Мұзда мінез, қарда қайрат сыналып…
Қарағанды өңірінде дәстүрге айналған, әрі қатар өткізілетін екі бірдей қысқы спорттық спартакиада бар. Олар – қалалар арасында XXVIII рет ұйымдастырылып отырған «Ақ қыс – 2026» және аудандар арасындағы XXVIII «Қарлы қыс – 2026» спартакиадасы. Осы қос жарыстың салтанатты ашылу рәсімі Қарағандыдағы «Ақжолтай» мұз сарайында өтті.

Биылғы турнирге қала және ауданнан 500-ге жуық спортшы қатысты. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Досымбеков спартакиадаға арнайы қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Қысқы спорт мерекесіне облыстың алты қаласынан, яғни, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Приозерск, Саран және Шахтинск қаласынан келген. Ал, аудандардан Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шеттің спортшылары бар.
Спартакиаданың негізгі мақсаты – өңір тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту және насихаттау, қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшыларды анықтау. Әр түрлі жас санатындағы және түрлі сала өкілдері төрт спорт түрі бойынша өзара бақ сынауда. Атап айтқанда, олар президенттік көпсайыс, шаңғы жарысы, конькимен жүгіру және шайбалы хоккейден сынға түсті.
– Қалалар арасындағы «Ақ қыс – 2026» және ауылдық аудандар арасындағы «Қарлы қыс – 2026» қысқы спартакиадаларының ашылуымен барша спортшыларды шын жүректен құттықтаймын. Елімізде және өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Жаңа спорт нысандары бой көтеруде. Ертең Милан қаласында Қысқы Олимпиада ойындары басталады, онда 36 қазақстандық спортшы ел намысын қорғайды. Баршаңызға сәттілік, жарқын жеңістер тілеймін, – деді Берік Досымбеков.
Аталған спартакиада ойындары үш күнге созылған. Ойындар үш күн бойы облыс орталығының түрлі спорт нысандарында өтті. «Ақ қыс – 2026» қысқы спартакиадасына Шахтинск қаласынан 32 спортшы қатысыпты. Жарыс қорытындысы бойынша шахтинскілік команда конькимен жүгіруден командалық есепте және шайбалы хоккейден жүлделі ІІІ орын иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді.
– Конькимен жүгіру сайысында қыздар – 300, ал, ұлдар – 500 метр қашықтықта бақ сынады. Жарысқа екі ұл мен екі қыздан құралған команда қатысты. Қыздар арасында сынға түскен Дари Фитько, ұлдар арасынан Давид Плотонов жекелей есепте қола жүлдеге ие болды. Осы екі медальдің нәтижесінде Шахтинск командасы конькимен жүгіруден командалық есепте де жүлделі ІІІ орынға көтерілді, – деді Шахтинск қалалық мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Айдос Минлибаев.
Шайбалы хоккей бәсекесінде Шахтинск құрамасы Теміртау мен Қарағанды командаларынан айласын асыра алмай, бұл спорт түрінен де жүлделі ІІІ орынды иеленіпті.
– Бес команданың ішінде Балқаш пен Саран командасын жеңдік. Алайда, басты қарсыластарымыз – Теміртау мен Қарағанды командасынан бұл жолы да жеңілдік. Қос қарсыласқа жыл сайын есе жіберіп келеміз. Оның басты себебі – оларда айтарлықтай мықты спортшылар бар. Әрі инфрақұрылымы да бізбен салыстырғанда әлдеқайда дамығаны.
Биыл жалпыкомандалық есепте үздік үштікке ене алмай, IV орынмен шектелдік. Біз бұл спартакиадаға жыл сайын үзбей қатысып келеміз. Әр жыл сайын қола жүлдемен оралатынбыз. Өкінішке қарай, бұл жолы сәті түспеді. Жалпыкомандалық есепте ІV орынға тұрақтадық. Шаңғы жарысына да үміт артқан спортшылардың нәтижесі біз күткендей болмады, – деді Айдос Исмадиярұлы.
Биылғы «Қарлы қыс – 2026» қысқы спартакиадасында Абай ауданының командасы жеңісті қолдан бермеді. Соңғы жылдары қарсыластарына дес бермей келе жатқан ұжым бұл жолы да жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Команда сапы биыл 38 спортшымен жасақталған. Президенттік көпсайыстан абайлық спортшылар командалық сында алтын жүлдені жеңіп алса, араға көп уақыт салмай, шайбалы хоккей командасы да барлық қарсыласын ойсырата жеңіп, қоржынға екінші алтынды салды. Сонымен қатар, шаңғы жарысынан да командалық есепте күміс жүлдеге қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте оқ бойы алға шыққан.
– Қысқы спорт түрлерін дамыту мен оны кеңінен насихаттауда мұндай спартакиадалардың маңызы зор. Әсіресе, кәсіби спорттағы мансабын аяқтаған спортшылар үшін мұндай жарыстардың берері көп. Олар жас спортшыларға үлгі болып, қысқы спортқа баулуда үлкен еңбек сіңіреді.
Біздің командада егде жастағы ойыншылар да бар. Солардың бірі – 65 жасқа таяп қалған ардагер хоккейші Сергей Чалы. Ол кезінде кәсіпқой деңгейде өнер көрсеткен. Қазір хоккейден аудандар арасында өтетін облыстық түнгі лигада «Бүркіт» командасының намысын қорғап жүр, – деді Абай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің спорт нұсқаушысы Ерасыл Боранбаев.
Жарыс қорытындысы бойынша қалалар арасырда өткен «Ақ қыс – 2026» спартакиадасында командалық есепте Қарағанды командасы топ жарды. Одан кейінгі сатыға Теміртау командасы тұрақтаса, үздік үштікке Саран командасы табан тіреді. Ал, аудандар арасындағы «Қарлы қыс – 2026» спартакиадасында жалпыкомандалық есепте Абай ауданының спортшылары қара үзді. Күміс жүлдені Осакаров командасы еншілесе, Нұра ауданының командасы жүлделі ІІІ орынға қол жеткізді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



