Руханият

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бес томдық шағармалар жинағы жарыққа шықты

Қарағандыда «Сенімен болашақ» қоғамдық ұйымының қолдауымен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толуына орай бес томдық шағармалар жинағының таныстырылымы өтті. Шара Қасым үйінде Қарағанды қаласы ішкі саясат бөлімінің қолдауымен өтті. Жиынға облыстың дін істері басқармасының басшысы Жанболат Сектай, «Әл-Машани» мешітінің имамы Асылхан Темірханов, облыстық білім басқармасына қарасты оқу-әдістемелік қолдау орталығынан Рахат Қазтаев арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.

 

Айта кетейік, аталған жинақтың тұсаукесері осыдан бір ай бұрын «Сеніммен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асановтың қолдауымен Астана қаласында өткен болатын. Бұл жолы арқа жұртына құнды еңбек таныстырылды. «Сенімен болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестіктің Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Индира Жанұзаққызы жиын барысында сөз алып, жинаққа тоқталып өтті.

 

– Қазақ халқының сан ғасырлық тарихына назар аударып, оны тарихи-философиялық тұрғыда зерделеуден өткізетін болсақ, онда бүгінге күнге дейінгі кезеңдерінің барлығы қатпар-қатпар қиындықтар мен қайшылықты кезеңдерге толы болғанын байқаймыз. Қазір өткен кезеңдер мен сол уақыттарда өмір сүрген парасатты тұлғаларды қадірлеуді үйренудеміз. Соған орай көптеген жұмыстар атқарылғаны баршамызға белгілі. Осы тарихи мүмкіндіктерді пайдалана отырып өз халқымыздың өнегелі тұлғалары өрнектеген рухани құндылықтарды әртүрлі қырларынан зерттеу мүмкіндіктері туындап отыр. Солардың бел ортасында, ақын, данагөй ағартушы, философ, көріпкел әулие, қазақ халқының асыл азаматы – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы тұр деуімізге толық негіз бар. Ақынның жинақтаған, өзінің шығармашылығынан туындаған өлең, жыр, дастандары ұрпақты адамгершілікке шақырып, ар-ұятты, мейірімді, иманды, адал болуға тәрбиелейді. Биыл осы ұйымның құрылтайшысы Нұркен Асановтың қолдауымен жарық көрген Мәшһүр Жүсіп атамыздың бес томдығын қабыл алыңыздар. Мәшһүр Жүсіптің шығармаларын жинақтап, бес томдық кітап ретінде дайындауға М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғалымдары сүбелі үлес қосты, – деді ол.

 

Жинақ 100 мектеп, 100 университет, 100 мешіт, 100 ауылды мекендерге тегін таратылады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button