ӘдебиетЖаңалықтар

Мүсіркеп Сейдахмет – қаламға адал, сертке берік қаламгер

Қазақ сөзге тоқтаған, шешенге тағзым еткен, данаға ұйыған халық. Ал, дана сөздің қайнар көзі – ой. Ойдың нәрі – жүректен, жүректің сәулесі – ұлттың рухынан тарайды. Сондай тұмадан сусындаған бір қаламгер бар. Ол Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстанның Құрметті журналисі» ақын ағамыз Мүсіркеп Сейдахмет. Тектінің тұяғы Торғай топырағынан нәр алып, Ұлытаудың бөктерінде, самал желмен сырласып, өлең өріп өскен азамат
қазақтың жаны мен даласын қатар таныды. Ұлытаудың көк жүзіне телміре қарап, көкірегіне кең дүние сыйдырды. Сөз сүйген, ой қуған жаратылысы оның тағдырын да, таңдауын да алдын ала
айқындап қойғандай.

Сурет автордан

Ақын ағамыз Мүсіркеп Әлімжанұлын мен алғаш мектеп оқушысы кезімде таныдым. Ол кезде Ақтоғай өңіріндегі әр үйдің төрінде газет жататын. Сол газеттің бетінде «Тоқырауын тынысы» деп жазылып тұратын. Газет нөмірінде Мүсіркеп ағаның шымыр шумақтары, өткір ойлы мақалалары жиі жарық көретін.
Өлеңдерінен ауылдың иісі аңқып, даланың демі сезілетін. Сол жырлардан биік ойдың, терең сезімнің,
шындықтың лебі есіп тұратын. Сол кезде-ақ менің бала жүрегімде: «Осындай адаммен бір күн жолықсам ғой» деген арман ұялады. Кейін арманым орындалды. Журналистикада оқып жүрген студент кезімде дәл сол «Тоқырауын тынысы» газетіне тәжірибеден өтіп, Мүсіркеп ағамен етене араласып кеттім. Енді бұрын сырттай сүйсінетін адаммен бетпе-бет отырып, сөз саптасынан, ой жүйесінен, қалам тарту тәсілінен тағылым алуға мүмкіндік туды. Екеуміздің арамызда өлең жайлы айтылар ой таусылмайтын. Мүсіркеп аға поэзияны биік тұғырға қояды. Ол үшін өлең – көңілдің көзі. Ол ақынды ішкі әлемімен бағалайтын. Жас болсам да, сөзіме, өлеңіме құрметпен қарап, ақылын айтатын. Журналистиканың қыр-сырын, этикасын,
әділдігін де сол кісіден үйрендім. Өйткені, нағыз ұстаз – сабақты тек аудиторияда емес, өмірмен үйрететін адам. Ал, Мүсіркеп аға – дәл сондай тұлға. Халқымыз «Тектілік – қанмен келеді, кісілік – жанмен келеді» дейді. Мүсіркеп ағаның бойындағы сырлы сөз бен кестелі ой атасы Сейдахметтен дарыған. Атасы – ел аузына ілінген, сөзге шешен, сөзге төрелік айтқан, суырыпсалма ақын болған екен. Демек, бұл – бабадан жеткен аманат, қанға сіңген қасиет. Бірақ, қаннан дарыған қабілеттен гөрі оны ұштап, ұлықтау – нағыз өнер. Мүсіркеп ағамыз талантына тоқмейілсіп қарап, тыным тапқан жоқ. Ой өрнектеген қаламгерге айналды. Өйткені, хас талант – жағдай талғамайды. Ақынның өлеңдері – даладай дархан, Арқадай асқақ. Табиғатты тірі организмдей сөйлетіп, жан бітіріп жібереді. Оның өлеңінде әр жыңғыл, әр бұтаның өз үні бар, өз мұңы, өз үміті бар:
«Жаздың жүзі жайдары жылдағыдан,
Жылдағыдан жүгірген жылға жылдам.
Жасарыпты жыңғыл да желек жайып,
Жапырағын жоқтамай жылдар жұлған…» Мұндай поэзия тек өлеңге ғашық жүректен туады. Ақынның жыры – сағы ныш тың сазы, туған жердің тынысы. Оның әр тармағында қазақ даласының иісі аңқып тұрады. Қазақтың жаны даласында десек, мына бір өлеңі соның дәлеліндей:

«Сәукеле, Қосшоқы мен Қира,

Айдай, Қатарлап қызға жиһаз жинағандай.

Созылып Арқарлымен қанаттасып,
Үшайыр шіренеді бұйра маңдай…», – деп толғанады.

Осы туындысын 2011 жылы сазгер, ақын Қуан-
дық Сәденов ағамыз сазын қосып, оның жырын әнге айналдырды. Сөйтіп, жыр жампозының өлеңі аспан-
мен астасты, дала желімен ән болып есіп, ел жүрегіне жетті. Ақын ағамыздың Жамшы кеңшарында шопан болғанын көпшілік біле бермес. Әнге айналған өлеңі осы кезеңде жазылса керек. Көкейіндегі көп сауалға жауапты табиғаттан, халықтан, өзінен іздеді. Міне, шын талант деген – осы. «Енесін қасқыр жеген жа бағыдай…» – деген бір ғана теңеудің өзінде қаншама қайғы, ашыну, ашықтық, әлеуметтік шындық жатыр.
Мүсіркеп ағамыздың қаламы тек өлеңге ғана емес, шынайы өмірге де серік болды. «Арқа еңбеккері» газетінде тілшіден бастап, редактор болды. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде елдің шетінде жүріп,
ортасына ой тастап, Ақтоғай мен Шет аудандарының үнін жеткізді. Ойлы тілші, адал сөздің абызы. Журналистік жолы да, ақындық арнасы да елге қызмет етуге арналды. Ардақты аға тағдырмен тайталасып, талантпен жол ашқан тұлға. Қара өлеңнің қасиетін кие тұтқан, шындық пен шеберлікті серік еткен шын қаламгер. Әдебиет пен журналистиканың төрінде өзіндік ізі бар, туған топырақтың тілі мен үніне адал болған азамат. Оның шығармашылығы – дала жырының бүгінгі жалғасы, шындық пен шырайдың түйіскен тұсы.
Бүгінгі таңда Мүсіркеп аға 70 жастың желкенін керіп, өлең атты мол мұрасымен, өсіп келе жатқан жас буынға рухани бағдар, тәлімді тағылым болып отыр. Бұл жас – бір дәуірдің куәсі, қаламның қадірін ұқтырған ғұмырдың межесі.

Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button