Ресми

Мұржадан у шығып, Теміртау тұншығып…

Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері Қарағанды үшін әрдайым өзекті болып қала бермек пе? Өндірісті өңірдің айналаға тигізіп жатқан техногенді әсері, өкінішке қарай ұлғаймаса, кемімей тұр. Мәселен, 2022 жыл қорытындысы бойынша атмосфераға зиянды шығарындылар 481 мың тоннаны құраған. Ластаушы сарқындылар 323,8 мың тонна көлемінде. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Дархан Исжанов мәлімдеді.

Жасыратыны жоқ, Теміртаудың қолқасын қапқан улы қалдықтың дені – «АрселорМиттал Теміртаудың» үлесінде. 87% пайыз. Өткен жылы компанияның зиянды шығарындылары 201 мың тонна, Теміртау қаласы бойынша 231 мың тоннаны құрады. Зиянды қалдықтарды азайту жөніндегі Жол картасы шеңберінде кәсіпорынның ерікті түрде алған міндеттемелерін орындамағаны наразылық тудырды. Кәсіпорында экологиялық заңнаманы бұзудың өзге де өзекті мәселелері жетерлік. Тіпті, 800 тонна көлемінде кокс-химия өндірісінің қауіпті қалдықтарын заңсыз орналастыру фактілері тіркелген. Теміртау қаласының полиция басқармасы тарапынан қылмыстық іс те қозғалды. Жүргізілген тексеру шеңберінде кәсіпорынға қатысты эмиссиялар нормативтерін асырғаны үшін 5,8 млрд.теңге сомасына әкімшілік іс қозғалып, сот қарауына жолданды. Бұл жолы іс жүзінде көмуге жатпайтын қалдықтар бойынша өнеркәсіптік-тұрмыстық қалдықтар полигонын пайдалануға сот тәртібімен тыйым салынды.

Әлбетте, алпауыт өндіріс ошақтарының тыныс-тіршілігі – күнделікті бақылауда. Бұл мәселелерді біз түрлі деңгейлер мінберінен көтеріп келеміз. Нәтижесі – көз алдарыңызда. Енді, тек байыппен қоршаған ортаны қорғаудың қордалы түйткілдерін бірлесіп шешу міндеті түр. Экология департаменті облыс кәсіпорындарының эмиссияларын төмендетуге және Жол картасының, табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарын орындауға және «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жоспарының көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған жүйелі жұмысын жалғастырады, – деп атап өтті мекеме басшысының міндетін атқарушы Дархан Исжанов тілшілерге берген сұхбатында.

Баспасөз шарасы барысында спикер тілшілер қауымын толғандырған өзекті сауалдарға жауап берді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button