Мәжіліс депутаты Абай қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына барды
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Никита Шаталов Абай қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылыс жұмысы барысымен танысты.

Бүгінде полигон құрылысының 90 пайызы аяқталған, биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Абай қаласындағы полигон әкімшілік ғимараты, медициналық пункті және қызметкерлерге қажет барлық инфрақұрылымы бар толыққанды кешен ретінде салынып жатыр.
Мұнда қуаттылығы жылына 15 мың тонна болатын қалдықтарды сұрыптау желісі жұмыс істейді. Пластикті қайта өңдеуге арналған пресс-станоктар мен жабдықтар қарастырылуда. Нысанды қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жұмысымен айналысатын арнайы кәсіпорын пайдаланады.
Абай ауданында жаңа жұмыс орындары ашылады. Тұрғындардың экологиялық қауіпсіздігіне кепілдік беріліп, қоршаған ортаның жай-күйіне заманауи бақылау жасалады. Никита Шаталовтың айтуынша, полигон құрылысы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру және заманауи өңдеу технологияларын енгізу бойынша берген тапсырмаларын жүзеге асырудың жарқын дәлелі. Сондай-ақ ол қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған заманауи полигон салу экологиялық жағдайды едәуір жақсартуға, озық өңдеу технологияларын енгізуге және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА