Бас тақырып

Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысының даму қарқынын жоғары бағалады

Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев өңір тынысындағы өркендеу үрдісін осылай бағалады. Сенат спикері облыс әкімдігінде мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен және қоғам белсенділерімен кездесті. Сапар барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жолындағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалып, Палатаның жергілікті мәслихаттармен және сарапшылармен өзара іс-қимыл форматтары талқыланды. Сондай-ақ, Сенат спикері өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті. Сонымен қатар, елімізде тұңғыш ашылған бірінші өңірлік «Талдау мектебінің» тыңдаушыларымен жүздесті.

Суреттер Сенаттың баспасөз қызметінен

Индустрия игілігі

Сенат Төрағасы атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауында айтылған бастамаларды сапалы іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың кешенді әрі жүйелі бірлескен жұмысы қажет. Осыған байланысты мәслихат депутаттарымен және ҚХА мүшелерімен кездесуде жергілікті өкілетті органдар мен сараптамалық-талдау қоғамдастығын заң шығару қызметіне белсенді тарту мәселесіне баса мән берілді. Мұндай формат Қазақстанның сапалы экономикалық өсуіне, Құрылыс, Цифрлық даму кодекстерін, Банктер мен банк қызметі туралы заңды, басқа да қажетті заңдарды уақытылы қабылдауға және Парламент қызметін одан әрі жетілдіруге тың серпін береді.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде заң шығару үдерісі мен шешім қабылдаудың тиімділігін арттыруға арналған және саяси реформаларды біртұтас институционалдық жүйеге біріктіруді көздейтін парламенттік реформаға да назар аударды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту бағытына ерекше назар аударып, еліміздің стратегиялық даму бағдарын айқындап берді. Оны сапалы іске асыруға үлес қосу – бәріміздің маңызды міндетіміз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қоғамдық және сараптамалық талқылауға шығарды. Парламенттік реформаның нәтижесінде мәслихаттардың да рөлі артады. Өйткені сіздер жергілікті жерлерде халықпен тікелей жұмыс істеп келесіздер.Қорытынды шешім азаматтардың пікірі ескеріле отырып, жалпыұлттық референдум арқылы қабылданады, – деді Палата Спикері.

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысының әлеуетін одан әрі арттыру үшін күш біріктірудің маңызы зор екенін айтты. Бұл өңір ірі индустриалды орталық ретінде елдің экономикалық дамуы жолында ерекше мәнге ие. Қазіргі таңда бірқатар басым бағытта жоғары көрсеткіштер байқалады. Бұл үрдіс жаңа экономикалық модельге көшуге және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға айтарлықтай ықпалын тигізіп отыр.

– Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде өңірлерде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындары ашылуда. Сенат депутаттары өткен аптада алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қарап, облысқа қосымша қомақты қаржы бөлуге қолдау білдірді. Палата алдағы уақытта да өңірді дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыра береді, – деп, Мәулен Әшімбаев облыстың әлеуетін арттыру жолындағы маңызды міндеттерге тоқталды.

Машина жасау саласындағы сын-қатерлер мен басым бағыттарға арналған дөңгелек үстелде де аталған мәселе кеңінен талқыланды. Мәулен Сағатханұлы Қарағанды облысының қуатты индустриялық базаның және металлургия саласымен тығыз интеграцияның арқасында еліміздегі машина жасау кешенінде көшбасшы орынға ие екенін атап өтті. Ол соған қарамастан, бірқатар өзекті мәселелер де бар екенін тілге тиек етті. Бұл қатарда импортқа тәуелділік, кадр тапшылығы, техникалық және цифрлық олқылықтар сияқты түйткілдер бар.

– Бүгінде елімізде машина жасау саласы белсенді дамып келеді. Сонымен қатар, бұл секторда көптеген проблема бар екені жасырын емес. Олардың ең маңыздыларының бірі – қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ету және инвестиция тарту. Сенат осы және басқа да мәселелерді шешу үшін машина жасау саласын қолдау туралы жеке заң жобасын әзірледі. Жалпы, Қазақстандағы машина жасау саласының әлеуеті зор. Оны іске асыру үшін мемлекеттік органдардың, бизнестің, ғылымның және білім беру жүйесінің тиімді бірлескен жұмысы қажет. Мұндай ынтымақтастық бәсекеге қабілетті өндіріс қалыптастыруға, оқшаулауды арттыруға және заманауи, тиімді, экспортқа бағдарланған машина жасау саласын құруды ілгерілетуге мүмкіндік береді, – деді Палата Спикері.

Кездесуде сөз алған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өндірісі өркендеген өңірдің жетістіктеріне тоқтала отырып, инвестиция тартудағы игілік жөнінде де айта кетті.

– Осындай жауапты кезеңде біз, экономиканы жаңғырту, әлеуметтік инфрақұрылымды күшейту, ауыл мен қала арасындағы теңгерімді сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және ұзақмерзімді өсімді қамтамасыз етуге бағытталған. Өңір өндіріс көлемінің бірнеше бағыты бойынша тұрақты позицияны сақтап отыр. Мәселен, болат өндірісі бойынша бірінші орында, көмір өндірісі және картоп өндірісі бойынша екінші орында, жұмыртқа өндірісі бойынша үшінші орында, астық жинау бойынша төртінші орындамыз. Тау-кен және металлургия салаларын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. «Qarmet» АҚ 2028 жылға дейін өндірісті жаңарту бағдарламасын жүзеге асыруға 1,6 трлн теңге көлемінде қаржы бөліп отыр. Барлық домна пештері табиғи газға көшіріліп, Теміртаудың экологиялық жағдайын айтарлықтай жақсартты. Шахталарда 8 жаңа лава іске қосылып, көмір өндіру көлемі 15,1%-ға өсіп, 6,2 млн тоннаға жетті, – деді аймақ басшысы өзінің баяндамасында.

Жастардың жарқын қадамы

Мәулен Әшімбаев өңірлік «Қарағанды Талдау мектебінің» тыңдаушыларымен кездесуде жас буынның еліміздің дамуы және реформаларды іске асыру жолындағы рөліне кеңінен тоқталды. Сенат Төрағасы сарапшыларға Taldau Community жобасының құндылықтары және жобаның негізгі мәні жөнінде айтып берді. Ол Мемлекет басшысы еліміздің тұрақты дамуында аналитикалық тәсілдер маңызды рөл атқаратынына үнемі көңіл бөліп келе жатқанын тілге тиек етті. Осыған байланысты Талдау мектебі бірнеше жылдар бойы мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, білім және ғылым мекемелерінің және басқа да саладағы жас мамандардың талдау қабілетін шыңдауға қолдау көрсетіп келеді.

Сапар аясында сенаторлар Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті. Сондай-ақ, олар боччадан жолдастық матчты тамашалады.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Ж.Ақылбаев атындағы технопарктің қызметімен танысып, оның ғылыми идеяларды тәжірибеден өткізіп, нақты өнімге айналдыруға мүмкіндік беретін заманауи алаң екенін жоғары бағалады. Сенат Төрағасы алдымен «Жаңартылатын энергия көздері» зертханасына барып, жас ғалымдардың күн, жел және басқа да баламалы энергия көздерін тиімді пайдалану бағытындағы озық жобаларын көрді. Сондай-ақ, химиялық мәселелерді зерттеу ғылыми институты мен сутегін өндіру және сақтау зертханасын аралап, аталған бағыттағы жаңашыл ғылыми ізденістерге ерекше назар аударды.

Университет ғалымдары 2025 жыл­ға жоспарланған үздік ғылыми жобаларын ұсынды. Физика-техникалық, химия, биология-география және заң факультеттерінің зерттеушілері жасанды интеллектіні пайдалана отырып әзірлеген экологиялық, қолданбалы және зерттеу бағытындағы жұмыстарын көрсетті.

Мәулен Әшімбаевтың ерекше назарын аударған жобалардың қатарында «Цифрлық трансформация жағдайындағы Қазақстан қоғамы: мүмкіндіктер мен тәуекелдер», «Жасанды интеллект көмегімен қатерлі ісіктердің предикторларын анықтау үшін оптикалық спектроскопиялық әдістерді дамыту» және «Жасанды интеллект арқылы Қазақстан тұрғындарына әділетті қолжетімділікті қамтамасыз етудің инновациялық тәсілдері» жобалары болды.

Технопарк студенттер, магис­транттар және PhD докторанттары үшін үлкен мүмкіндіктер алаңы болып отыр. Олар заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеп, зертханалық тәжірибеден өтіп, ғылыми жобаларын жүзеге асыруда. Бұл орта жас ғалымдардың кәсіби дамуына айтарлықтай үлес қосады.

Университет жанынан ашыл­ған технопарк – өңірлік ғылым үшін тың серпіліс. Ол ғалымдар мен жас зерттеушілерге жаңа идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, инновациялық және қолданбалы жобалардың дамуына кең мүмкіндіктер ашуда.

Өңір өндірісінің тынысы

Депутаттар өңірдегі бірқатар кәсіпорынға арнайы барып, өнім өндіру технологиясымен таныс­ты. Сенаторлар алдымен, Qarmet диспетчерлік-талдау орталығына барды. Бұл нысан – компанияның цифрлық өзгерісінің орталық элементтерінің бірі. Орталық 2024 жылы ашылған және бүгінде Qarmet компаниясының барлық көмір өндіру нысандарына кешенді мониторинг жүргізеді. Оның көмегімен жабдықтар мен персоналдың жай-күйі, өндіру және қайта өңдеу параметрлері, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейі, сондай-ақ, көлік және энергетикалық жүйелердің жұмысы тәулік бойы бақылауда болады.

Палата депутаттары барған келесі нысан – Саран қаласының индустриялық аймағында орналасқан автомобиль шиналарын шығаратын «Tengri Tyres KZ» ЖШС зауыты. «Attar» брендімен шиналар шығаратын кәсіпорын 2024 жылы іске қосылды. Оның жобалық қуаты жылына 3,5 млн жеңіл, жеңіл жүк және жүк шиналарын құрайды. Нысанда резеңке қоспасын дайындаудан бастап құрастыруға, вулканизациялауға және дайын өнімнің сапасын көп сатылы бақылауға дейінгі өндірістің толық циклі жүзеге асырылады. Бүгінде зауытта 900-ге жуық адам жұмыс істейді.

Сонымен бірге сенаторлар автобус және коммерциялық техника шығаратын «QazTehna» ЖШС зауытына барды. Кәсіпорынның құрылысы 2019 жылы басталды. Жоба аясында бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының өндірістік және қойма алаңдарының 40,5 мың шаршы метр аумағы жаңғыртылды. Бүгінде кәсіпорынның қуаты жылына 1200 автобус пен 10 мың коммерциялық техника бірлігін құрайды. Зауыт жұмысшылары өндірісті оқшаулау деңгейінің артқанын айтты. Кәсіпорында автобус шанақтарына қажетті металл элементтерінің кең спектрін шығаруға арналған Қазақстандағы алғашқы гидравликалық штамптау пресі орнатылған. Өндірісте Qarmet металлургиялық комбинатында шығарылатын отандық мырышталған болат пайдаланылады. Ол халықаралық сапа сертификатына ие және техниканың сериялық шығарылымында қолданылған.

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев тұрмыстық техника мен электроника өндірісіне маманданған «Silk Road Electronics» ЖШС зауытының қызметімен танысты. Кәсіп­орын 2023 жылдың соңында пайдалануға берілген. Бүгінде мұнда тұрмыстық техниканың жеті санаты шығарылады. Олар: теледидарлар, кір жуу машиналары, су жылытқыштар, ас үй плиталары, ауасорғыштар, шаңсорғыштар және қысқа толқынды пештер. Өнімдер Artel, Shivaki, Royal және басқа да серіктестердің брендтерімен өндіріледі. Зауыт 2025 жылы Samsung маркалы 39 мың теледидар мен кір жуғыш машиналарын шығарған. Олардың ішінде қазақ тіліндегі ЖИ және интерфейспен жабдықталған модельдер де бар. Қазірдің өзінде 2026 жылғы сериямен Samsung теледидарлары, сондай-ақ, Artel брендімен жаңа ас үй плиталары шығарыла бастады. Өндірісте жергілікті материалдар, соның ішінде Qarmet металы белсенді қолданылады.

Сапар қорытындысында Сенат спикері Қарағанды өңірінің даму ырғағына жоғары баға беріп, жарқын істердің жалғасты болуына тілектестік білдірді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button