылуға болатынын дәлелдеген жастарды көргенде жүрегіңіз жылиды. Әуелі, дәстүрді жаңғыртып, жаңартып, ХХІ ғасырға алып шыққаны үшін. Салт-дәстүрді сабақтағаны үшін. Ғұрыпты ұмыт қалдырмағаны үшін. Осының бәріне жүрек жылитындай-ақ қой. Қарағанды қаласында тұратын Жанерке Ахметжанова осылайша тәңір берген несібесін теріп келеді. Еңбегімен өнген жас кәсіпкер.

Қазір кәсіп қыламын, еңбек етемін дегенге мүмкіндік бар. Мемлекеттік қолдаудың түрлі бағдарламасы қарап отырмайтын кісіге көп көмек. Тың идеялардың толағай табысқа бастайтынын бұқара осы күні жете түсінді. Өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып, тәуір тұрмыс кешіп жатқандар солайша тәуекелге бел буғандар.

Жанеркенің «Ерке» ательесі жұмыс бастағанына небәрі жыл жарым уақыт. Содан бері тапсырыс берушілері де, өнімдерінің де қатары молайған. Облыс әкімі грантын жеңіп алған Жанерке құрақ көрпе, ою көрпе дегеннен бастап, қыз ұзату, тұсаукесер тойына қатысты түрлі тапсырыстар қабылдайды екен.

– Ателье «Ерке» ашылғанына бір жарым жыл болып қалды. Осы уақытқа дейін клиенттер айтарлықтай көбейді. Грант арқасында ісім өрге жүзді. Бұл грант – іс бастайтын жастарға зор қолдау.

Әзірге өзім ғана жұмыс істеп отырмын. Алдағы уақытта көмекші алу жоспарда. Бүгінде менің қолдаушым, әрі тірегім Құдай қосқан қосағым – Мадияр Мақанов пен алтын енем. Осы шаңырақтың табалдырығын келін ретінде аттағалы маған көмектерін аянып қалған кезі жоқ. Тіпті, тапсырыстарды үлгермей қалатындай жағдай туса, түнімен менімен бірге жұмыс істеп, көмек қолын созады.

Келін болып түскенде, өз ісімді бастағым келді. Бастамама енем қолдау көрсетті. Алтын енем іс тігетін машинка алып берді.

– Ең алғашқы тапсырыс карантин кезінде түсті. Бетперде тігуге тапсырыс берілді. Бір түнде 100- ден аса маска тіккен едік. Кейін грант ұтып алған соң іс машинаның қуаттысын алуға мүмкіндік туды, – дейді Жанерке.

Осы күні Жанеркенің тұтынушыларының қатары мол. Тіпті, 24 сағат – тәулік бойы өтініш айтқандардың тапсырысын тапжылмай отырып, тігетін ерік-жігер жеткілікті.

«Бизнес бастағанда таныстартуыстар клиент-тін. Кейін жарнамаға «24/7» белгісін қойып едім, тапсырыс берушілер саны артты. Түнде де тапсырыс қабылдаймын. Байқасам, Қарағанды бойынша түнімен тапсырыс қабылдайтын мен ғана екенмін», – дейді Жанерке.

Бұл күні жас кәсіпкер мекемелерден тапсырыстар алып отырса керек. Мекемелерден арнайы киімі, перделер, акт залын безендіру секілді жұмыстарға сұраныс жиі екен. Сонымен қатар, қазақтың той-томалағына қатысты барлық қажетті бұйымдар жасайтын қабілет-қарымы жеткілікті. Оған да сұраныс әжептәуір көрінеді. Әйтеуір, еңбектен қашқан кезі жоқ.

Еңбектің жақсы-жаманы жоқ, әманда. Қандай еңбек болса да, құрметке лайық. Өйткені, ол еңбектің әрқайсысына маңдай тер сіңген. Маңдай термен келгеннің қадірі ерен болуы тиіс ендеше. Жас шебер Жанеркенің еңбегі де дәл сондай.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

ҚАРАҒАНДЫ

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button