Бас тақырып

Мәртебесі артып, мерекесі нақтыланды

«Жақсы ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» дегенде мұғаліміңді туған анаңдай елестететінің рас. Балалық шақтан болашаққа жетелеген аяулы жанның әрбір сөзі санаңда сайрап тұрады, сағынып ойға аласың.

Ұстазды елеп ескерудің белгілі мерекесі болмағандықтан ба, құттықтауды жылда кейінге шегеріп, естен шығаратын едік. Биыл мұғалімге де нақты мереке бекітілді. Жақсы ұстаздың оқушы санасында мәңгі қалатыны секілді, 5 қазан – мұғалімнің мерейлі күні болып тарихқа енді.

Дүниедегі білім атаулының кілтін ашып, құпия сырына үңілген ұстаздардың мерекесін әлемнің 100-ден астам елі атап өтеді екен. Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілген 5 қазан – сондай-ақ елімізде «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздарын анықтайтын күн.

Деректерге көз жүгіртсек 2012 жылдан бері 620 ұстаз «Үздік педагог» атанған. Сондықтан 45 жыл ұстаз болса да 45 минуттық сабағына әзір жүретін білім саласының үздіктері қашанда марапатқа лайық. Қадірлі ұстаздар қызмет барысында кездесетін түрлі қиындыққа қарамастан, жұмыстарын аса жоғары деңгейде атқарып, басшылықтың, ата-ананың, қала берді оқушының көңілінен шығуға тырысып-ақ жүреді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 556 мың педагог еңбек етеді.

Соңғы жылдары білім саласында орын алған жағымды жаңалықтар ұстаз атаулыны қуанышқа кенелтіп, абыройын асқақтатты.

Мұғалімдердің мәртебесін асырған жағымды жаңалықтың төресі 2017 жылдан бері білім саласы қызметкерлерін бөгде жұмыстарға тартып, үй аралатуға тыйым салуы. Үкімет атааналардың сұранысына құлақ түріп, оқушыға «Әліппе» мен «Ана тілін» қайтарып берді. Оқулықтардағы қателер де түзетілді. Оған қоса ұлттық бірыңғай тестілеудегі олқылықтардың орны толды. Ақылы олимпиадалар өткізуге тыйым салынды.

Ал, 2019 жылдың жағымды жаңалығы – 21 баптан тұратын «Педагог мәртебесі туралы» заң. Соның ықпалымен соңғы жылдары мұғалімдердің еңбек жағдайы әлдеқайда жақсарып, жалақысы артты. Заңның аясында ұстаздардың лайықты еңбекақыларын алуына жағдай жасау, мұғалімдерді көлденең қоғамдық жұмыстардан босату қаралып, жаппай тексеру сынды мәселелер тоқтағаны қуантты.

Биыл 1 қаңтардан мектеп педагогтерінің жалақысы тағы 25%-ға өскені белгілі. Бүгінде жаңа жүйемен аттестаттау қорытындысы бойынша 217 мың (63%) мұғалім негізгі жалақыға қосымша ақы алып отыр.

Мұғалімдерден педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталғанын да ауыз толтырып айтамыз. Өзі сабақ беретін пән бойынша тек қана модератор мен сарапшыға ауысқан кезде ғана тестілеуден өтетін мұғалім үшін бұл тиімді болғаны рас.

Министрліктің алдағы уақытта білім беру ұйымдарының білікті және тәжірибелі басшыларын «Болашақ» бағдарламасымен 3-6 айға шетелге тағылымдамадан өтуге жіберуді қолға алғаны тәжірибе арттыруда тиімді бастама. Шетелді бәрінен бұрын мұғалім көргені жақсы, ол оқушыны бағалайтын маңызды адам дейтін ұстаздар бағдарламаның игілігін көруде.

Айта берсек мұғалімге айтылар айып, тағылар кінә көп. Кейде қоғам болып мұғалім еңбегін жоққа шығарып, жарға жығатынымыз бар. «Мектептің жүрегі» екенін естен шығаратын сәттер де аз емес.

Газет оқырмандарының басым көпшілігі ұстаздар қауымы болғандықтан, жылына бір келетін шуақты күнде ұстаздың беделі артқанын қалаймыз. Мұғалімдердің мерекесінде мәселесін ортаға салып көңілді түсіргенше, мәртебесін асқақтатқан жақсы.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button