Мұстафин оқулары өтті
Ғабиден Мұстафин кентінің көпшілік кітапханасында жерлес жазушы Ғабиден Мұстафиннің өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында “Сарабдал – жерлес жазушы” оқулары өтті.


Мұстафин оқуларына “Токаревка ТМ” КММ ұстаздары мен 10-11 сынып оқушылары қатысып, кітапхана қызметкерлері оларды жазушының шығармаларымен таныстыра келе олардың тартымдылығы – қарапайым адам өмірін шынайы бейнелеуінде және оның кейіпкерлері жанқиярлық еңбегімен өз дәуірін жасаған жұмысшылар, колхозшылар болғанын айтты.

Шара барысында оқушылар А.Жанболат, Ж.Арыстанбек, А. Қоғабаева, А.Ютаев жазушының “Шығанақ”, “Дауылдан кейін” романдары мен “Миллионер” повесінен және орысша нұсқадағы “После бури” романынан көркем үзінділер оқып, оқырмандардың қызығушылығын арттырды.
Бұдан кейін шараға қатысушылар “Алаштың соңғы тұяғы” сөзжұмбағына да белсене қатысып, кітапханадағы Ғабиден Мұстафин атындағы залмен де танысты.
Соңында барлық қатысушыларға “Оның ұстазы – өмір” буклеттері мен “Есімі өшпес жазушы” атты ұсыныстық әдебиеттер тізімі таратылды.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы



