Ветеринария қызметкерлері күніне орай Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов ауданның ветеринария мамандары мен сала ардагерлерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Ауыл шаруашылығын ветеринар мамандарынсыз елестету мүмкін емес. «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген тәмсілді бәріміз жақсы білеміз. Адамның денсаулығы төрт түліктің түрлі дерттен аман болуымен тікелей байланысты. Сондықтан, азық-түлік пен тағам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сіздердің қызметтеріңіз ерекше, – деді құттықтау лебізінде аудан басшысы.
Жаңа мереке жануарлардың денсаулығы мен жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баға жетпес үлес қосатын ветеринар мамандар еңбегінің маңыздылығын атап өтуге арналған.
Соңғы онжылдықта Қазақстан Республикасының ветеринарлық қызметi ветеринария және тамақ өнiмдерi саласындағы тиiмдiлiк пен қауiпсiздiктi арттыруға бағытталған елеулi өзгерiстерден өттi. 2011 жылы құрылған Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті осы саладағы қызметті реттейтін және бақылайтын негізгі органға айналды.
Қазақстанның ветеринариялық қызметі АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінен, өңірлік және аудандық инспекциялардан, республикалық эпизоотияға қарсы жасақтан, республикалық ветеринариялық зертханадан, Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықтан, сондай-ақ, облыстық ветеринария басқармаларынан, ветеринариялық станциялар мен пункттерден құралады. Еліміздің барлық өңірлерінде Комитеттің аумақтық инспекциялары, аудандық ветстанциялары мен ауылдық ветпункттерді жұмыс істейді. Бұл ауылдық округтерден бастап, барлық деңгейде бақылау мен қадағалауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Соның ішінде, Қарқаралы ауданында ветеринария саласы бойынша аудандық ветеринарлық станция, аумақтық ветеринарлық инспекция, аудандық ветеринарлық зертхана қызмет жасайды.
Ветеринарлық бақылау және қадағалау қызметінің негiзгi мiндеттерi – жануарларды аурудан қорғау, халықтың денсаулығын сақтау, ветеринарлық-санитарлық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қоршаған ортаның ластануын болдырмау. Ветеринарлық препараттар мен жем-шөптің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау қызметтің маңызды бағыты болып саналады.
Мереке қарсаңында Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті республика бойынша өзінің аумақтық инспекцияларымен бірлесе отырып, халықтың ветеринариялық қауіпсіздік туралы білімін арттыруға бағытталған ауқымды шаралар ұйымдастырған болатын.
Ветеринар мамандарды аудан әкімінің орынбасары Б.Тоқмурзин, аудандық ветеринарлық станцияның басшысы А.Мержакупов және сала ардагері Қ.Әлиев арнайы құттықтап, игі лебіздерін білдірді.
Салтанатты жиында ветеринар мамандардың қоғам өміріндегі орны және ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызды қызметтері бағаланып, бірқатары Қарқаралы ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Аудан өнерпаздары әннен шашу шашты.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz