АймақПриозерскСпорт

Құм үстіндегі күрес

Приозерск қаласында жағажай самбодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ересек әйелдер мен ерлер 8 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Дүбірлі додада 13 облыстан 100-ге жуық спортшы келіп белдесті. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов арнайы қатысты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Жағажай самбо Приозерск қаласында алғашқы рет ұйымдастырылды. Жарыс ерекшелігі – қарсыласын құмға құлатқан балуанға ұпай берілуінде. Жарыс барысында әлемдік жарысқа қатысуға жолдама алатындығы да айтылды.

– Жағажай самбо спорты кейінгі кезде елімізде дамып келе жатыр. Мұның басқа спорт түрінен айырмашылығы – уақытпен және балмен жеңімпаз анықтала­­тындығы. Қарапайым самбода қуып жетіп, мысалы немесе пар­терде ұтып кетуге мүмкіндік бар. Бұл жерде бір-ақ мүмкіндік. Құ­ладың, болды, бірден ұпай жинайсың, – дейді Қазақстан Республи­касы самбо федерациясының бі­рін­ші вице-президенті Манарбек Бисекенов.

Сонымен қатар, спортшылар­ға арнаған құттықтау сөзінде При­озерск қаласының әкімі Мансұр Ах­метов жағажай самбосын да­мы­туға қолдау білдіретіндігін жет­кізді.

– Барлық қатысушыларды осы қызықты чемпионаттағы керемет жетістіктерімен және шеберліктерімен құттықтаймыз. Бүгінгі спортшылардың табандылығы бә­ріміздің көңілімізді серпілтіп тастады. Спортшыларды қолда­ғандарға және осы шараға қатыс­қандарға ерекше алғыс білдіремін, – деді Мансұр Ахметов.

Байқағанымыздай, жарыс өткізілген алаңдағы дода дүбірі арнасынан асып жатты. Бұл бәсекені тамашалаушылар қарасы да тым қалың болды. Жарыс қорытындысы бойынша бағы жанған мықты спортшылар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ерлер арасында 50 келі салмақта Асқар Еспунов, 71 келі салмақта Нұрсұлтан Нұрсейітов, 88 келі салмақта Азат Қуанов, +88 келі салмақта Жандос Сейтенов чемпион атанды. Ал, әйелдер арасында 50 келі салмақта Маргарита Бажаева, 59 келі салмақта Әйгерім Телемгенова, 72 келі салмақта Назерке Дәулетжан, +72 келі салмақта Мөлдір Нұрланбек қарсыластарынан басым түсіп, алтынан алқа тақты.

Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button