АбайАймақСпорт

Абай ауданында шайбалы хоккейден аймақтық турнир өтті

Абай ауданындағы «Жігер» стадионында шайбалы хоккейден аймақтық турнир өтті. Дәстүрлі дода ауданның хоккей спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ф.Клят, А.Тарасов және М.Закиров сынды жаттықтырушылар мен ардагер-энтузиастарға арналған. Биылғы турнирге Абай ауданы мен Шахтинск қаласынан төрт команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Суретті түсірген Қ.Біләл

Аталған турнир 2018 жылы алғаш рет жалауы желбіреген еді. Содан бері аталған спорт түріне қызығушылық танытқан жастардың саны артқан. Ал, биылғы турнир былтырғыға қарағанда тартысты өтті. Қатысушылар физикалық әрі тактикалық тұрғыда тыңғылықты дайындықпен келіп, жоғары нәтиже көрсетті.

– Турнирдің басты мақсаты – хоккей спортын дамытып, саламатты өмір салтын насихаттау. Одан бөлек, «Қарлы қыс-2026» облыстық қысқы спартакиадасына дайындық. Бүгін мұз айдынында өнер көрсетіп жатқан Абай ауданының командасы – ауданаралық командалар арасындағы облыс чемпионы. Хоккейден біздің жігіттер ешкімге дес бермей келеді, – деді ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің спорт жөніндегі нұсқаушысы Ерасыл Борамбаев.

Ақтық кезеңге Топар мен Шахтинск командасы жолдама алды. Ойын басталысымен-ақ қос команда шабуылға лап қойған. Әуелі, шабуылды Шахтинск қаласының командасы ұйымдастырып, қақпаға соққы да бағаттаған еді. Қорғаныста да, шабуылда да қателікке бой алдырмай, нәтижесінде бір шайба салып үлгерді. Топар командасы да қарап қалмады. Ойын тізгінін өз қолына алып, қайта шабуылға шықты. Осылайша, топарлықтар таразы басын теңестірген. Бірақ, Шахтинск қаласының командасы тағы да төрт шайба салып, есепті 5:1-ге жеткізді. Нәтижесінде, Шахтинск клубы ауыспалы кубоктың иегері атанды.

– Біз Қарағанды мен Теміртаудың әуесқой хоккей лигасында ойнаймыз. Абай ауданының командасымен өткен ойын қиынға соқты. Біз ол кездесуді буллит сериясында өз пайдамызға шештік. Ал, финалда Топар командасын сенімді жеңдік. Өзім құрылыс саласында жұмыс істеймін. Командамызда кәсіпкерлер, жүргізушілер, шахтерлер мен түрлі сала өкілдері бар. Біз хоккейді жақсы көреміз. Ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын, – деді Шахтинск қаласының команда капитаны Евгений Видергольд.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Дарина САМЕН,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button