АймақБалқаш

Мәуліт мерекесі тойланды

Балқашта «Адамзаттың асыл тәжі» атты рухани мәуліт кеші өтті. Игі шараға демеушілік жасаған кәсіпкерлер және зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, мешіт жамағаты мен имамдар қатысты. Мерекелік кеште қалалық мешттің наиб имамы Ахмадулла Валиев құран оқып, Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы, Балқаш қалалық мәслихатының төрағасы Ахат Мүслімов, қалалық мешіттің бас имамы Нұрболат Қалдарбеков жиналған халықты құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Пайғамбар өмірінен мол мағлұмат беретін фильм көрермен назарына ұсынылды.

Суретті түсірген автор

– Тәуелсіздіктің ар­қа­­сында халқымыз асыл дінімізбен, ділімізбен қайта қауышты. Бір кездері ата-бабаларымыз дінімізді ашық ұстануды аңсап өткен еді. Қазір міне, егемендікпен бірге, еліміздің түпкір-түпкірінде мешіттер бой көтеріп, азан айтылуда. Мәуліт айы республика деңгейінде атап өтілуде. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) мадақтау, өмір деректерін насихаттау – үлкен нығмет. Алла Елшісі (с.ғ.с.) шынайы мұсылманның символы еді. Сондықтан, қазіргі таңда мұсылмандар арасында кемшіндеу түсіп жатқан кешірімділік, рақымшылық қасиеттерді нығайта білуіміз керек. Балқаштың бас имамы Нұрболат Сейілханұлына және баршаңызға алғыс білдіремін. Мәуліттің баршамыз үшін маңызы жоғары, – деді Қарағанды облысының өкіл имамы Естай Айтуғанұлы.

Бұған дейінгі Мәуліт мерекелерінде Пайғамбарымыздың балалық шағы, одан кейін пайғамбарлықтың келуі, миғражға көтерілуі, одан кейін хижреттің алғашқы жылдары мен Бәдір соғысы, Ухуд соғысы, хазреті Хамзаның шейіт болуына ақын Дидар Қамиев тоқталған болатын. Бұл жолы текті сөздің төресі термеге кезек беріліп, әнші Аманжол Шәймерденов, Арсен Арғынбай пайғамбарға деген сағыныштарын әнмен жеткізді. Сонымен қатар Пайғамбар сүннетін өміріне темірқазық етіп өсіп келе жатқан Қыдыр Тұрлыбек пайғамбарымыз жайлы «Сағыныш хат» шығармасын оқыды.

Мұнан соң Алла Елшісіне (с.ғ.с.) сағынышты арттыратын мәуліт-шәрифті қалалық мешіттің наиб имамы Ахмадулла Валиев пен Балқаш теміржолшылар мешітінің Бас имамы Медет Әлімқұлов оқып, қалың жұртпен бірге пайғамбар рухына салауаттар айтылды. Саналарға әсерлі ой қалдыратын, өмірдің өзінен ғибрат беретін, Пайғамбар (с.ғ.с.) дәуірін еске салатын көріністер кештің әрін аша түсті.

Еске салсақ, бұған дейін Балқаш қалалық мешіті жас шәкірттер арасында білім бәйгесін жариялаған еді. Аталған білім сайысына жүзге жуық шәкірт қатысып, оқ бойы озық шыққандар болды. Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы, Балқаш қалалық мешітінің Бас имамы Нұрболат Қалдарбеков оларды салтанатты жағдайда марапаттап, жүлделерін табыстады.

Бәйгенің ең басты сыйлығы – Умра, яғни6 кіші қажылыққа жол­­даманы Жәнібек Самтырбай қанжығасына байлады. Ал, екінші орынды иеленген Сүндет Әмірхановқа 100 мың теңге тапсырылса, үшінші орынға тұрақтаған Жанас Бейсеновке 70 мың теңгенің сертификаты берілді. Сонымен қатар, құран жарысында Диас Азатұлы бірінші орынды, Рүстем Мажит екінші орынды, Шахназар Жеткенбай үшінші орынды еншіледі. Жеңімпаздар арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ, рухани іс-шараның өтуіне демеушілік жасаған кәсіпкерлерге Алғыс хат табысталды.

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button