Мәжіліс депутаттары: бастама – бізден, ұсыныс – Сізден
Мүлік иелерінің бірлестігі, кәсіпорындардағы қауіпсіздік, денсаулық саласы секілді тақырыптар талқыланған жиын бұл жолы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен өтті. Мәжіліс депутаттары қандай заң жобаларымен жұмыс атқарып жатқандарымен бөлісті.
Мәжілісте Қарағанды облысынан сайланған бес депутат бар. Кездесуге Бауыржан Смағұлов, Құдайберген Бексұлтанов және Арман Қалықов арнайы келді.
Бауыржан Смағұлов қазір Парламенттің төменгі палатасында 40-тан астам заң жобасы қаралып жатқанын айтады.
– Құрамында Арман Қалықов екеуміз бар экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитеттің жұмысында бүгінгі таңда 10-ға жуық заң жобасы бар. Олардың бірі – Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы. Мұнда көптеген сұрақтар қамтылған. Бұл Егіндібұлақ аумағына да қатысты. Сондықтан, Сіздерден ұсыныс күтеміз. Сондай-ақ, «Жылу энергетикасы туралы» жаңа заң жобасын қарастырамыз. Мәжіліс депутаттары экологиялық таза көлік мәселелері жөніндегі заң жобасына бастамашылық жасады. Ол электромобильдердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Біз Сіздермен тығыз жұмыс істегіміз келеді. Жергілікті жерлерде Сіздер барлық мәселелерді білесіздер, заңнаманың жетілмегендігін көресіздер. Ұсыныстар енгізіңіздер, біз бірлесіп шешеміз, – дейді Бауыржан Смағұлов.
Құдайберген Бексұлтанов – әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамында. Ол денсаулық сақтау мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруге қатысуға шақырды. Сонымен, қатар мүлік иелерінің бірлестігі құрылуы туралы айтты.
– Пәтер иелері кооперативтерін таңдау құқығы болуы үшін қалдыру керек. Барлығын МИБ-ке ауыстыру – үлкен қателік, оны түзету керек. Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Раумен бірге тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс енгіздік. ПИК-тің өмір сүруге құқығы бар екенін түсіну керек. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға бірқатар өкілеттіктер беру керек, – деді Құдайберген Бексұлтанов.
Арман Қалықов азаматтық қорғау туралы заңнаманы өзгерту жөніндегі жұмысқа араласады.
– Біз бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Қалай болғанда да, біз кейіннен қабылданған заңдарды орындаймыз. Келісіп алайық. Аймақтық деңгейдегі мамандар мен сарапшыларға заң жобаларын алдын ала ұсыныңыздар. Бағыттар бойынша жұмыс топтарын құруды ұсынамын, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Өз тілшімізден
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz