Бас тақырып

М.Әуезов театры – Қарағандыда

Қазақ өнерінің қарашаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 100 жылдық мерейтой аясында гастрольдік сапарға шықты. Өнер иелері әуелі Қарағандыға ат басын тіреп, алғашқы қойылымын ел назарына ұсынды. Облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өткен баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді. 

Суреттерді түсірген автор

Баспасөз мәслихатына Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, Өнертану ғылымының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек, қоғам және мемлекет қайраткері Рымбала Омарбекова мен Қазақстанның Халық әртісі Кеңес Жұмабеков арнайы қатысты. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әлімбек Оразбеков, Болат Әбділманов және Саят Мерекеұлы да қатысып, көпшілік сұрағына жауап берді. 

Сөз басында Асанәлі Әшімов ағамыз көпшілікке алғысын білдіріп, театрдың сапары жайында сөз қозғады. 

– Біз де театр сахнасынан шықтық. Театр сахнасында ойнадық. Өнер қайраткерлерінде ру болмайды. Бәрі қазақтың азаматтары. Бәрі халық үшін қызмет атқарады. Сол театр 100 жылдық мерейтой аясында Қарағандыға арнайы келіп отыр. Шығармашылық есеп беру деп те айтуға болады. Қойылымнан жақсы әсер алыңыздар. Керемет пікір қалыптастырыңыздар. Бізге керегі сол ғана. Жақсы кездесіп, жақсы шүйіркелесейік, – деді. 

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек «Театрдың 100 жылдығы аясында Арқа жүртына сәлем бере келдік» дейді. 

– Біз үшін ең қуаныштысы – халықтың құрметі. Керемет пікір мен мақтау сөзден гөрі халықтың спектакльге деген махаббаты маңызды бізге. Біз Қарағандыда төрт күн болып, төрт спектакльді көпшілік назарына ұсынамыз. Гастольдік сапарға 70-ке жуық театр қызметкері келді. Әрі өзімізбен бірге «Ғасыр жасаған мұражай» қорын алып келдік. Мына жақта байырғы достарымыз күтір алып жатыр. Екі театрдың арасында үлкен шығармашылық байланыс бар. Әрі қарай Ұлытау облысына шығамыз. Одан бөлек, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен барлық өңірге фестифаль жасаймыз деген жоспарымыз бар, – деді Еркін Тілеуқұлұлы. 

Рымбала Кенжебалақызы да сөз алып, өнер иелеріне жылы лебізін білдірді. 

– Өңірде ерекше мереке басталды. Біздің халық үшін керемет күн. Себебі, Арқаға театрлардың қарашаңырағы М.Әуезов театры келіп жатыр. Бұл театр бізге бірінші мәрте келіп жатқан жоқ. Сонау жылдары қаражат тапшы, көліктің ыңғайы жоқ кезде барлық құраммен Қарағандыға келіп кеткен еді. Сол кезде театр ұжымының Арқа жұртына деген құрметінің қандай екенін көрдік. Ал, алыстан келген театр ұжымына Арқа жұртының берген бағасы да күні бүгінге дейін есте. Араға талай жыл салып, қайтадан Арқа жұртына керемет тарту ала келіпті, – деді ол. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы «Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» орай өткен салтанатты жиында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ғимаратының толығымен қайта жөндеуден өтетіні  туралы мәлімдеген болатын. Бұл жұмыс аталған өнер ордасының 100 жылдық мерейтойына орай, яғни 2026 жылы аяқталады.

Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар. 

Ербол ЕРБОЛАТ, 

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button