Мұз үстіндегі мәртебе үшін
Келер айда хоккейден Әлем чемпионаты басталады. Швеция мен Дания елінде өтетін байрақты бәсекеде ұлттық құрама командасы да бақ сынамақ. Бүгінде ұлттық құрама ойыншылары жасақталып, оқу-жаттығу жиындарына кірісті. Ал, құрама сапына қарағандылық «Saryarqa» клубының шабуылшысы Александр Борисевич шақырту алды.
27 жастағы спортшы ұлттық құрама сапына жастар және кіші жасөспірімдер санатында жүргенде өткен. Содан бері бірнеше мәрте әлем чемпионатына, халықаралық және басқа да ірі байқауларға қатысып, жүлделі орын иеленген.
Былтыр ұлттық құрама «В» тобында өнер көрсетіп, өз тобынан шыға алмай қалған еді. Биыл да осы топта. Бірақ, қарсыластары ауысқан. Биылғы қарсыластар да осал емес. Әуелі Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі ойындарын Хернинг қаласында өткізеді. Бұл кезеңде Норвегия, Германия, Венгрия, Дания, Чехия, АҚШ және Швейцария сынды елдердің ұлттық құрама командасымен кездеспек.
Чехия құрамасы – былтырғы әлем чемпиондары. Ал, Швейцария чехиялықтардан ақтық кезеңде жеңіліп, ІІ орын иеленген. Былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегерлері топтық кезеңде алдына қара салмаған. Одан бөлек, Германия мен АҚШ құрамасы – топтық кезеңде үздік үштікті өзара бөліскен мықтылар.
Дегенмен, отандастардан жеңіс күтеміз. Себебі, биылғы құрам кіл мықтылардан жасақталған.
Өз тілшімізден
Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан