Мағауияның маңында
Президент сыйлығының иегері, публицист,
қаламгер Мағауия Сембайдың туғанына – 70 жыл

Қаламгерлігінің үш кезеңі
Қазақтың қабырғалы жазушысы, қазақ-совет журналистикасында өндірістік журналистиканың негізін қалаушы атақты Бейімбет Майлин өткен ғасырдың 30-жылдарында Қарағандыға үш-төрт рет келіп, өзінің «Қызыл жалау» романына материал жинағаны, көмірлі қалада өндіріс озаттарымен кездесіп, изотовшы-стахановшы Мағауия Рақышев туралы «Мағауияның маңында» деген шағын да өшпес туындысын жазғаны бар. Сонда бір жиылыстың «баяндамашысы» болған Мағауияның президиум үстеліне барғанда қолына қайласы жүргенін қызық қылып келтіреді. «Мынау не етпек болды?» деп жұрт таңырқап қалады. «Сөзге шебер кісі емес қой, ауыздан гөрі қолы епті. Қайланы ұстаған қолымен түрлі қозғалыс жасап, сол көптің ынтыққан керегін ұғындырып шығып еді. Сұлу сөздерден гөрі жұмысшыларға мұның «тілі» ұғындырақ көрініп еді», деп жазады классик.
«Орталық Қазақстан» газетін ширек ғасырдай басқарып, ұйымдастырушылық қабілетімен де, қалам қарымымен де танымал болған журналист Мағауия Сембаев қазақтың болашақ журналистері алдында баяндама жасаса Алтын қаламын алып шығып, «міне осылай жазу керек», деп ақ қағазға айбақ-сайбақ етіп сөз маржандарын тізер ме еді. Немесе, «мыналардан оқып алыңдар» деп «Жауынгер қыздар» (1995), «Қолыма қалам алдым айтамын деп…» (2005), «Алаштың алдаспаны» (2011), «Құбылыс» (2015), «Ой-тамызық» (2015), «Жерұйық» (2017) атты жинақтарын ұсынар ма еді. Қалай болған күнде де айтары көп асыл Азамат, ғибраты мол Қаламгер, тәлімі зор Ұстаз болғаны даусыз.
Мен өзімді Мағауияның (Сембаев) маңында жүрген, журналистиканың қыр-сырын бірге үйренген замандасы, орынбасары болып «Орталықтың» батпан жүгін бірге арқаласқан әріптесі, басқа да қарағандылық қаламгерлер сияқты шығармашылығына талдау жасап жүрген шолушысымын деп есептеймін. Әр бес жыл сайын газеттің мерейтойын өткізіп, басылым тарихына қатысты бірқатар мақала, кітаптар шығарамыз деп жүріп, шежірешісі де болып алдым. Мағауияның өзі айта беретін ең алғашқы есте қалар, атышулы «Жұмбақ номерден» қайтар жылы жазған ең соңғы, айтулы «Жошы ханға» дейінгі бүкіл шығармашылық та, өмірлік жолы да көз алдымда. Алты жыл мемлекеттік қызметте болғаным болмаса (оның өзінде де баспасөзге, тіл саясатына қатысты) менің де өмір жолым «Орталықтың» құтты шаңырағында өтіп, оның қызығы мен шыжығын Мағауиямен бірге бөлістік…
Мағауияның шығармашылық қырларын негізінен үш кезеңге бөлуге болады. Алғашқысы жоғарыда айтқанымдай, Журналистік кезеңі, яғни журналистиканың қыр-сырын үйрену жылдары. Бұл жолда ол редакторлар Р.Сағымбеков, Т.Жүсіпов, Н.Оразбеков, Р.Сүлейменов пен «Егемендегі» Шерхан Мұртазаның мектебінен өтті (1976-1997 жж.). Журналист ретінде қалыптасып, елге танымал қаламгер болды. Өзі бір сұхбатында айтқанындай: «Рамазан ағай қаламыма бас білдірді. Дұрыс соқпаққа салды. Нұрағаң мен Шерағаң батыл жазуға, тайсалмауға баулыды».
