Жаңалықтар

Мәртебенің көтерілуі – маңызды жетістік

Жаңадан қабылданған «Қазақстан Республикасының ардагерлер туралы» Заңында басқа да категорияларға енетін ел азаматтарымен қатар, тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа қатысушылардың назардан тыс қалып қоймағаны біз үшін аса жағымды жаңалық болды. Ақиқатын айтсам, бұл – әділдіктің орнығуы. Ал, әділеттің үстемдік құруы адамның жігерін жанып, өмірге құштарлығын арттыра түседі.Отан алдындағы міндетті әскери борышымызды өтеп жүрген өрімдей жап-жас кезімізде бітімгершілік миссияны жүзеге асыру жөніндегі мемлекеттік деңгейдегі тапсырманы орындайтын әскер құрамасының сапында болдық. Тағдыр айдап, тәжік-ауған шекарасы аумағында орын алған қанды қақтығыстың бел ортасында шайқасқа түсуге тура келді. Дәл сол сәтте «жан алысып, жан беріскен» аласапыранның ортасынан аман шығамыз деп ойламағанымыз анық еді. Дәм-тұзы таусылмағандар елге есен-сау оралдық, ал, шекарадағы тау беткейінде мәңгілік көзін жұмған көкөрім қаруластарымыз қаншама!

Мемлекет басшысы кеше ғана қол қойған «Қазақстан Республикасының ардагерлер туралы» Заңының бізге қатысты бабы көкейдегі көп күмәнді сейілтті. Бұл – маңызды жетістік. Сол қақтығысқа қатысқандардың барлығы дерлік дәл мен секілді ой түйеріне еш күмән келтірмеймін.

Өз азаматтарының ерлігі мен еңбегін лайықты бағалаған мемлекет пен Мемлекет басшысына айтар алғысым шексіз.

Дәйім, заман тыныш, ел іргесі бүтін болсын!..

Бауыржан ӘКЕЖАНОВ,

тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысушы.

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button