Мәскеу мойындаған күш иесі
Шахтинск қаласының тұрғыны Дмитрий Именченков Мәскеуде өткен стритлифтинг X спортынан әлем чемпионы атанды. Ол WSF кезеңінде 25 келі салмақпен бірнеше рет тартылып, жеңіске қол жеткізді.
Еларалық жарысқа 37 елден 3500-ден астам қатысушы жиналды. Біздің спортшы бұл біріншіліктің қатарынан екі жыл жеңімпазы атанғанын еске саламыз. Сонымен қатар, 21 жастағы спортшының қанжығасында екі дүркін Азия чемпионы атағы да бар.
– Стритлифтингпен 4 жыл болды айналысқаныма. Алғашында бұл спортқа қосалқы барып жүрдім. Кейін қалалық 1-2 жарыстарда жүлделі орынға ие болып, қызығушылығым арта түсті. Жалпы, қолдың жұмыс істеуіне, буындардың қатаюына таптырмас спорт. Ал, дайындығыма келсек, жеңіс жолында аз тер төккен жоқпыз. Соның арқасында, міне, жеңіске қол жеткіздік, – деп атап өтті жеңімпаз Дмитрий Именченков.
Аталмыш спорттан басқа, Дмитрий мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, ол – жеке фитнес жаттықтырушысы. Оның айтуынша, мұның барлығы оған күнделікті өмірге деген құштарлығын оятады.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz