Бас тақырыпТаным

Мағауин шыңы һәм Мағауия мұңы немесе жазылмаған бір эссенің тағдыры

Ертең – қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі, Алаш әдебиетінің Алтын қаламы Мұхтар Мағауиннің туған күні. Сексеннің сеңгіріне сергек көтеріліп, семсердей жарқылдаған суреткердің сүрлеуінде өтелген парыздың өлшемі, талайлы тағдырдың таңбалы жолы жатыр. Өтелген парыз өлшемі демегіміз – қаламгердің бергені. Ал, талайлы тағдыр сүрлеуінде әр шығармасының, кемел кейіпкерлерінің тағдыры бар. Осы екеуін соқталдап сомдауға жұмсалған жігер, қалам қажыры, арасындағы айтыс-тартыс, көнені жаңғыртуға жұмсалған көз майы, таланты, талғамы, бәрі-бәрі қаламгердің өз тағдырын жасайды. Жазу!

Сурет автордан

Жалпы, Мұхтар Мағауиннің ұлт әдебиетіндегі орны «көзі тірі классик» деген жалаң бағамен шектелмесе керек-ті. Өз басым Мұхаңды тек қазақтың ғана емес, тұтас Түркі әлемінің төріне жайғасып, «бас ұстап, бата беретіндей» қадірі бар қаламгер деп бағалаймын. Ендеше, бойына Абайдың рухын сіңіріп, Мұхаңа (Әуезов) мұрагер, Ілиясқа (Есенберлин) ізбасар болған, бұрын Бұқар жыраудан басталады деп келген ұлт әдебиетін ары қарай үш ғасырға жылжытқан орасан еңбегі бар қаламгерден қазақ әдебиетінің төрін қызғанатын жөніміз жоқ. Жә, Мағауин әлеміне әдеби тұрғыдан баға беріп, қаламгерлік қуатына талдау жасайтын данышпаның мен емес. Мен – бар болғаны оқырманымын.

Дәл осы жазбаны да жазатын жөнім жоқ. Егер, ұстазым, Арқа баспасөзінің қара нары, Мағауиннің рухани інісі Мағаш көкем (Сембай) тірі болғанда, бәрі басқаша болып, жауһар дүние жарқ ете қалар еді. Рас, Мағауин – өз биігіне көтерілген қаламгер. Шың басынан қарайды қазағына. Ал, Мағаш ағамның тағдыры мұңға айналып, мұнартып тұр. Суреткер ағасының мерейтойына ерте дайындалған. «Алла алқаса, Америкаға барып, ағамның мерейтойына қатысамын» деп жүрген. Жазуы тоқтады. Қаламының да, тағдырының да жазуы…

Ауруханада жатқанында Мейраш жеңгемнің WhatsApp желісіне «Бақанас. Киіз үй. Таң атып келеді. Мағауин және тәтем. Киіз үйге көп жылдан кейін қонғаным» деген жазба жіберіпті де, «Мен ұмытып қаламын. Осы детальдарды сақтай сал. Ауруханадан шыққан соң, Мұхтар ағаның 80 жасына эссе жазамын. Бәрі басымда тұр» депті. Шіркін-ай, аурухана төсегінде шабыты шамырқанған ағамның табытын арқалап шықтым ғой…

Міне, жазылмай қалған бір эссенің тағдыры осылай болды.

«Тәуір болған соң, екі ағам Мұқаң мен Тоқаң туралы жазуға отырамын. Қазір газеттің қара жұмысынан қол босады. Осы екі ағам мені тарихта қалдырады» дегенді маған да барған сайын айтушы еді.

Мағаш ағам өз ұстазы Нұрмахан Оразбековтің «Шыңғыс хан әлемді қылышпен жауласа, Мағауин қаламмен жаулайды» деген сөзін жиі айтатын. Тіпті, Мұхтар ағаның 70 жасына тарту еткен кітабының («Алаштың алдаспаны», «Фолиант» баспасы, 2010 ж.) бір бөлімін осылай айдарлаған. Жазушының «Шыңғыс хан» атты деректі романы кітап болып шықпай тұрып «Орталық Қазақстан» газетінің әр санына жариялап, редакторлықпен қош айтыса жаздаған кезі болды.

