Ресми

Мәжіліс сайлауы дәстүрлі форматта өтеді

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Берік Имашев 22 қазанда өткен брифингте Парламент Мәжілісіне алдағы сайлау дәстүрлі форматта және қағаз бюллетень бойынша өтетінін мәлімдеді.

Бұған дейін желіде парламенттік сайлауда онлайн-дауыс беруге қарсылық болған еді. Пандемия кезінде сайлауды кейінге қалдыруды жақтаушылар биліктен онлайн және аралас дауыс беруге тыйым салуды талап етті. 500-ден астам қол жинаған петиция мәтінінде Конституцияда және «Сайлау туралы» Заңда интернет арқылы дауыс беру көзделмегені айтылған.

Өткен аптада ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус инфекциясына байланысты парламенттік сайлауда онлайн-дауыс беру мүмкін екенін айтты. Ал, 14 қазанда өткен брифингте Алексей Владимирович эпиджағдайға байланысты дауыс берудің әртүрлі форматы пысықталып жатқанын тілге тиек етті.

– Сайлау үдерісі «Сайлау туралы» Заңмен реттеледі. Бізде онлайн-дауыс беру туралы мәселе жоқ. Бұл сайлауды әдеттегі жүйемен, бюллетень арқылы өткіземіз, – деді, Б.Имашев ОСК отырысында.

 

Басқа материалдар

Back to top button