Мәскеу циркінің қызықтары
Қарағандыға мәскеулік цирктің келіп жатқанын естігенім бар. Естідім деген емес, қоғамдық көліктерге отыра қалсаң, көздің жауын алатын жарнамаларын көресің. Оның үстіне, екінші сыныпта оқитын ұлым мектептен естіп келіп, апта бойы қыңқылға басқан соң, не кереметі бар екенін көруге өзімнің де көңілімнің тартқаны…
Барудың сәті сенбі күні түсті. «Қазгидрометтің» хабарлауы бойынша аяз көтеріліп, боран соғатынына қарамастан, ұлымды ертіп мен де үйден шықтым, мәскеулік цирктің кереметін көрмекке…
Сонымен, барар жерімізге де жеттік-ау. Билеттің құны да әр түрлі. Үш мыңнан басталып, алдыңғы қатарлары сегіз мыңға дейін. Кассадан алған екі билетті желпілдете ұстап, алып-ұшып кірдік-ау әйтеуір. Бір қызықтың болатыны анық деп, басталуын тағатсыздана күтіп-ақ отырмыз. Айтпақшы, өзге елден келген цирк, біздікілер үшін біраз нәпақа сияқты. Фойеге үстелдерді қойып, саудаларын қыздырып жатқан жұрттар. Базар бағасынан екі емес ау, үш есе қымбатқа қойылған, бала тұрмақ өзіңнің көзіңді қызықтыратын не бір жылтырақ ойыншықтар сатылып жатыр. Цирктегі аңды емес, ойыншық базарына келгендей біраз аралап жүріп те қалыппыз. Тағы бір байқағаным – келгендердің көпшілігі өзге халықтар екен. Циркке келудің де мәдениеті бар екен ау деп ойладым. Жоғарыда айтып кеткен «циркі несі?» деп кейіген таныстарымның сөзі ойға оралды. Шынымен де, қазекемнің баламен бірге бір жерге барғанынан гөрі, сол баланы үйге қамап, өздерінің қыдырып кеткенін жөн көріп тұрады-ау.
Содан, дыбыс белгісімен қойылым да басталды…
Ең бірінші сахнаға – бала кезден өзіміз ертегілерде аң патшасы ретінде көзіміз қанық болған, тұрқы есік пен төрдей африкалық ақ арыстан мен екі жолбарыс шықты.
Аң патшасы деген дардай атағы бола тұра, жаттықтырушы қыздың анда-санда ауызына салатын тамағы үшін қалбалаңдаған байғұс әрі-бері секіргені.
Аңшысымақ болып жүрген ауылдас ағамыздың қасқырдың бөлтіріктерін алып келіп, темір торға салып асырағанын көргенім бар. Баламыз ғой, түз тағысын көру үшін көрші-колаңның балалары жиналып, тордағы үш бөлтірікті қызықтауға баратын едік. Бауырларын жерден енді көтерген күшіктердің отты жанарларымен адамға тайсалмай қарайтыны есімде қалыпты. Еркін жүрген бөрінің ұрпағы емес пе, күшік кезінен қолға үйретуге тырысқанымен де, қанға сіңген әдет қой, қапасқа шыдамай өліп тынды сол күшіктер бірінен кейін бірі. Адам тағыға айнала бастапты деп жатамыз, адамзаттың қолымен жасалған айуандықты көргенде. Түз тағысы деп атаған сол қасқырдың адам баласын жатсынбай бауырына салып асырағандығы туралы аңыздар өз алдына, болған оқиғалар да бар. Мұның барлығы циркте қасқырдың болмайтыны туралы ойланғаннан шығады. Қасқырға да, қазаққа да ортақ бір қасиет бар-ау осы. Адамның айтқанына көніп, үлкен денесімен темір шығыршықтан секіріп жүрген арыстанға жиіркене қараған қасқыр туралы аңызды оқығаным бар еді. Сахнадағы арыстанға менің де жақтырмай қарағаным… Мен үшін қызығы акробаттардың өнер көрсетуі болды. Төбеге тартылған, әрі-бері шайқалып тұрған темір шығыршықта ұршықша үйірілген төрт балаң жігіттің өнерлері көз алдыма ат үстінен теңге алуды елестетті. Сонымен не керек, Мәскеу циркінің арқасында тірі керікті, сол керікті ерттеп мінген шабандоз қызды да көру бақыты бұйырды. Теледидардан көргеніміз болмаса, мойнын осынша ұзын етіп, ебедейсіз жаратқан жануардың сүйреңдеген тіліне бастарын жалатып, «жаңа жылдық» шаш үлгісін жасатқан көрермендер де бір мәз болып қалды.
Цирк сайқымазақсыз және маймылсыз бола ма? Олар да келіпті. Әйтеуір, қай жағынан болсын, тез үйренуге әрі үйретуге бейім орыс халқы емес пе, иттері де айтқанға көніп, жүгіре жөнеледі, маймылдарын да баладай көтеріп, адамша сөйлесіп, көрермендерді күлкіге бір қарқ қылды.
Ең қызығы сахнаны айнала жүгірген мүйізтұмсық болды. Сауырынан қағып қойып, айтқанын істетіп жүрген тағы да сол талдырмаш қыз. Осы Қарағандының өзінде неге осындай цирк ұжымы жоқ деген ой туады екен еріксіз. Саңғырап тұрған ғимараты бар, бірақ… Сырттан келгенді қарсы алып, қызмет көрсету ғана.
Айтпақшы, бұл мәскеуліктер сақалын селтеңдетіп, тау ешкісін де үйретіп алыпты. Ол да өнер. Қойылым соңында Аяз ата мен Ақшақар да шығып, Қарағанды циркінің жаңа жылдық шыршасын жағып кетті.
Салтанат ИЛЬЯШОВА