Сонда да мұқалмады. Қаймыққан жоқ.

 Иә, Мұхтар Мағауиннің Мағаш бауырына деген ықыласы, біздің «Орталыққа» деген ілипаты ерекше болды. Мереке сайын құттықтау жолдап, сиясы кеппеген шығармаларын ең әуелі бізге ұсынып тұрды. Қазақтан шыққан тұңғыш математик, Алаш көсемі Әлімхан Ермеков туралы жазбасы қазақ басылымдарының ішінде «Орталықта» ғана жарияланды. Өзінің «Орталыққа» деген ыстық ықыласының себебін Мағаш ағама «Ғасырлар тоғысындағы құбылыс» атты сұхбатында былай деп баяндайды: «Орталық Қазақстанда» «Шыңғыс ханнан» үзінділер, басқа да шығармаларым кітап болып басылмай жатып, жарияланып келеді. Өзім туралы да қалам сілтеп қоясың. Рухани тамырларың құнарлы топырақтан нәр алып отыр ғой. Әріге бармай-ақ, Алаш арыстарының Арқа төсінде өмірге келіп, қазақ үшін өмірлерін сарп еткенін айтсам, жетіп жатыр емес пе? Сол арыстар салған сара жолдан адаспай бүгінге жеткен әдеби, рухани, мәдени орталарыңа разымын. Мені сонау 60-шы жылдары әдеби орта мойындай қоймаған тұста «Тазының өлімі» атты повесіме талдау жасап, ең алғаш пікір білдірген Асан Жұмаділдин деген жазушы ағамыз еді. Сол пікірді де «Орталық Қазақстан» жариялаған».

Міне, Мұхтар ағаның қалам қарымына алғаш әдеби ортаның назарын аудартып, лайықты бағасын беру біздің Қарағандыдан басталған. Одан кейін жазушының 75 жасқа толған мерейтойында «Қазақ әдебиеті» газетінде берілген топтамалардың ішінен белгілі әдебиеттанушы, профессор Жансая Жарылғаповтың мақаласын ерекше бағалайды өзі. «Биылғы менің мерейтойыма арналған «Қазақ әдебиеті» газетіндегі мақалалардың ішінен Жансая Жарылғапов деген жастың пікірі бәрінен оқшау көрінді. Осы аяқ алысынан-ақ, мықты әдебиеттанушының екпіні байқалады» дейді Мұқаң Мағаш ағаға берген сұхбатында. Мағауин үшін Қарағандыдағы әдеби ортаның, Арқадағы арда болмыс бауырларының орны ерекше болғанын осыдан-ақ аңғарыңыз. Шіркін, Арқаның Мұхтар Мағауинге деген құрметі мен Мағауиннің Арқаға деген ілтипатына Мағаш ағам дәнекер болып жүр еді ғой кеше ғана.

…Қаламгердің шоқтығы биік шығармасы «Аласапыранын» ақтарып шығып, «Тазының өліміне» тамсанып, «Қыпшақ аруына» қызығумен Мағауинді таныдым деу – әурешілік. Ол – көкке қарасаң – биік, төменге қарасаң – тұңғиық терең құбылыс. Мағауин шыңын бір таныса – Мағаш ағам танып еді. Иә, Мағауин шыңы, Мағауия мұңы… Екеуі де алыстан мұнартады. Біреуі – мұхиттың арғы бетінен, екіншісі – жеті қат көктен. Алдымда иесі жоқ, киесі бар қалам мен ақ қағаз жатыр. Мағауин шыңы туралы бір эссе жазылу керек еді. Жазылмады. Тағдыр – солай…

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button