Екінші кезең «Орталықтың» тізгінін ұстап, халық қалаулысы атанған тұс. Тәуелсіздіктің елең-алаңында газет таралымы азайып, беделі де құлдырап кеткен еді. Көп күш жұмсауға тура келді. Бұл мақсатқа жоғары органның «разнарядкасы» арқылы емес, газеттің мазмұнын жақсартып, безендіруін түрлендіруге, қазақтың мүддесін көздеп, патриоттық сезімін ояту арқылы, шалғайдағы аудандарға шығып, ауылдағы басты оқырманмен тікелей тілдесу арқылы халықтың мұң-мұқтажын, арман-мүддесін білу арқылы қол жетті. Осы жылдары облыстық мәслихаттың үшінші-төртінші шақырылымының екі дүркін депутаты болып сайланып, ел басқару мектебінен сабақ алды. Депутаттыққа өзінің атақ-дәрежесі үшін емес, облыстың бас мінберінен өзінің сүйікті «Орталығының» мәртебесін көтеріп, қаржыландыруын арттыруды мақсат етіп, сайланды. Туған өлкесінің гүлденуі, Қарағайлы сияқты қаусап қалған өндірісті қайта жандандырып, халықтың екі қолына бір күрек ұстатуды арман етті. Ойлаған жоспар, бағдарламасын негізінен орындап, халық алдында абыройы артты. Бұл оның өміріндегі Қайраткерлік кезеңі дер едім.
Үшінші кезең өмір өткелдерінен өткен салиқалы қаламгердің жоғарыда аталған кітаптардың соңғы төртеуін жарыққа шығарған, көркем очерктер мен есте қалар естеліктер жазып, классик жазушы Мұхтар Мағауин, еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров және басқа тұлғалардың сан қырлы әлемін халқына таныта білген, «Ой-тамызық» деп аталатын шағын философиялық толғауларын дүниеге әкелген сәті. Бұл жылдарды көсемсөз шебері атанып, толысқан Публицистік кезеңі деуге болады.
Алпыс репортаждан басталған адым
Мағауияның ең алғаш көзге түскен тұсы жаңашыл редактор Рамазан Сағымбековтің тұсындағы атақты «Алпыс репортаждан» басталады. 1980 жылдың маусым айының соңында редакторымыз маған, Мағауияға және тәжірибелі журналист ағамыз Базарбай Мұстафин үшеумізге Қазақстанның алдағы 60 жылдық торқалы тойы қарсаңында күн сайын бір материал жариялай отырып, облыстың 60 кәсіпорын-мекемесінен алпыс репортаж жазуды тапсырды. Уақыттың тығыз екенін, облысты аралап, күн сайын бір мақала жариялаудың қандай қиямет екенін айтып, жалбарынып едік, көнбеді. Әсіресе Мағауия екеумізге шүйлікті. «Жассыңдар, өздеріңді көрсетіңдер, болашақ сендердікі», дегенге сайды әңгімесі. Рахаң жастарды, өзінің университеттегі шәкірттерін жақсы қолдайтын. Мен үшін әдейілеп ауыр индустрия деген еш жерде жоқ бөлім ашып, меңгерушісі қылып тағайындаған. Мағауия партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Базекең мен аса тәжірибелі журналист, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қағазбек Сәденовтің мектебінен өтіп, енді өзі айтпақшы «секретариаттың кухнясының» дәмін татып жүрген. «Жақсылап жазсаңдар, Журналистер одағының сыйлығын алғызып берем», деді басшымыз. ҚазМУ-дің журналистика факультетінде қызмет еткен, журналистика ортасында беделі зор оқытушы-ғалым емес пе?! Айтқанын орындайтындығын жақсы білеміз. Осының алдында ауыл проблемалары туралы «Орталықтың» циклдық материалдары бойынша одақтың бас жүлдесін өзі бастап, Амантай Сағындықов пен Рымқұл Сүлейменовке алып берген. Ол енді көлемді болса да, үш-төрт мақаладан ғана тұратын. Ал, мынаның саны табаны күректей – 60! Рахаң материал жазудың жолдарын да айтты. «Талай озат, белгілі ұжымдарда болып жүрсіңдер, сол материалдарыңды жаңартып, кейде телефон арқылы алып, тарихынан мәлімет беріңдер», – деді.Ұрыста тұрыс жоқ, дереу іске кірістік. Редакцияның жағдайы белгілі, кейде көлік береді, кейде жаяулап-жалпылап, облысты кезіп кеттік.
Содан, не керек, газетте 27 маусым күні жарияланған менің «Гапеевтің ізбасарлары» деп аталатын, Қарағандыны Қарағанды еткен геологтар туралы мақаламнан басталған хикая тура мереке қарсаңында, 26 тамыз күні шыққан, Қушоқы көмір разрезі туралы «Көгілдір шоқылар» деген репортажыммен аяқталды. Рахаңның ақылымен мен ылғи жазып жүретін Қарметкомбинаттың домна, мартен, прокат цехтары, ақ қаңылтыр цехы мен жаңа әуежай құрылысы, іргеміздегі Қарағандының ХМИ, КНИУИ, ВостНИИ, «Карагандагорсельпроект» сияқты ғылыми-зерттеу, жобалау институттары мен көмір бірлестігінің есептеу орталығы сияқты нысандарын таңдаппын. Мағауия болса, Осакаров ауданына бір барғанда элеваторы мен фабрикасынан, кешегі коммунарлармен байланыстырып, бүгінгі «Коммунар» совхозынан материалдар алып келді. Сондай-ақ, Қарағайлы комбинаты мен радиорелейлі байланыс жүйесінен, Топар жылыжайы мен Нұра ауданынан және Костенко мен Горбачев атындағы, «Северная» шахталарынан жазыпты. Базекең де бір сапарында өзі жақсы білетін Қарқаралы ауданы, оның әйгілі «Салтанат» ансамблі, «Шахтер» демалыс үйі, Нұркен совхозын қамтыпты. Саран педучилищесі мен Жамбыл мектебі мен басқа да оқу орындары мен мәдениет мекемелерін, т.б. жырға қосыпты. Мақалаға үшеуміз де қол қоятын болғандықтан бүгінде тарихқа айналған таспадағы жазбаларды кімнің жазғанын ажыратайын дегенім ғой.
Сонда төрт жылға жетер-жетпес тәжірибесі бар, небәрі 25 жастағы талдырмаш келген жігіт Мағауияның бізден қалыспай, облыстың сан-салалы өмірінен жауапты тапсырманы ойдағыдай орындағанына таңым бар. Базекеңді айтпағанда менің өзім одан институтты жеті жыл ерте бітіріп, өндірістік, ғылыми жұмыс тәжірибем бар ғой. Рамазан ағамыз да сөзінде тұрды. Алматыдағы әріптестеріне айтып, Журналистер одағының сол кездегі аса беделді жүлдесін ойып тұрып, алып берді.
Би-ағаның үлгісімен
Тілеухан Жүсіпов тұсында енді марқұм замандасымыз Ермағамбет Лұқпановпен бірге ұлы Жеңіс тақырыбына «Қарағандының жауынгер қыздары» деген мақалалар циклын жариялауы да есте қаларлық оқиға болды. 1942 жылы өз еріктерімен майданға аттанған қарағандылық 50 қыздың тағдырын зерттеп, олардың ерлігін ұрпаққа үлгі етіп ұсынды. Бұл жазбалар кейін осы жолдар авторы мен журналист Марал Хасеновтің орыс тіліне аудармасымен «Жауынгер қыздар – Боевые подруги» деген атпен жеке кітап болып жарияланды. Бұл өзімізге қараған жігіттер арасында майда-шүйде брошюраларды қоспағанда тұңғыш рет кітап болып жарыққа шығуы еді. Кеңес өкіметі кезінде кітап шығару қияметтің қияметі болатын. Цензурадан бұрын баспаның жоспарына ену, Орталық Комитеттің сүзгісінен өту астаналықтардан басқаларға бұйырмайтын.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болған кезеңде Мәкең 1985 жылдың соңына қарай облысымыздағы белгілі ауыл шаруашылығы маманы Н.Әдекеновтің «Ірі қараның іргелі мәселелері» деген проблемалық мақаласын ұйымдастырып, ол бір жыл бойы газет бетінде талқыланды. Көтерілген мәселеге партия, совет қызметкерлері де, ғалымдар да, мамандар мен қарапайым малшылар да үн қосты. Сондықтан облыстық партия комиеті газетті қолдап, өзінің бюро мәжілісінде қарап, қаулы қабылдады. Облыстық партия комитетінің қазақ тіліндегі басылымдарды ескеріп, мұндай қаулы қабылдауы ол кезде үлкен оқиға еді.
Газетімізге Нұрмахан Оразбеков редактор болып келгенде Мағауия редакциядағы ең басты буын – партия тұрмысы бөлімін басқаратын. Бұл тарихқа қайта құру, демократияландыру кезеңі болып енген алмағайып заман еді. Батыл редактор тұсында партия органдарындағы сайлау науқанын газет барынша өткір жариялап тұрды. Бұрынғысынша шаппай бәйге алмақ болған хатшылар, заңды бұзғандықтан газет қармағына ілініп, лауазымдарымен қоштасты. Нұра ауданынан Навоенко, Ульянов ауданынан Беляев осылай газет кәріне ілікті. Ульянов ауданында өзімсінген басшының өрескел істері туралы Мағауияның екі мақаласын аудандық газеттің сұратуы бойынша орыс тіліне аударып берген едім, мұның да әсері зор болған көрінеді.
Өзінің жан-жақты журналист болып қалыптасқандығын Мәкең «Егеменге» екінші рет барғанда іс жүзінде дәлелдеді. Республикалық газеттің меншікті тілшісі ретінде бірінен-бірі өткен сын, проблемалық материалдар жариялады. Сөйтіп, оның қаламынан «Қарағандыкөмір» бірлестігі («Көмір ошағының көші түзелді») мен оның шахталары, металлургия комбинаты мен оның сортты прокат өндірісі («Соры қалың сортты прокат») , қаусап қалған Қарағайлы («Қарағайлыны кім және қалай қаусатты?») туралы және т.б. салиқалы мақалалары жарқ етіп шыға бастады. Бұл табыс жылдар бойғы тәжірибемен, үздіксіз ізденіспен келді. Алпыс репортаж тұсында-ақ, одан кейін де Мағауиямен облыстың өндіріс орындарының жұмысы, ерекшеліктері туралы жиі пікірлесетінбіз. Рахаңның бастамасымен «Теміртау жұмысшысы» деп аталатын газет ішіндегі газет» шығарғанда белгілі журналист Сүйіндік Жанысбай үшеуміз Қарметкомбинаттың барлық негізгі цехтарын бірнеше рет аралап, адамдарымен сырласқанбыз. «Комбинатты копр (копер болуы керек) цехынан 2-ТЭЦ-ке дейін тегіс аралап шықтым» деп отыратын жарықтық. Үшеуміз Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы шахта астына түскенімізді мен «Шахмат, шахта және Рахаң» деген естелігімде («Редакторлардың редакторы», Қарағанды, 2012) баяндаған едім. Өндірістік тақырыпты біз осылай, Би-ағаның (Бейімбеттің) үлгісімен өндірістің ортасында жүріп игергенбіз. Қазіргі жастарға мұны үлгі етеміз.
Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист,
бас редактордың 1997-2011 жж. орынбасары